АХҚО биржасы жыл қорытындысын шығарды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3726

Астаналық халықаралық биржаның елге не әкелгені анықталды.

АХҚО биржасы жыл қорытындысын шығарды

"Астана" халықаралық қаржы орталығының биржасына келген инвесторлар саны 2018 жыл қорытындысында 60 мыңнан асты.

Мемлекет басшысы АХҚО биржасындағы алғашқы сауда-саттықты былтырғы 14 қарашада салтанатты түрде бастап берген болатын.

Сарапшылар содан бері AIX (Astana International Exchange) қарқыны бәсеңдеп қалғанын айтуда.

Бұған жауап ретінде астаналық халықаралық биржа 2018 жылғы қызметінің қорытындыларын ұсынды.

Сонымен, былтырғы екі ай ішінде АХҚО биржасында мынадай құнды қағаздардың саудасы жүріпті. Атап айтқанда, АІХ жұмысы "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясының жай акциялары мен жаһандық депозитарлық қолхаттарын саудалаудан бастау алғаны мәлім. Бұдан бөлек, Қазақстанның қаржы министрлігі ол арқылы еліміздің еурооблигацияларын сатқан.

Сонымен қатар "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" АҚ-ның корпоративтік облигациялары AIX алаңында листингтен өткен.  

Бұл ретте төрт компания елордалық биржа арқылы өздерінің борыштық бағалы қағаздарын жеке орналастыруды жүзеге асырған. Олардың арасында "Қазақтелеком" АҚ, "Самұрық-Қазына" жылжымайтын мүлік қоры" АҚ, "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ және "Қазақстан Ипотекалық Компаниясы" ИҰ" АҚ-ы бар.

Бұдан басқа, "Шұбаркөл Көмір" компаниясы және "Қазхром" ТҰК" АҚ компанияларының бағалы қағаздары "pre-IPO" санатына енгізілді.

Жалпы, қазіргі кезде мұнда 13 брокерлік компания, соның ішінде 2 ірі халықаралық компания AIX-ке сауда мүшелері болып кірді. AIX бағалы қағаздардың орталық депозитарийіне (AIX CSD) екі кастодиан банк – "Сбербанк" және "ЦентрКредит банкі" мүше болды. Сондай-ақ, 2018 жылы AIX CSD-де 60 мыңнан астам инвестор үшін шоттар ашылыпты.

AIX басқарма төрағасы Тим Беннетт АХҚО биржасы өз қызметінің алғашқы жылында бірнеше маңызды кезеңдерден өткенін айтады.

"Нақтырақ тоқталсақ, халықаралық инвесторларға көзтаныс реттеуші ортаны, сондай-ақ жергілікті және халықаралық брокерлердің экожүйесін құрды. Жекешелендірудің мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде құнды қағаздары сатылған ұлттық атом компаниясының ІРО-сын өткізу үшін алаң ұсынды. Сонымен бірге, жергілікті және халықаралық инвесторлар тарапынан "Қазатомөнеркәсіптің" қағаздарына айтарлықтай қызығушылықты қамтамасыз етті. Ол құнды қағаздардың кейінгі өтімділігі де осыны айғақтайды. Қазір жоғары технологиялық инфрақұрылым толыққанды жұмыс істейді. Бір жылдан аз уақыт ішінде Қазақстан әлемдік деңгейдегі биржаны құруға қол жеткізді", – деді Тим Беннетт.

Ол болашақта да Қазақстанда қалып, еліміздің капитал нарығын дамыту жөніндегі жұмысты жалғастыруға ниетті екенін мәлімдеді.

Өз кезегінде АХҚО биржасы өзіндегі сауда-саттықтардың бірқатар нәтижелерін жария етті. ІPO өткізу басталғалы бері "Қазатомөнеркәсіптің" жай акциялары бойынша айналым 3,3 миллиард теңгені құрады. Бұл жерде биржада 2 мың 359 мәміле жасалып, 697 047 акция сатылған.

Осы кезеңде "Қазатомөнеркәсіптің" жаһандық депозитарлық қолхаттарына қатысты шамамен 582,3 мың доллар сомаға 77 мәміле жасалды, 46 503 құнды қағаз өткізілген.

Дегенмен, мамандар қазақстандық қаржы орталығы мен оның биржасына инвесторлардың үлкен көңіл бөлмей отырғанына назар аудартуда. Нәтижесінде, қазіргі кезде әлемдік қаржылық орталықтардың рейтингінде (Global Financial Centres Index) АХҚО 100 орталықтың бірінші жартысында да жоқ, тек 61-ші орында тұр. Рас, әділін айту керек, кезінде АХҚО бұл рейтингте өз тарихын 88-ші орыннан бастаған болатын.

Қалай болғанда, 29 мыңнан астам бағалаулар мен 100-ден көп макроэкономикалық көрсеткішті ескеретін GFCI жаһандық қаржы орталықтарының жұмысының сапасын көрсететін бірегей құрал саналады және инвесторлар шешім қабылдау кезінде соны кеңінен пайдаланады. Демек, ол рейтингте ең болмағанда, "елулікке" кірмей, бұл биржа елеусіз, алпауыттар көлеңкесінде қала беруі ықтимал.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу