Аймақтық даму картасы әзірленеді

3007

Бұл карта жаңа бизнес-жобаларды дайындап, қаржыландыру үшін қажет.

Аймақтық даму картасы әзірленеді

Павлодар облысына жұмыс сапарымен барған "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың айтуынша, кейбір облыстарда жергілікті кәсіпкерлердің жоспары мен бизнесті дамытудың облыстық жол картасындағы көрсеткіштерде сәйкессіздік бар. Сондықтан, әр өңірдегі халықтың, жергілікті нарықтың сұранысын саралай отырып, аймақтық даму картасын әзірлеу қажет.

"Біз Үкіметке арнайы скрининг жасауды ұсындық. Бұл облыстың кәсіпкерлікті дамытудағы әлеуетін, кәсіпкерлер жиі кездесетін кедергілерді анықтауға мүмкіндік береді. Оның қорытындысы бойынша аймақтық даму картасы дайындалады. Сол арқылы алдағы уақытта жүзеге асатын бизнес-жобалар, оларды қаржыландыру тетіктері қарастырылады. Павлодар облысы өндірістік өңір болғанымен, мұнда ауыл шаруашылығын дамытуға да жақсы жағдай жасалған", – деді Тимур Құлыбаев павлодарлық кәсіпкерлермен болған кездесуде.

Осы орайда Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов кәсіпкерлік саласында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

"Былтыр "Бизнестің жол картасы-2020" мемлекеттік бағдарламасы аясында 200 кәсіпкерге жалпы сомасы 2,7 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілді. Бұл  қаржылай жүктемені азайтып, өндірісті жаңғыртуға, өндірілген өнім көлемін көбейтуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, кәсіпкерлік нысандарына 2,1 млрд теңгеге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартылды. Ал "Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту" бағдарламасы бойынша 1 млрд 300 млн теңге көлемінде 200 несие берілді. Осы орайда "Бизнес бастау" жобасының маңызы зор екенін атап өту керек. Біздің облыста осы уақытқа дейін аталмыш жоба аясында 530 млн теңгеге 146 жоба қаржыландырылды. Олардың қатарында мал шаруашылығы, металл өңдеу, жиһаз жасау және былғары бұйымдарды дамытуға бағытталған жоба көп. Мемлекет басшысының төртінші бастамасы - шағын несиелендіру де кәсіпкерліктің кең өріс алуына айтарлықтай септігін тигізді. Қосымша қаржыландыру нәтижесінде бизнес бастау үшін несие алушылар саны 230 адамнан 380 адамға дейін артады", – деді Болат Бақауов.

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы кәсіпкерлікті ашып, дамытуға ғана емес, оның қыр-сырын мектеп оқушылары мен студенттерге үйретуге де ден қою керектігін жеткізді. Мәселен, келесі жылдың 1 қыркүйегінен бастап барлық мектепте "Кәсіпкерлік және оның негіздері" пәні оқытыла бастайды. Ал студенттер бизнес жүргізудің тетіктерін меңгеріп қана қоймай, пайдалы әрі қызықты бизнес-жоспар ұсынса, қаржыландыруға да қол жеткізіп қалуы әбден мүмкін.  

Кездесу барысында кәсіпкерлерді толғандырған мәселелер де талқыланды. Мәселен, Павлодардағы "Қазэнергокабель" АҚ басшысы Олег Крук тендер бойынша ақыны аудару уақытының 60 күн болуы тым ұзақ екенін алға тартты. Сондықтан оны 30 күнге дейін қысқартудың тетіктерін қарастыруды сұрады.

Тағы бір топ кәсіпкер шағын және орта бизнеске берілген несиелердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға қаражаттың жоқтығын айтты. "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Қаржауов бұл мәселе бизнестің дамуына айтарлықтай кедергі келтірмеуі үшін жергілікті биліктің қолдауына жүгінуге тура келетінін жеткізді.

"2018 жылы республика бойынша субсидияға 16,2 млрд теңге бөлінді. Кәсіпкерлердің өтініштерін толық қанағаттандыру үшін тағы 12 млрд теңге қажет. Біз ұлттық экономика министрлігіне тиісті өтінішті жолдадық, бірақ ол әзірше мақұлданған жоқ. Келесі айда осы мәселеге қатысты нақты шешім қабылдануға тиіс. Бес облыс жергілікті бюджеттен 2,9 млрд теңге қарастырды. Павлодар облысы да осындай қолдау білдірсе, құба-құп", – деді Олжас Қаржауов.

Ақтоты Қабдықайыр 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу