АДБ шағын және орта бизнеске теңгемен қарыз береді

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
3437

Жақын күндері алғашқы транштың 8,9 млрд теңгесі қазақстандық серіктес-банктерге түседі.

АДБ шағын және орта бизнеске теңгемен қарыз береді

Азия даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің директоры Джованни Капаннелли баспасөз мәслихатында таяуда қол қойылған келісімге түсініктеме бере отырып, АДБ мен "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ-ның бірлескен жаңа жобасы микро-, шағын және орта бизнес кәсіпорындарын  жалпы 72 млрд теңге мөлшерінде қаржыландыратынын, бұл ақша жергілікті қаржы мекемелері арқылы бөлінетін айтты.

"Бастапқы кезеңде үш банкпен (ЦентрКредитБанк, Нұрбанк, Kassa NovaБанк) және "ҚазМикроҚаржы" микрокредиттік мекемесімен жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз", – деді ол.

"Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дәулет Әбілқайыров қарыз бойынша мемлекеттік кепіл ұсынылғанын атап кетті. Жалпы қарыз теңгемен беріледі, сондықтан РЕПО аясындағы валюталық тәуекелін Ұлттық банк өз мойнына алады. Микро-, шағын және орта бизнестің атынан түпкілікті қарыз алатындар үшін қарыз бойынша ең ұзақ мерзім 36 айдан аспайды, сондықтан АДБ мен Ұлттық банк бұл кезең аяқталғанда теңге бағамының құбылмалығы шамалы ғана болады деп отыр.

"Осы жоба аясында өңірлердегі микро-, шағын және орта бизнеске несие беру басты назарда болады, сондай-ақ өңірлердегі әйелдер бизнесін дамытуға көңіл бөлінеді. Ұлттық банктің ынтымақтастығы арқасында Азия даму банкінің қарызы ұлттық валютада беріледі. Бұл біздің кәсіпкерлерге валюталық тәуекелді болдырмайды. Яғни банктер мен микроқаржылық ұйымдарда ақша теңгемен орналастырылады, ал қарыз алушылар қарызды теңгемен алып, теңгемен жабады. Азия даму банкі қаржыландырудың 8 млрд 885 млн теңге сомасындағы алғашқы траншын жақын күндері түсіреді деп болжанып отыр. Бұл ақша түскеннен кейін бірден екінші деңгейлі банктерге орналастырылады", – деді Дәулет Әбілқайыров.  

Бұған дейін қаржыландырылған өтінімдердің жалпы пулы негізінен өңдеу, сауда, қызмет көрсету саласы, құрылыс пен өндіріс  секторының жобаларына салынған.

"Бүгінгі күні қор "ЦентрКредит" және "Нұрбанк" АҚ-пен кредиттік келісім жасаған. Жақында "Kassa Nova Банк" және  "Fortebankпен" сондай-ақ KMF микроқаржылық ұйымымен жалпы сомасы 48 млрд теңге болатын келісім жасайды", – деді "Даму" қорының орынбасары.  

Кредиттік келісімнің шарты бойынша банктер бұл ақшаны барлық саладағы микро-, шағын және орта  кәсіпкерлікке шектеусіз несие беруге жұмсауға тиіс, сондай-ақ бұрын басқа банктердің берген кредитін қайта қаржыландыруға  рұқсат етіледі. Бір қарыз алушыға берілетін лимит 1 млрд 80 млн теңге. Сонымен қатар қарыз алу үшін сыйақының номиналдық мөлшерлемесі нарықтық болады. Қарыз 36 айға беріледі. 

"Қаржыландырылған жобаларды іске асыру нәтижесінде 2300-ден астам жұмыс орны құрылады. Алдын ала болжам бойынша, микро-, шағын және орта бизнес субъектілерін қаржыландыру үшін берілетін кредит, оның ішінде әйел-кәсіпкерлерге берілетін кредит 21 млрд теңгеге жетеді деп жоспарлануда. Яғни 2900 қарыз алушы бизнесті дамытуға ақша алады, сонымен қатар 450 млрд теңгеден артық сомаға тауар шығарылады деп отырмыз", – деді ол. 

Дәулет Әбілқайыров abctv.kz-ке екінші деңгейлі банктер мен микроқаржылық ұйымдардан берілетін кредит бойынша түпкілікті мөлшерлеменің қандай болуы мүмкін екенін айтты.

"Барлық халықарлық институттардың басты шарты – шағын және орта бизнесті дамытуға берілетін қаражат қандай да бір мөлшермен шектелмеуге тиіс. Бұл ретте нарық мөлшерлеменің өзін реттейді. Ұлттық банк талаптарына сәйкес, мөлшерлеме базалық мөлшерлеменің жартысынан, яғни жеті пайыздан  аспау керек. Содан кейін бұған екінші деңгейлі банктердің пайыздық мөлшері қосылады. Сонда мөлшер шамамен 15% болады. Айтып кеткенімдей, "Бизнестің жол картасы –2020" бағдарламасы пайыздық мөлшерді субсидиялауды қарастырып отыр, яғни  егер қарыз алушы қалада болса, жеті пайызы, ал ауылдық жерде болса, онда 10%-ы субсидияланады. Егер сіз кәсіпкер ретінде өз ісіңізді микро-, шағын және орта бизнес деңгейінде ашатын болсаңыз, онда сіздің мөлшерлемеңізді мемлекет тағы 10%-ға субсидиялайды. Ақыр-соңында сіз кредитті жылдық 5% мөлшерінде аласыз. Бұл инфляцияның өзінен аз", – деді ол.   

"Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ басқарма төрағасының орынбасары барлық ақша теңгемен берілетінін, сондықтан қарыз алушы үшін ешқандай валюталық  тәуекел мен міндеттеме жоқ екенін еске салды.

"Мемлекеттік кепілді ұсынудың есебінен қарыз алушы барлық көмекті алады және бұл ақша өте маңызды болып саналады", – деді Дәулет Әбілқайыров.

"Айналым бағамының тәуекелі мен теңгеде қаржыландыру былтырғы жылы Ұлттық банкпен жасалаған келісімге сәйкес жүзеге асып отыр", – деп пікір қосты  Джованни Капаннелли.

"Даму" қоры АДБ-мен 2011 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. 2011 жылы "Даму" қоры АДБ-дан 500 млн доллар қарыз тарқан, ақша мемлекеттің кепілімен үш траншта (2011, 2014 және 2015 жылы) берілді.

"Қазіргі таңда бұл ақшаның барлығы игерілген. Үш траншта Қазақстан Республикасының экономикасына салынған. Осы орайда бірінші траншты "Даму" қоры АДБ-ға 2016 жылдың тамызында тиісті мерзімінде төлегенін айтуымыз керек. Қор 150 млн доллар төлеген, теңгеге шаққанда бұл 22,2 млрд теңге", – деді Дәулет Әбілқайыров. Екінші және үшінші траншты 2019 және 2020  жылдары қайтару көзделіп отыр.

Бірлескен жоба нәтижесінде 210,9 млрд теңге көлеміндегі екі мың жоба қолдау көрді. Қарыз қайтарылғаннан кейін қайтадан жаңартылған кредит түрінде берілді.

"АДБ-ның берген қаражаты үш рет жаңартылған кредит ретінде берілді", – деп атап кетті қор басқармасы төрағасының орынбасары.

Отандық кәсіпкерлерді қолдауды ұлғайту мақсатында "Даму" қоры Еуразиялық қайта құрылымдау және даму банкімен, сондай-ақ Еуропалық инвестициялық банкпен және "Al Hilal" исламдық банк" АҚ-пен жұмыс істейді.

АДБ-ның "Даму" қорымен жасаған микро-, шағын және орта бизнес кәсіпорындарының тұрақтылығын қолдауға қарыз беру туралы соңғы келісімі қазан айында жасалған.

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу