Аграрлық саладағы импорттың үлесін қалай азайтуға болады?

3592

"Атамекен" ҚР ҰКП Мәжіліс депутаттарының алдында бір жылғы жұмыстарының есебін берді.  

Аграрлық саладағы импорттың үлесін қалай азайтуға болады?

"Атамекеннің" сарапшылық пікірінсіз, бағалауынсыз көптеген заңнама қабылданбайды. Біздің жұмыс топтарымызда Палата мамандары үнемі талқылауға қатысады. Бүгінгі нарықтық экономика жағдайында кәсіпкерліктің маңызы зор. Кездесу басталмай тұрып Палата басшысы Тимур Асқарұлы екеуміз 9 негізгі бағытты қамтитын 2020 жылға арналған ынтымақтастық туралы меморандумды жүзеге асырудың Жол картасына қол қойдық", – деді кездесуді бастаған ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Аталмыш жол картасы мынадай бағыттарды қамтиды:
1. Бизнесті қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
2. Салық-бюджет саясатын жетілдіру
3. Мемлекеттік сатып алу, отандық тауар өндірушілерді қолдау
4. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі және жер қатынастары саласындағы мәселелерді шешу
5. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік саласындағы мәселелерді шешу
6. Аймақтық даму (ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту)
7. Тұтынушылар алдындағы бизнес жауапкершілігін күшейту 

"Атамекен" ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев депутаттарды Палатаның жалпы қызметімен, жобаларымен таныстырды. Оның ішінде тұтыну несиелері, нақты сектор, саналы протекционизм, маман даярлау, т.б. мәселелер қамтылды.

Палатаның басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев өз баяндамасын ауыл шаруашылығындағы несие мәселесіне арнады. Ол "ҚазАгро" арқылы қаржыландыру көлемі өсіп, 2-деңгейлі банктер арқылы қаржыландыру 3 еседей төмендегенін атап өтті.

Спикердің пікірінше, ауыл адамдарына арналған агрокомпетенция орталықтарының маңызы зор. Технологияны сақтау секілді қарапайым да қажетті машықтарды шаруаларға үйретудің маңызы артып отыр.

"Саладағы импорт мәселесі толғандырады. 2009-2019 жылдары 8 млрд доллардың өнімі сырттан алынған. Еліміз аграрлық мемлекет бола отырып, азық-түлікті сырттан аулға мәжбүрміз. Мұндағы сүт өнімдерінің үлесі – 32,3%. Біздің есебімізше, аграрлық салаға 654 млрд инвестиция салынып, 400 млрд субсидия бөлінген жағдайда, импорттың орнын жабуға болады. Нәтижесінде 275 млрд теңге елде қалады", – деді Эльдар Жұмағазиев.

"Атамекен" өкілі мұғалімдер мәселесін де көтерді. Оларға артылатын жүктеме де, сондай-ақ, зейнет жасы да ұлғайып келе жатқандықтан, айлықты өсіру қажет екенін айтты. Ол, сондай-ақ, педагогикалық оқу орындарынан шыққан түлектердің 65%-ы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтінін тілге тиек етті. Аграрлық мамандыққа оқыған студенттердің 89%-ы да ырзығын басқа саладан тауып жүр.

Баяндамашы нарыққа қажет мамандықтардың теңгерімсіздігіне тоқталып, Ақтөбе облысындағы жағдайды мысалға келтірді. Өңірде 300 тракторшы қажет болғанымен, бір жылда 53 маман даярланған. Ал аспаздар, керісінше, сұраныстан артық даярланған.

"Атамекен" еңбек нарығына сауалнама жүргізу арқылы 35 мың компанияның пікірін білген екен. Отандық кәсіпорындарға биыл – 52 мың, 2020 жылы – 38 мың, 2021 жылы 35 мың маман қажет. Колледждерді салаға жіктеп, мемлекеттік тапсырысты бөлу кезінде осы деректер ескерілмей отыр. Кәсіпкерлерді қолдау бойынша "Бір терезе" қағидаты бойынша қызмет көрсету мөлшері 2 есеге түсті. Қаржылай емес қолдау бағытында "Бизнеске арналған үкімет" бірыңғай қызмет көрсету сервисінің келешегі зор. 26984 мекеме ашылды, 45 мың жоба пайда болып, 841 млрд салық төленді", – деді Эльдар Жұмағазиев.

"Атамекен" қолға алған тағы бір жоба – Субъектілер скринингі. Ауылдарға басымдақ бере отырып жүргізілген мониторинг пен сауалнама аясында 4 миллион респондент, 2,8 миллион жеке шаруашылық сараптаудан өтті. Енді осы бағыт бойынша "Атамекен" өңірлік бағдарламалар дайындауды қолға алмақшы. Келесі жылдан бастап, бұл нәтижелерді смартфондағы арнайы қосымшадан көруге болады.

Эльдар Жұмағазиев баяндамасынан кейін депутаттардың сауалдарына жауап берді. Арнайы экономикалық аймақ, индустриялық аймақ, бизнестің жол картасы және тағы басқа мәселелер бойынша өзекті сұрақтар қойылып, толымды жауап берілді.  

Ал Палата төрағасы Абылай Мырзахметов депутаттардың "Бастау" жобасына қатысты сауалдарына жауап берді.

Бүгінде жоба аясында жұмыссыздар мен өзін-өзі қамтушылардың 60%-ы бизнес-жобаларын тұрақты тқоғап келеді. "Атамекен" Үкімет қойған 20%-дық индикаторды 27-ге жеткізген. Абылай Мырзахметов салаға бөлінетін шағын несие көлемін  арттыру қажеттігін атады. Сол арқылы өз ісін бастағандардың үлесін арттыруға болатыны да айтылды. "Бастау" арқылы бизнестің әліппесін меңгеріп, ісін бастаған 26 мың адамның 93%-ы бүгінде салық төлеп отыр.

Сөз соңында ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин "Атамекен" басшылығына алғыс білдіріп, палата жұмысына оң баға берді. Келешекте аталған жобалар бойынша бірлескен жұмыстар жалғасын таппақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу