Үкіметтің бүгінгі отырысына қатысқан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша, биыл 550 елді мекенді су басу қаупі бар. Әсіресе, Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарындағы елді мекендерге айтарлықтай қауіп төніп тұр. Министр Алматы облысының 75 және Шығыс Қазақстанның 76 елді мекені қауіпті аймаққа енгізілгенін айтты.
Бұдан бөлек, су басу қаупі бар аймаққа Қостанай облысының 52, Ақмола облысының 46, Ақтөбе облысының 35, Қарағанды облысының 33 және Қызылорда облысының 31 елді мекені енген. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының 18 және Павлодар облысының 14 елді мекенін су басу қаупі бар.
"Министрлік көктемгі су тасқыны кезіндегі төтенше жағдайлардың қаупін төмендету үшін жергілікті әкімдіктермен бірге кешенді жұмыстар жүргізуде. Бірақ өңірлер су тасқынына толықтай дайын деп айтуға болмайды", – деді Қалмұханбет Қасымов.
Министрдің сөзінше, былтыр жоспарланған 198 іс-шараның 33-і орындалмаған. Оның 21-і қаржының жоқтығынан жүзеге аспаған.
"Осының салдарынан жеті бөгет жөнделген жоқ. Бес гидротехникалық құрылғыға жөндеу жұмыстары жүргізілмеді. Үш өзеннің арнасы тазартылмай қалды", – деді ішкі істер министрі.
Жоспарланған іс-шараларды орындамаған облыстар арасында Түркістан өңірі "алда" тұр. Жаңа облыста мемлекеттік сатып алулардың жүзеге асырылмауынан 9 іс-шара орындалмаған. Алматы облысындағы үш іс-шараны орындау мерзімі 2019-2020 жылдарға ауыстырылған. Атап айтқанда, үш гидротехникалық құрылғы тазартылмаған. Сондай-ақ су басу қаупінің алдын алуға арналған жол картасындағы 9 іс-шара орындалмай қалуы мүмкін.
"Жергілікті атқарушы органдар елді мекендерден 3 млн текше метр қарды сыртқа шығарды. Мұз қопарғыш заттардың қоры жасақталуда. Ішкі істер министрлігі су тасқыны кезінде әрекет ететін арнайы топтарды әзірледі. Олардың құрамында 15 мың адам және 200-ден астам техника бар", – деді Қалмұханбет Қасымов.
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев облыс әкімдерін су тасқынына тыңғылықты дайындалуға шақырды. Оның сөзінше, биылғы су тасқыны кезеңі қауіпті болуы мүмкін.
"Қазгидромет"-тің мәліметінше, кейбір өзендердегі ылғал қоры қалыпты нормадан асып тұр. Қар да дүркін-дүркін жауып жатыр. Оның үстіне ақпанның үшінші онкүндігінде ауа температурасы көтеріледі деп күтілуде. Бәріне дайын болумыз керек", – деді премьер-министр.
Осы орайда Бақытжан Сағынтаев су тасқыны қаупінің алдын алуға және жоюға арналған жол картасының барынша сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл жұмысты үйлестіру ішкі істер министрлігіне тапсырылды.
Премьер-министр иесіз жатқан гидроқұрылғыларды коммуналдық меншікке беру жұмыстарын аяқтау керектігін айтты. Сондай-ақ су қорғау аймақтары мен белдеулерінде тұратын адамдар мен орналасқан нысандарды қауіпсіз жерге көшіру керектігін еске салды.
"Ішкі істер министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, су тасқыны маусымына қажетті күштер мен құралдардың толық дайындығын, қауіп төнген жағдайда халықты уақытылы хабардар етуді қамтамасыз ететін болсын. Төтенше жағдай болғанда шұғыл шара қолдану қажет", – деді Бақытжан Сағынтаев.
Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың баяндауынша, Қостанай, Қарағанды, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарындағы өзен бассейндеріндегі қардың қалыңдығы қалыпты нормадан асып тұр. Нақтырақ айтсақ, 10 пайыздан 110 пайызға дейін жетіп отыр.
"Ал Қарағанды облысындағы Шерубай-Нұра өзеніндегі, Ақмола облысындағы Шағалалы және Сілеті өзендеріндегі, Ақтөбе облысындағы Ілек өзеніндегі және Солтүстік Қазақстан облысындағы өзендердегі қардың қалыңдығы қалыпты нормада сақталып отыр. Сондай-ақ, Қарағандыдағы Кеңгір, Тоқырау, Сарысу өзендеріндегі, Ақмоладағы Жабай және Қалқұтан өзендеріндегі, Қостанайдағы Торғай өзеніндегі қардың қалыңдығы қалыпты нормадан төмен", – деді Қанат Бозымбаев.
Энергетика министрі атап өткендей, жайылма өзендердегі судың көтерілуі наурыздың үшінші онкүндігінде басталып, сәуір айының үшінші онкүндігіне дейін жалғаспақ.
Фархат Әміренов