AIX биржасы отандық қор нарығына дем берді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2774

Астана халықаралық қаржы орталығының биржасы алғашқы сауда-саттықтары нәтижесінде-ақ 503,3 миллион доллар қаржы әкелді.

AIX биржасы отандық қор нарығына дем берді

Қазіргі кезде Қазақстанның капитал нарығы қаржы дефицитін бастан өткеруде. Қаржыгерлердің дерегінше, акциялар мен облигациялар нарықтарының капиталдануы ЖІӨ-ге шаққанда тиісінше небары 31,6% және 15,4%-ды ғана құрайды. Салыстыру үшін айтсақ, бұл дамыған елдердегі қалыптасқан деңгейден әлдеқайда төмен: оларда орташа алғанда бұл көрсеткіштер акциялар нарығы бойынша 40–45%-ға, ал облигациялар нарығы бойынша 130–135%-ға тең.

Қазақстанда да "күйлі" кезеңдер болған. Мәселен, тіпті алдыңғы дағдарыстарда, 2007–2008 жылдары акциялар нарығының капиталдануы 64,2% және 71,6%-ға дейін жеткен.

Бұл "таяқтың" екінші ұшы бар. Отандық қор нарығында сапалы және өтімді-ликвидті құралдардың жетіспеушілігі проблемасының өткір тұрғаны сонша, бұл инвесторлардың оған деген қызығушылығын жоюда. Соның салдарынан өз кезегінде компаниялар мен бизнес те KASE-ні капитал тартуға арналған пәрменді тетік ретінде қарастырмайды. Олар амалсыздан өзге елдерге жүгінуге мәжбүр. Сарапшылар отандық кәсіпкерлер мен компаниялар үшін Лондон мен Мәскеу қор биржасы қаржы іздеудің баламалы көзі болып отырғанын атап өтеді. Өйткені айталық, инвесторға аяқ астынан бір жобаға 20 миллион доллар қажет бола қалса, оны ол елдегі қордан таба алмайтын. Жағдайды жаңа қор өзгерте ме деген үміт бар.  

Мәселен, сарапшы Денис Кривошеев KASE биржасы қарапайым айырбастау бекетіне айналып кеткенін қынжыла айтады.

Капиталдың жергілікті нарығы жоғары шоғырлануын және теңгерімсіз болуын жалғастыруда: ондағы бүкіл сауда көлемінің 97,6%-ы немесе  10 триллион теңгесі валюта айырбастаумен байланысты операциялар мен РЕПО мәмілелері есебінен қалыптасады. Ал құнды қағаздар нарығы өтімсіз күйде қалуда және оларға қатысты сауда-саттық көлемі 2,4%-ды және 250 млрд теңгені ғана құрайтын көрінеді.

Ал АХҚО биржасының жайы бөлек. Онда техникалық және реттеуші сипаттағы әлемдегі ең үздік әрі тиімді тетіктер ендірілген. Nasdaq Matching Engine аталатын жаһандағы ең танымал қаржылық платформаны қолдану және прецедентке негізделген британдық құқықты пайдалану – халықаралық қалталы инвесторларды тартуға орасан зор мүмкіндіктер ашуда.

"Инвесторды қызықтыру үшін екі маңызды фактор бар: біріншісі – заңнаманың тұрақтылығы мен болжамдылығы, екіншісі – заңнаманың таныстығы. Біздің заңдар керемет, тамаша деп жалықпай айта беруіңізге болады, бірақ инвесторлар заңдарды оқуды әдетте өз заңгерлеріне тапсыра салады. Алайда заңгерлер де ақ тер-көк тер болып жатпайды. Олардың барлығы дайын формалармен жұмыс жасауды қалайды. Ал мұны – прецеденттік құқық деп атайды. Бұған қоса, біздің қаржы орталығында шетелдік ұйымдар үшін жеңілдетілген еңбек, жеңілдетілген визалық, жеңілдетілген салықтық, жеңілдетілген валюталық режимдер бар. Біле білсеңіз, қазіргі заманда мұның өзі көп жеңілдік. Өйткені кез келген компания жергілікті жерден жұмысшы іздемей, бүкіл ұжымымен бірге осында көшіп келіп, осында еш проблемасыз кеңсесін ашып, ЭКСПО кешені аумағында ең жеңілдікті шарттарға қол жеткізе алады", – дейді АХҚО басқарушысы, Қайрат Келімбетов.  

Жалпы, Қазақстанның қор нарығын дамытудағы алдағы жоспарлары ғаламат.

Атап айтқанда, AIX биржасында 2015–2025 жылдары экономиканың нақты және мемлекеттік секторларына жататын компаниялардың қарыздық және акционерлік капиталдарын орналастыру арқылы капитал нарығын жандандырудың әлеуеті шамамен 351 миллиард долларға бағалануда. Ал бұл Қазақстанға тәуелсіздіктің ширек ғасырлық кезеңінде құйылған барлық шетелдік тікелей инвестиция көлеміне бара-бар сома.

АХҚО биржасы алғашқы сауда-саттығын "Қазатомөнеркәсіптің" акциялары мен ғаламдық депозитарлық қолхаттарын ұсынудан бастағаны мәлім. Ғажабы сол, АІХ тек бір сауда сессиясы аясына-ақ  63,8 млн доллар көлемінде капитал тарта алды. Ал бұл KASE-дегі акциялар саудасының айлық көлемінің 52,8%-ына тең.

Бұдан бөлек, қазір биржада "Қазақтелекомның" 75 миллиард теңге көлеміндегі облигациялары және қаржы министрлігінің дебюттік еурооблигациялары орналастырылды. Бұлар арқасында 56,5 млн еуро келген.

Осылайша, астаналық биржаның алғашқы қадамдары әзірше нарықтың кәсіби ойыншыларының үміттерін ақтауда. Нәтижесінде, бірқатар халықаралық және жергілікті компаниялар оны акционерлік және қарыздық капиталды тез арада тарту үшін таптырмас құрал ретінде қарастыратындарын мәлімдеуде. 

Миллиондаған қазақстандықтардың зейнетақылық жинақтарын уысында ұстаған БЖЗҚ да осы биржада ойнауын бастады. Апта қорытындысы бойынша зейнетақы қоры "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясының құнды қағаздарының 30%-дан астамын сатып алған.

Өз кезегінде еліміздің бас экономисі де АХҚО биржасында орасан зор қаржы айналымға түсеріне сенімді.

"Әлем бойынша қазір банктерге қатысты реттеу қатайтылуда. Банктерге деген талап күшейтіле береді. Бұл кредиттердің де қымбаттай түсуіне соқтыруда. Және несие құны енді тек арта бермек. Осыған байланысты біз, яғни үкімет, пайыздық ставкаларды субсидиялаудамыз. Бірақ мұны ұдайы жалғастыра бере алмаймыз және олай жасамаймыз да. Кредит бағасы одан әрі жеткілікті түрде қымбаттап, ал оны алу қиындайтындықтан, компаниялар үшін тұйықтан шығарар жол, баламалы тетік дәл осы ІРО болмақ. Кредиттен бір жақсылығы, ІРО-да, облигациялар орналастыруда ешқандай кепілзат қою талап етілмейді. Бұл коммерциялық тұрғыдан алғанда ұтымды әрі қолдан келетін іс", – дейді ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу