96 мың павлодарлық салық төлемей жүр

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
17683

Қарыз арқалап жүрген өңір тұрғындары салық органдарына 691 млн теңге қайтаруы керек. 

96 мың павлодарлық салық төлемей жүр

Қазақстанда жеке тұлғалар негізінен салықтың үш түрін төлейді. Олар – көлік салығы, мүлік салығы және жер салығы. 2020 жылдың 1 қаңтарындағы ресми дерекке сүйенсек, Павлодар облысының тұрғындарының аталған үш салық бойынша берешегі 691 млн теңгені құраған. Яғни, өткен жылдың қорытындысы бойынша 96 мың адам салық төлемеген.

Павлодар облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары басқармасының басшысы Галина Бирюкованың айтуынша, қарыздың көп бөлігі көлік салығы бойынша жинақталған. Көлік иелері 589 млн 100 мың теңге көлемінде қарыз арқалап жүр. Бұл жалы қарыздың 90 пайызын құрайды. Ал берешегі бар көлік иелерінің нақты саны – 19 мың адам.

"Мүлік салығы бойынша жинақталған қарыз көлемі 72 млн теңге. Бұл ретте, облыстың 41 мың тұрғыны аталған салықты төлемеген. Жер салығы бойынша 36 мың адамның берешегі бар. Олар 29,5 млн теңге көлемінде салық төлемеген", – деп нақтылады Галина Бирюкова.

2019 жылы салықтық қарызы бар жеке тұлғаларға амнистия жарияланған болатын. Бес айға созылған акция аясында 35 мың салық төлеуші мүмкіндікті пайдаланып, қарызынан құтылған. Мемлекет олардың 237 млн теңге көлеміндегі салықтық қарызын кешірді.

Жергілікті салықшылар облыстық полиция департаментімен бірлесіп қала көшелерінде арнайы рейд ұйымдастырып тұрады. Мақсат – көлік құралдарының мойнында салықтық қарыздың бар-жоғын анықтау. Бар болса, сол жерде жедел шара қолдану. Мәселен, жыл басынан бері ұйымдастырылған сондай рейдтердің нәтижесінде үш көлік айыптұраққа алынған. Ал 52 жүргізуші 2,5 млн теңге көлеміндегі салықтық қарызынан құтылған. Берешекті өндіріп алу жұмыстары одан әрі жалғаса бермек.

Еске сала кетейік, былтыр салықтық берешегі бар шағын және бизнес субъектілері үшін де амнистия жарияланған болатын. Аталған акцияа 3200 павлодарлық кәсіпкер жатқызылған еді.

"Мемлекет амнистия аясында 2018 жылдың 1 қазанына дейін жинақталған салықтық қарызы бар кәсіпкерлердің негізгі берешекті төлеген жағдайда олардың айыппұлы мен өсімпұлын кешіруге тиіс еді. Амнистияға іліккен павлодарлық салық төлеушілердің 60 пайызы, яғни 1860-ы акцияны тиімді пайдаланды. Олар 583 млн теңге көлеміндегі негізгі берешектерін төледі. Тиісінше, мемлекет олардың 7,5 млн теңге айыппұлы мен 160 млн теңге өсімпұлын есептен шығарды", – деді Галина Бирюкова.

Айтпақшы, осы жылдың қаңтар айынан бастап елімізде бизнесті тексеруге мораторий жарияланды. Тек, сыбайлас жемқорлық белгілері анықталған жағдайда ғана салықтық тексерістер жүргізіледі.

Мамандар Павлодар облысы жаңа әкімнің тағайындалуынан кейін салық саясатындағы жұмыстарды мұқият жүргізіп, оң нәтижелерге қол жеткізеді деген сенімде. Өйткені, облыстың тізгінін ұстаған Әбілқайыр Сқақов – тәжірибесі мол салықшы. Ол 20 жылдан астам уақыт бойы салық органдарында жұмыс істеген. Соңғы атқарған қызметі де осы саламен тікелей байланысты. Ол облыс әкімі болып тағайындалғанға дейін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі қаржы мониторингі комитетінің төрағасы болып еңбек етті. Демек, Әбілқайыр Сқақов жетік білетін саласынан шашау шығармасы анық.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу