Үкімет жаңа сауда алаңын құруға кірісті

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2949

Қазақстанда көтерме-тарату орталықтары негізінде мамандандырылған электронды сауда алаңын құру көзделуде.

Үкімет жаңа сауда алаңын құруға кірісті

Жаңа алаң электронды сауда нысандарына, яғни кәсіпкерлерге төл сайттарын құруға, қолма-қол ақшасыз төлемдер жүйесін ендіруге, тапсырыс берілген тауарды жеткізу қызметіне жұмсайтын шығынын үнемдеуге мүмкіндік бермек.

Бұл жаңа ұйым автоматтандырылған электронды ақпараттық және есептеу жүйелерін пайдалана отырып, көтерме сауданы; сапаны ветеринарлық және фитосанитарлық бақылауды; өнімдерді қабылдау, түзету, бастапқы өңдеу және қаптау процестерін ұйымдастыру арқылы мәселен, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жекелеген түрлерін өткізуге жағдай жасайды.  

Әрине, отандық электронды сауда нарығы бос тұрған жоқ. 2018 жылдан бері 226 жаңа электронды сауда нысаны тіркеліпті. Бүгінде қазақстандық 1700-дей интернет-дүкен жұмыс жасайды. Олар арқылы сауда жасайтындар саны 1,5 миллион адамға жетті.

Қазақстанда электронды сауда нарығы 2018 жылы 269 миллиард теңгені құраған. Бір жыл бұрын бұл көлем 174 миллиард теңге ғана болатын. Әрине, бұл қаражаттың біразы AliExpress секілді халықаралық сауда алаңдарына кеткен. Бірақ ұлттық экономика министрлігінің сауда қызметін дамыту департаментінің директоры Айжан Бижанова журналистерге хабарлағандай, отандық ойыншылардың да буыны бекіп келеді.  

"Осыдан 5 жылдай бұрын ғана біз әуе билеттерін сатып алу үшін әуежайларға, билет сату желілеріне барып, кезекке тұратынбыз. Бүгінде ұшаққа билеттердің 99%-ы онлайн сатылады. Қазақстандықтар сондай-ақ интернетте кітаптарды, киімді, тұрмыстық техниканы белсенді сатып алады. Цифрлы технологиялар ғасыры өздерінің дара, ерекше дизайнерлік өнімдерін өндіретін бизнесмендер санатына да осы бағытта батыл өркендеуге жол ашты", – дейді Айжан Бижанова.

Дегенмен, "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы жобасының тұжырымдамасында бұл саладағы негізгі алаңдардың қызметіне мемлекеттің көңілі толмайтыны аңғарылады.

"OLX, SATU, krisha.kz, kolesa.kz және басқа да ақпараттық-жарнамалық электронды алаңдар сауданы жүзеге асырмайды, тек оферта орналастыру үшін өз алаңдарын ғана ұсынады. Ал өздерінің төл тауарларын немесе аффилирленген делдалдардың тауарларын саудалайтын lamoda.kz, wildberries.kz және басқа да интернет-дүкендер тауар жеткізу бойынша қосымша қызметтер ұсынып, қолма-қол және қолма-қол ақшасыз тәсілдермен есептескендерімен, Қазақстанның сауда қызметі саласындағы заңнамаға сәйкес, тек "сатушы" ретінде жауапкершілік арқалайды, тиісінше, сатушы ретінде құқықтарға ғана ие", – делінген құжатта. 

Ал "электронды сауда алаңы" сатушыларға да, сатып алушыларға да электронды сауда жасау үшін интернет-ресурс ұсынатын және тиісті инфрақұрылымды қамтамасыз ететін компания болмақ. Бұл алаң цифрлық технологияларды қолдана отырып, оларға өзара қызметтер көрсету бойынша келісімшарт бекітуге көмектесетін болады.

Басқаша айтқанда, интернет коммерция саласындағы қолданыстағы сервистер мен қосымшалардан айырмашылығы сол, жаңа алаң біріншіден, тұтынушыларға сатушы мен оның тауарын бағалауға мүмкіндік беруге, екіншіден, сатушыларға талап қоюға тиіс. Үшіншіден, тауардың жеткізілуін, төртіншіден, қолма-қолсыз сауда жасауды, бесіншіден, сатушы мен сатып алушының өзара есеп айырысуын қамтамасыз етуге міндетті.

Алтыншыдан және ең маңыздысы – бұл алаңның қожайыны отандық компания, Қазақстан резиденті болуы шарт. Әйтпесе, жоғарыда аталған саланың белді ойыншыларының бірқатары шетелден, Ресей мен Украинадан басқарылатыны жасырын емес.

Осы бағытта – логистикалық хабтар мен сұрыптаушы орлатықтар салу саласында алғашқы қадамдар да жасалуда. Мәселен, "Қазпошта" Алматы мен Астанада Фулфилмент орталықтарын құру жобасын іске қосты. Оларда тауарларды қоймалау, сақтау, сұрыптау, қораптау, тасымалдау қызметтері көрсетіледі. Мұндай орталықтар озық мемлекеттерде жеткізу мерзімін айтарлықтай қысқартуға, тасымалдау шығындарын азайтуға, жеке курьерлік пошталармен, интернет-дүкендермен және электронды алаңдармен бірге логистикалық үдерістердің аутсорсингін жолға қоюға, жалпы алғанда, шағын және орта бизнес жүргізуді жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Сонымен, мамандандырылған электронды сауда алаңын көтерме-тарату орталықтары (КТО) базасында құру көзделіп отыр. Ал КТО-ларды құру "Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасында" қарастырылған. Олар ауыл шаруашылығы өндірушілерінің сауда алаңдарына, сондай-ақ өнімдерді сақтау, қораптау, өткізу және тасымалдаудың технологиялық операцияларына қол жеткізуі үшін қызмет етпек.

Осылайша, КТО-ның негізгі мақсаты – өндірушілер мен бөлшек сауда сатушылары арасындағы делдалдар тізбегін қысқарту, бұған қажетті инфрақұрылымды құру болып табылады. Мемлекет осы арқылы бағаның қалыптасуындағы айқындылықты қамтамасыз етуге ниетті.

Бұл ретте КТО-ның анықтамасын және КТО-ға талапты белгілеу бойынша құзыретті бекіту мақсатында қолданыстағы "Сауда қызметін реттеу туралы" заңына толықтырулар енгізілуде.

"Өнім өндіруші мен сауда желісі арасында бір ғана ойыншы болуы қажет. Ол өндірушіден келіп түсетін өнімді сұрыптауды, қораптауды, өнімнің заманауи стандарттар бойынша сауда алдындағы дайындығын жүзеге асыруға қабілетті болуы керек. Дәл осы буынның – КТО-ның жоқтығы қазіргі уақытта екі тарап арасындағы салмақты кедергі болып тұр", – дейді сарапшы, кәсіпкер Дінмұхамед Әбсаттаров.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу