АҚШ мұнай экспортының көшбасшылығына ұмтылып жатыр

7575

Ресей мен Сауд Арабиясы алдағы 5 жылда шаң қауып қалуы мүмкін.  

АҚШ мұнай экспортының көшбасшылығына ұмтылып жатыр

Энергия жөніндегі халықаралық агенттіктің жаңа баяндамасына қарағанда, былтыр мұнай өндірісінде Сауд Арабиясын басып озған Құрама Штаттар алдағы бес жылда осы шикізатты экспорттаудан да әлемде бірінші орынға шықпақ.

Агенттіктің болжамынша, АҚШ-тың мұнай экспорты 2024 жылға дейін екі есеге артып, тәулігіне 9 млн баррельге жуықтайды. Бұл дегеніміз Америка энергетикалық шикізат сатудан алдағы 5 жылда Ресейді ғана емес, тіпті Сауд Арабиясын да басып озады деген сөз.

Осыдан бірнеше апта бұрын Құрама Штаттар әлемдік нарыққа күніне 3,6 млн баррель мұнай жеткізе бастаған. Сонымен қатар планетаның бірінші экономикасы мұнай өнімдері мен бензин тәрізді қайта өңделген отынды тәулігіне 5 млн баррель экспорттап, бұл бағытта да негізгі елге айналып отыр.

"АҚШ-қа тақтатас революциясының екінші толқыны жақындап қалды. Келесі бес жылда Америкада мұнай өндірісі 70%-ға, ал сұйытылған табиғи газ саудасы 75%-ға өседі. Бұл қарқын халықаралық нарықты сілкінтіп, көгілдір отын саудасын күшейтіп, Вашингтонға энергетикалық геосаясатқа етене араласуға мүмкіндік береді", – деді энергия жөніндегі халықаралық агенттіктің атқарушы директоры Фатих Бирол CNBC телекомпаниясына берген сұхбатында.

Энергия агенттігінің баяндамасында келтірілген өзге бір мәліметке жүгінсек, Құрама Штаттарда тақтатастан мұнай алу өнеркәсібі өркендеген үстіне өркендеп келеді. Қазірдің өзінде АҚШ тәулігіне 12 млн "бөшке" мұнай өндіріп отыр. Бұл көрсеткіш 2024 жылы тағы 4 млн баррельге артпақ. Сондықтан Сауд Арабиясы мен Ресейдің энергетикалық шикізат нарығындағы ықпалы келешекте әлсіреуі ықтимал. 

Кейінгі жылдары бұл екі мемлекет ОПЕК-ке кіретін және кірмейтін мұнай өндіруші елдердің басын қосып, альянс құрғаны белгілі. Сол одақ ОПЕК+ деп аталып, екі жылда әлемде шикізат өндірісі мен экспортын күрт шектеп, 2014 жылы мүлде төмендеп кеткен мұнай бағасы қайта көтерді.

Келесі бесжылдықта ОПЕК-те өндірілген мұнайдың көбі Иракта шығарылады және ол шикізат санкциядағы Иран мен Венесуэла мұнайының орнын толықтырмақ.

Баяндамада айтылған тағы бір жайтқа тоқталсақ, әлем мұнайға әрі қарай да мұқтаж болып, энергетикалық шикізатқа сұраныс шарықтау шегіне таяу болашақта жетпейді: алдағы бес жылда ғаламдық экономиканың мұнайға тәуліктік сұранысы орта есеппен 1,2 млн баррельге жоғарыламақ.  

Энергетикалық агенттіктің пікірінше, әлемде электромобиль санының артуы және жасыл энергияға көшу процесінің қарқын алуы мұнайға сұранысты төмендеткенімен, мұнай-химия саласы мен ұшақтарға мұнай бәрібір көп қажет болады. Ал сол өсіп келе жатқан сұранысқа Бразилия, Норвегия, Гайана тәрізді елдер де жауап беруге жәрдемдеспек.

"Геосаясат нарықтағы үлкен факторға айналғанда, әлем экономикасының өсімі төмендеген шақта, мұнай өнеркәсібі үшін ерекше уақыт туды. Барлық жерде жаңа ойыншылар пайда болып, бұрынғларына сенім жоғалып бара жатыр", - дейді Бирол америкалық телеарнада жасаған мәлімдемесінде.

Сауд Арабиясы мұнай өндірісін азайтады
АҚШ өндірісті рекордтық деңгейге дейін арттырып, мұнай бағасын түсіруге күш салып отырғанда, Саудия керісінше, көмірсутегін бұрынғыдан аз шығарып, бағаны көтеруге әрекеттеніп жатыр. Дүйсенбі күні "Блумберг" агенттігі хабарлағандай, алдағы сәуірде Сауд Арабиясы тәулігіне өндірген мұнай көлемі 10 млн баррельден кем болады. Ал наурызда әр-Рияд бұл шикізаттың күндік мөлшерін 500 мың баррельге азайтқан. Бірқатар сарапшылардың ойынша, Саудия осы әрекеттерімен мұнай нарығын қайта бақылауға алып, бағаға бұрынғыдай ықпал еткісі келеді.

Айта кетсек, былтыр Саудиямен бірге ОПЕК пен оның серіктестері мұнай өндірісінің тәуліктік мөлшерін 10,31 млн баррельден асырмауға уағдаласты. Бірақ Құрама Штаттарда мұнай өндірісі қарқын алғандықтан, Америкада отын қоры тоқтаусыз көбейіп келеді. Бұл факторлар да мұнай нарқын төмендетеді деген қауіп бар.

ОПЕК+ альянсының кезекті кездесуі сәуірдің ортасында Австрия астанасы Венада өтеді. Сол жиында Сауд Арабиясының энергетикалық нарықтағы одақтастары мен серіктестеріне өндірісті қысқарту туралы келісімді өзгерту жайлы қысым жасауы екіталай.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу