АҚШ & "5 стан"

5474

Вашингтон Ресей мен Қытай бәсекелестігі мен Ауғанстаннан төнген қауіп жағдайында Орталық Азияда өзінің жаңа стратегиясын жарияламақ.  

АҚШ & "5 стан"

Трамп әкімшілігі АҚШ-тың Орталық Азияға арналған жаңа стратегиясын жариялауды жоспарлап отыр. Мұны сенбі күні www.rferl.org сайты Құрама Штаттардың Мемлекеттік департаментінің жоғары лауазымды өкіліне сілтеме жасап хабарлады.

Бірқатар сарапшының пікірінше, Вашингтонның біздің аймаққа ерекше назар аударуына Ресей мен Қытайдың энергетикалық ресурстарға бай Орталық Азияға ықпал ету үшін бәсекелестікті күшейтуі және Ауғанстандағы содырлардан төнген тұрақсыздық қаупі себепші.

АҚШ Орталық Азияның бес елімен екіжақты дипломатиялық қатынастарды биыл белсенді түрде нығайтуға кірісті. Бұл турасында Мемлекеттік хатшы Майк Помпео Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездескеннен кейін Мемлекеттік департамент мәлім етті.

Америка баспасөзінің өзге бір ақпаратына жүгінсек, биыл шілдеде Қырғызстанға Вашингтоннан соңғы төрт жылда алғаш рет делегация барды. Ал, қараша айында Мемлекетттік департамен Түркіменстан сыртқы істер министрі Рашид Мередовты қабылдаған. Сонымен қатар, бұл дипломатиялық ведомоство көктемде Өзбекстан мен Тәжікстан үкіметтерінің делегациясын кеңесуге шақыруды көздеп отыр.

Биыл қарашаның 29-ында Тәшкентте Орталық Азия елдері жетекшілерінің саммиті "Орталық Азияда интеграцияны жақсарту және өркендеу" деген атпен өткені белгілі.

"Бұл кездесу – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған маңызды қадам және Орталық Азия Құрама Штаттардың шетелдік және  қауіпсіздік мүдделерінің субъектісі бола алады. Халқының жалпы саны 72 миллионға жуықтаған аймақ Ресей, Қытай, Үндістан, Пәкістан тәрізді ядролық державалардың ортасында орналасқан. Орталық Азия республикаларының ішінде Қазақстан мен Өзбекстанға Вашингтонның жаңа стратегиясында бірдей мән берілмек. Тәшкент жетекші рөл ойнағысы келеді. Бірақ, оның аймақ лидері –  Қазақстанды қуып жетуі үшін ұзақ уақыт қажет", –дейді Еуропа, Еуразия, Таяу Шығыс мәселелері бойынша вашингтондық сарапшы Теодор Карасик Американың United Press International агенттігінде жариялаған мақаласында.

Қытай өзінің "Бір белдеу, бір жол" инициативасы аясында Орталық Азия мемлекеттерінің инфрақұрылымына миллиардтаған доллар инвестиция салды. Сонымен қатар, Мәскеу де посткеңестік елдерде ықпалын сақтап келеді.

Аталған автордың ойынша, Америкадан бөлек, Еуропа одағы мен Экономикалық Ынтымақтастық және Даму ұйымы да Орталық Азиямен ынтымақтастыққа ұмтылып отыр. Мұның себебі қарапайым ғана ,Орталық Азия – көлемді нарық және өркендеу мен геосаяси тұрақтылық аренасы.

Ал, Орталық Азия мемлекеттері неліктен Құрама Штаттармен, Батыспен жақын байланыс орнатуға құлшыныс танытып отыр? Мемлекеттік департамент өкілдерінің сөзінше, Орталық Азия "бестігі" ірілеу көршілері тарапынан жасалып жатқан қысымды сезінгендіктен, сол қысымға қарсы тұра алатын күшпен арадағы байланыстарды, әсіресе, экономикалық қатынастарды нығайтуға мұқтаж.

Ауғанстан қаупі

Америкалық дипломаттардың мәлімдеуінше, Құрама Штаттар Ауғанстанды қайта біріктіру үшін Орталық Азия елдерімен де жұмыс істеуде. Айта кетсек, бұл мемлекетте Америка әскері 2001 жылдан бері содырлармен соғыс жүргізіп жатыр.

Вашингтон ауған армиясы жеңіліске ұшырайтын болса, бүкіл аймаққа тұрақсыздық қаупі төнуі мүмкін деп есептейді. Сондықтан, АҚШ ортаазиялық "стандар" сол қатердің алдын-алу үшін өз шекараларын мықтауға тиіс деген пікірде.

"Басты проблема – Ауғанстанмен арадағы шекара. Бұл елдегі тұрақсыздық тұтас аймақтың тұрақтылығына кері әсер етуі мүмкін", – дейді АҚШ Мемлекеттік департаментінің шенеуніктері.

Қараша айында Тәжікстан-Өзбекстан шекарасына шабуыл жасалды. Оны "Даиш" тобымен байланыстағы террористер жасады деген болжам бар. Алайда, шабуылшылар Ауғанстаннан келді ме, әлде Тәжікстаннан өз ішінен шықты? Бұл сауалға әзірге нақты жауап жоқ.

Помпеоның мәлімдеуінше, "Құрама Штаттар Орталық Азияның жетекші елі – Қазақстанды аймақтық тұрақтылықты сақтаудағы негізгі серіктес деп біледі".

АҚШ-Қазақстан

Соңғы мәліттерге қарағанда, биылғы жылдың қаңтар-қазан айларында АҚШ пен Қазақстан арасындағы екіжақты сауда айналымының көлемі 1,8 млрд долларға жеткен. Соның 700 миллионға жуығы еліміздің Америкаға жасаған экспортының үлесінде болса, Құрама Штаттардан Қазақстанға 1,1 млрд доллардың тауары импортталған екен. Ал, 2018 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанға салынған америкалық инвестиция көлемі рекорд орнатып, 5,3 млрд долларға жеткен. Жалпы алғанда, АҚШ қазақ экономикасына соңғы 15 жылға жуық уақытта 40 млрд доллар инвестиция құйған.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу