АҚШ Ирандағы жағдай бойынша БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізеді

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
3850

Иран Батысты елдің ішкі ісіне араласты деп айыптап отыр. 

 АҚШ Ирандағы жағдай бойынша БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізеді

АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли Вашингтон БҰҰ қауіпсіздік кеңесі (ҚК) отырысын өткізуді сұрайтынын мәлімдеді. 

"БҰҰ Ирандағы оқиғаға қатысты шұғыл пікір білдіруі керек... Иран халқының бостандық алуға құқы бар", – деді ол журналистерге.

Бұған дейін АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Хезер Науэрт АҚШ мемлекеттік департаменті Иран билігінің елдегі жаппай наразылыққа қатысушыларға қатысты әрекетіне жауап ретінде санкцияларды енгізуді қарастыратынын айтқан болатын.

"Санкиялар жайлы айтар болсақ, алдын ала байбалам салудың қажеті жоқ. Бірақ та олар біздің қолданатын құралдарымыздың құрамына кіреді", – деді ол журналистерге.

АҚШ президентінің баспасөз-хатшысы Сара Сандерс болса Ирандағы наразылықты халық ереуілі деп атады.

"Халық зорлық-зомбылыққа бейім сыбайлас басшылық үшін жауап беруден шаршаған. Осының нәтижесінде иран азаматтары ұйымдастырған халық ереуілін көріп отырмыз. Біз билікті азаматтардың бейбіт жолмен өзгеріс енгізуге деген ұмтылысын сыйлауға шақырамыз", – деді ол Ақ үйде өткен брифингте.

Ал АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің Twitter-дегі аккаунтында Иранда "өзгеріс жасау уақыты туғанын" жазды.

"Иран Обама әкімшілігімен арада жасалған ядролық келісімге қарамастан, құрдымға кетіп барады. Ұлы иран халқы көп жылғы қуғын-сүргіннен шаршады. Ирандықтар қиындықтан құтқарар бостандықты аңсайды. Иранның бар байлығы талан-таражға түсіп, адам құқығы бұзылуда. Өзгеріс енгізетін кез келді!" – деді АҚШ президенті.

Твиттердегі бұл жазба жазылған кезде Ирандағы үкіметке қарсы шеру нәтижесінде 12 адам қайтыс болды. Тоғыз жыл ішіндегі Иранда болған ең ірі наразылық Мешхеде қаласында басталған. Жергілікті халық азық-түлік бағасы мен  бірінші кезекте қажетті заттардың қымбаттығына наразылық білдірді. Наразылық білдірушілер азық-түлік пен тұтыну тауарларының бағасын түсіруді талап етіп, ислам дін басыларының билігіне көңілдері толмайтынын айтуда. Бұл наразылық – 2009 жылғы президент сайлауында Махмуд Ахмадинежада жеңіске жеткендегі наразылықтан кейін болып тұрған ірі наразылық. Тек соңғы үш күннің өзінде Теһранда 450-ден астам шереуілге шыққан адам ұсталған. Дональд Трамптың Твиттердегі жазбасынан кейін Ирандағы наразылықтан қайтыс болғандар саны 20-ға жетті. Тоғыз адам 2 қаңтар күні Иранның Исфахан ауылындағы наразылық салдарынан қайтыс  болған. Оның ішінде алты адам Кахдариджан қаласындағы полиция учаскесінен қару ұрламақ болған кезде өлген, екі адам Хомейнишехрде қайтыс болған.

Кейбір қалаларда наразылық танытушылар полиция автокөліктері мен мотоциклдерін өртеп, елдің жоғары аятолласы Әли Хаменеиді жою керек дегенді айтып, Иранның президенті Хасан Роуханиге қарсы ұран тастады.

Теһран мен Абхаре қаласында наразылық білдірушілер Әли Хаменеидің суреті бар плакаттарды жыртқан. 1 қаңтар күні түнде шерушілер көшбасшының резиденциясын басып алмақшы болған.

31 желтоқсан күні иран үкіметі Telegram мен  Instagram-ды бұғаттап тастады.  Кейін АҚШ мемлекеттік хатшысының  орынбасары Стивен Голдстейн Иран ел аумағындағы Instagram, Telegram және басқа да әлеуметтік желілерді бұғаттаудан шығару керектігін айтты.

Ол бұл платформалар қарым-қатынас жасау үшін заңды құрал болып табылатынын, сондықтан ирандықтар үшін  бұл сайттар қолжетімді болу керек екенін айтты. Сондай-ақ ол АҚШ бұл оқиғадан тыс қала алмайтынын жеткізіп, наразылық білдірушілерді құқықтық іс үшін күресуге шақырды.

АҚШ-тың вице-президенті Майкл Пенс президент Дональд Трамптың әкімшілігі Ирандағы наразылық акцияларының қатысушыларына қолдау көрсетуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Ол өзінің Twitter-дегі аккаунтында АҚШ билігі "елдегі қатаң режимге қарсы күрес жүргізіп жатқан ирандықтардың ерлікке пара-пар қарсылығын" ескерусіз қалдырмайтынын хабарлады.

"Иран халқының билікке деген қарсылығының күшеюі бүгінде бостандық үшін күресушілерге сенім мен үміт ұялатады", – деп мәлімдеді Майкл Пенс.

Сондай-ақ Израильдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Ирандағы жаппай наразылықты қолдайтынын айтып пікір білдірді. Оның айтуынша, Теһран билігінің ауысуы ирандықтар мен израильдіктер арасындағы қарым-қатынасты жақсарта түсуі мүмкін.

Сонымен қатар Биньямин Нетаньяху Ирандағы наразылық акцияларына Израильді кінәлау "жалған әлі күлкілі" деп мәлімдеді.

Германия сыртқы істер министрлігінің басшысы Зигмар Габриэль Иран үкіметін әлеуметтік наразылыққа қатысушылардың құқықтарын құрметтеуге шақырды. Ол елде орын алып отырған жағдайға байланысты ұсталып жатқан адамдар үшін алаңдаулы екенін айтты.

"Иран үкіметін әлеуметтік наразылыққа қатысушылардың құқықтарына және олардың өз пікірлерін еркін жеткізуіне құрметпен қарауға шақырамыз", – делінген сыртқы саясат жөніндегі ведомстваның сайтында.

Өз кезегінде Түркия Ирандағы наразылыққа алаңдаулы екенін білдірді. Түркияның сыртқы істер министрлігіндегілер Ирандағы тұрақтылық пен бейбітшілікті қорғауға айырықша мән беретінін атап өтті. Анкара "елдегі бейбіт өмір қысқа уақыттың ішінде қалпына келіп, қалыпты жағдай салтанат құрарына, бұл өз кезегінде сыртқы араласуларды, араңдатушылық сипаттарды болдырмайды" деген сенімде.

"Президент Роуханидің мәлімдемесін ескере отырып, халық бейбіт түрде наразылық ұйымдастыруға құқылы екенін еске саламыз. Біз заң бұзылмауға, қоғамдық меншікке зиян келтірілмеуге, араңдатушылыққа және зорлық-зомбылыққа жол берілмеуге тиіс деп есептейміз", – делінген Түркия сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.

Ал Ресей Федерациясы Ирандағы жағдайға сыртқы күштердің араласуына жол берілмеуі керек деп санайды.

"Елдегі жағдай зорлық-зомбылықсыз, қантөгіссіз өрбиді деген сенімдеміз. Бұл – Иранның ішкі мәселесі. Сыртқы күштердің араласуы жағдайды тұрақтандыруға жол бермейді", – деп мәлімдеді РФ сыртқы істер министрлігі. 

Айналаның бәрі жау
Ирандықтар әу баста азық-түлік пен бірінші кезекте қажетті заттардың бағасын төмендетуді талап еткен болатын. Ал Иран билігі мұны Батыс наразылық акцияларын қасақана қоздырып отыр жеп кінәлады. 

Иран ұлттық кауіпсіздік жоғары кеңесінің хатшысы Әли Шахмани елдегі наразылық акциялары жекелеген елдердің Теһранға деген теріс пиғылынан туындап отыр деп мәлімдеген еді. Ол наразылықтардың артында АҚШ, Ұлыбритания және Сауд Арабиясы елдері тұрғанын, сондай-ақ аталған елдер әлеуметтік желілердегі науқандарды ұйымдастырып отырғанын мәлімдеді.

"Біздің талдауымыз бойынша, Иранға қарсы бағытталған жаңа хэштегтердің шамамен 27%-ы Сауд Арабиясы үкіметінің тапсырысымен әзірленген", – деді Әли Шахмани. Ұлттық кауіпсіздік жоғары кеңесі хатшысының пайымдауынша, сыртқы күштердің араласуы Иранның дамуын тежейді. Сондай-ақ оның болжамынша, наразылықтар бірнеше күннен соң аяқталмақ.

Иранның діни көшбасшысы Әли Хаменеи кейін елдегі жағдай туралы мәлімдеме жасады: "Иранның жаулары соңғы күндері атап айтқанда ақша, қару, саясат, тыңшылық секілді түрлі құралдарды пайдаланып бақты. Осылайша Ислам Республикасына мәселе тудырды".

Әли Хаменеи қандай елдер мен күштердің жау екенін ашып айтпады. Тек Иранның жаулары бірігіп, ұлтқа соққы беріп отырғанын атап өтті.

Иран президенті Хасан Роухани үкімет отырысында тұрғындар билікті сынауға құқылы екенін және халықты үкіметпен бірлесуге шақыратынын мәлімдеді.

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу