Аграрлық саланың жаңа бағыттары сараланды

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
4119

Ғылымға көңіл бөлмесе, агросектордың жұмысы алға жылжымайтынын ауылдағы ағайын білу керек.

Аграрлық саланың жаңа бағыттары сараланды

ҚР парламент мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитеті төрағасы Сапархан Омаров "ауыл шаруашылығы ел экономикасының драйверіне айнала алмай отыр" деген көзқараспен келіспейді. Ол бұл туралы Алматыда өткен "Агроөнеркәсіптік кешен саласына білікті маман даярлау және ауылшаруашылық өндірісіне IT-технологияларды енгізу" жиынында кесіп айтты.

Мәжіліс депутатының пайымдауынша, агросекторда экономиканы алға сүйрейтін барлық мүмкіндік бар. Агросала бұл мүмкіндікті өз деңгейінде пайдаланып отыр. Себебі бұл салада дамуға жол ашатын мықты база бар.

"Аграрлық мәселелер комитетінің көшпелі отырысы "Қазақ ұлттық аграрлық университетінің" ғылыми-тәжірибелік базасында өтуде. ЖОО-да білім-ғылым мен тәжіибені ұштастыруға мүмкіндік беретін орталық қалыптасып отырғанын көзімізбен көрдік. Батыс елдерінде енді тәжірибеден өтіп жатқан сынақтар біздегі жоғары оқу орындарының зертханаларында әлдеқашан сынақтан өткеніне сіздер де куә болып отырсыздар. Енді ауылды дамытуға тікелей ықпал ететін жобалардың ауылға жетуіне жағдай туғызу керек", – деді комитеттің төрағасы Сапархан Омаров.

Депутат агроөнеркәсіп кешені саласына білікті маман даярлау және ауылшаруашылық өндірісіне ІТ-технологияларды енгізуге елімізде жағдай қалыптастырылғанын сеніммен айтып отыр.

"Бүгін көшпелі жиын өтіп жатқан университетте еліміздегі топырақ құнарлығы мен жайылымдық жерлердің жағдайын бақылайтын инновациялық орталық жұмыс істейді. Мұнда геодезиялық технология арқасында егін және мал шаруашылығына қажет жерлердегі табиғи өзгерістер, су тасқынының алдын алу жайындағы болжамдар жасауға болады" –дейді депутат.

"Алматы мен Астананың ғылыми орталарында өмірге келген жобалардың игілігін ел қашан көреді" деген мәселе өзектілігін жойған емес. Алматыдағы "Қазақ ұлттық аграрлық университеттің" базасында ауыл шаруашылығы өнімдерінің құрамына сараптама жасайтын орталықтың бар екенін алматылықтардың бәрі біле бермейді екен. Былтыр қала тұрғындарының бірі Алматының көшелерінде сатылатын қарбыз бен супермаркеттерде сатылатын қарбыз құрамына сараптама жасауды өтініпті. Нәтижесінде, Алматының ір сауда үйлерінде сатылатын қарбыздағы гербицид мөлшері көшеде сатылып жатқан қарбызбен салыстырғанда 17. 5 пайызға көп болып шыққан.

"Мұндай орталықтар тек ЖОО базасында емес, ауылда болу керек. Ауылда бау-бақша өнімдерінің құрамына сараптама жасайтын орталықтар аз. Бұл фактор оларға өз өнімдерін делдалсыз, сауда орталықтарына көтерме саудамен өткізуге кедергі келтіреді. Бұл уақытша фактор. Жақын болашақта ауылдағы әрбір агрокешен жанында өнім сапасын жақсартумен айналысатын шағын орталықтар ашылатын болады. Ғылымға көңіл бөлмесе, агросектордың жұмысы алға жылжымайтынын ауылдағы ағайын білу керек", – дейді Сапархан Омаров.

ҚазҰАУ ректоры, ҰҒА академигі Тілектес Есболов университетте халықаралық студенттік тәжірибе алмасулар, жас ғалымдар конференциялары, жазғы және қысқы мектептер және стартап-жобалар байқаулары жиі ұйымдастырылатынын айтты. Тек биылдың өзінде 200 стартап жобасы ұсынылды. Былтыр университет ғалымдары ауылшаруашылық өндірісіне енгізуге арнап 25 монография, 39 ұсыныс шығарып, патент алуға 24 оң шешім берілді. 1074 ғылыми мақала, соның ішінде импакт-факторы бар 70 мақала жарық көрді. Биыл байқауға қатысуға 112 өтінім берілген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2 есе көп екен.

"Ауылшаруашылық мамандықтарын дайындауда еліміздегі 3 жетекші ЖОО-мен аймақтарда 20 оқу орны білім береді. Оның 7-еуі жекеменшік. Аграрлық секторға мамандар дайындау үшін гуманитарлық және басқа да профильді емес оқу орындарында мынадай мамандықтар бойынша дайындайды: "Ветеринарлық медицина", "Ветеринарлық санитария", "Мал шаруашылығын өнімдерін өндіру технологиясы", "Су ресурстары және суды қолдану", "Жерге орналастыру" және тағы басқа. Көптеген жоғары оқу орындары мамандарды дайындауға тиісті инфроқұрылымдары мен тиісті ғылыми мектебі жоқ", – дейді Тілектес Есболов.

Ректордың пайымдауынша, бұл фактор мамандар дайындау сапасын төмендетеді. Ресми есеп бойынша қазіргі таңда еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің 80 пайызы білікті мамандарға мұқтаж. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығына инновациялық технологияларды игерген, білімді де білікті жастарды көптеп тартуымыз қажет.

"Біз аграрлық ғылым, білім және өндірісінің және аграрлық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының интеграциясын дамыту үшін күш пен мүмкіндікті жұмылдыруымыз керек. Мен білім, ғылым және өндіріс саласында бірігіп, ынтымақты жұмыс істеудің тиімді бағыттарын табатынымызға сенемін. Бүгінгі күні ауылда ауылшаруашылығын жақсы білетін экономистер, бухгалтерлер, менеджерлер тапшылығы сезіледі. Бұл мамандарды аграрлық ЖОО-да дайындау керек", – дейді Тілектес Есболов.

Тілектес Есболов осы ретте аймақтардағы агроөнеркәсіп кешендерімен байланыстың жолға қойылғанын айтты. Ауылда бау-бақша өсірумен айналысатын орталықтар бау-бақша дақылдарының түрін жақсарту туралы туралы ұсыныстарын білдіріпті.

"Енді сондай ұсыныстарды жүйелейтін, соның заңнамалық, қаржылық базаларын қалыптастыратын кез келді", – дейді Тілектес Есболов.

Көшпелі отырыстың университеттегі жиынынан соң Аграрлық комитет мүшелері мен ғалымдар Алматы облысы аумағында орналасқан "Amiran" Қазақ тағамтану академиясының зауытына, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына, Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына және басқа да шаруашылықтарға арнайы барып, мамандармен, агробизнес өкілдерімен кездесіп, ортақ мәселелерді шешудің тиімді жолдарын талқыламақ. Жиын қорытындысы бойынша "Агроөнеркәсіптік кешен саласына білікті маман даярлау және ауылшаруашылық өндірісіне IT-технологияларды енгізу" бойынша нақты ұсыныстар әзірленіп, тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын болады.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу