Әрбір бесінші кәсіпкер электронды сауда алаңын пайдаланады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
7376

Қазақстан нарығында 1700-ден астам интернет-дүкен жұмыс істейді.

Әрбір бесінші кәсіпкер электронды сауда алаңын пайдаланады

Ел үкіметі электронды сауда нарығын дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын жақсы білеміз. Тіпті, электронды сауданы дамытудың 2018-2020 жылдарға арналған жол картасы да бекітілді. 

"Жүргізілген жұмыстар өз жемісін беруде. Мәселен, 2018 жылы электронды сауда нарығының көлемі 2017 жылмен салыстырғанда екі есе ұлғайып, 269 млрд теңгені құрады. Интернет-сатып алушылардың саны екі есе артып, 2,3 млн адамға жетті. Жалпы, нарықта 1700-ден астам интернет-дүкен жұмыс істейді. Электронды сауданың жалпы бөлшек сауда айналымындағы үлесі 2,9 пайызды құрайды", – деді ұлттық экономика министрлігі сауда қызметін реттеу департаментінің директоры Айжан Бижанова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Департамент директорының сөзінше, еліміздегі әрбір бесінші кәсіпкер өз тауарын немесе қызметін өткізу үшін электронды сауда алаңдарын пайдаланады.

"Үкімет электронды сауда нарығын дамытуға көңіл бөлуде. Соның бір дәлелі – жаңа Салық кодексі шеңберінде электронды сауда жасайтын шағын және орта бизнес субъектілерін 2023 жылға дейін корпоративтік және жеке табыс салықтарынан босату. Бүгінгі таңда мемлекеттік кірістер комитетіне аталған жеңілдіктерді пайдаланатын 480-ге жуық электронды сауда субъектісі тіркелген", – деді Айжан Бижанова.

Еске сала кетейік, бүгінде "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерді интернетте бизнес құрып, жүргізуге үйретіп, кеңес беруде. Қазірдің өзінде 15 мыңға жуық шағын және орта бизнес өкілі арнайы мамандардан кеңес алған.

"Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларында "Қазпошта" базасында онлайн-саудаға оқыту, сервистік жүргізу және дайын интернет-дүкен құру қызметін көрсететін E-commerce орталықтары жұмыс істейді. Жыл басынан бері E-commerce базасында 1500-ден астам бизнес өкілі электронды бизнес ашу және жүргізу бойынша арнайы оқытылды", – дейді ұлттық экономика министрлігінің өкілі.

Айжан Бижанованың айтуынша, ел тұрғындары электронды сауда алаңдары арқылы негізінен құрылыс материалдарын, тұрмыстық техникаларды, ұялы телефондарды, косметикалық заттарды және киім-кешекті сатып алады екен. 

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу