Ақсу қант зауыты қаңырап тұр

Қажет Андас, Алматы облысы Қажет Андас, Алматы облысы
3885

Сыры кетіп, сыйқы қашқан қондырғылар сұғанақ қол мен сұқ көзден аман қалған.

Ақсу қант зауыты қаңырап тұр

Кезінде 300 мың тоннаға дейін қант қызылшасын өндірген ақсулықтар бүгінде 30 мың тонна өнімді місе тұтуға мәжбүр. Көрсеткіштің күрт төмендеп кетуіне Ақсу қант зауытының бірнеше жылдан бері жұмыс істемеуі себеп болып отыр.

"Былтыр Ақсу ауданы бойынша 1552 га қант қызылшасы себілді. Жыл соңында 30067 тонна өнім "Көксу қант зауыты" ЖШС - ға өткізілді. Қалған 339 га өнім ұсақ болғандықтан мал азығына жұмсалды. Аудан бойынша "Әлихан", "Квитко", "Дәрмен", "Дәулет-Б", "Нұржан" шаруа қожалықтары жақсы өнім алса, Ойтоған, Арасан, Қаракөз ауылдық округтері 7-8% деңгейіне ғана жетті. Ал Суықсай, Қапал ауылдық окргтері қызылша себу мен жинау жоспарын мүлде орындай алмады", – дейді Ақсу ауданының әкімі Әділбек Далбағаев.

Ақсулықтардың қант қызылшасының жоспарын орындай алмағанының басқа салмақты себептері бар екен.

Бұл туралы Қапал ауылының тұрғыны Әлмұхамбет Елесбаев: "Қызылағаш су қоймасының іске қосылмауы салдарынан қызылшаны мол өсіретін қызылағаштықтар өнімділікті арттыра алмай отыр. "Көксу қант зауытына" дейінгі жолдың шалғайлығы да ақсулықтардың адымын аштырмай тұр. Ақсу мен Көксудың арасы 120 шақырым. Барып келуге көп уақыт кетуіне байланысты алқаптағы өнім дер кезінде жиналмайды. Уақыттан ұтылып жүргенде жаңбырлы күз бен қаһарлы қыс келіп қалады. Шаруаларға техника тапшылығы да қолбайлау болып отыр. Ауданда өткен жылы құрылған "Бәйтерек" кооперативінен басқа техникасы сақадай сай шаруашылық саусақпен санарлық қана", - деді.

Өткен жылы Ақсу ауданына арнайы жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Амандық Баталов бұған дейін банкте кепілде тұрған зауыттың "Жетісу" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ҰК" АҚ-ның иелігіне өткенін айтқан болатын.

АҚ өкілдері арнайы маман мен сарапшы шақырып, ғимараттың техникалық жағдайын, ЖЭС-тің техникалық құрылғылары мен механизмдерін сараптаудан өткізген. Тіпті өндірісті іске қосуға кететін шығындарды есептеп, қарызды 3 жылға бөліп төлеу туралы келісімшартқа қол қойған.

Зауыт жұмысын тоқтатқанымен зауытқа жаны ашитын адамдар ондағы техниканы сақтап қалуға бар күшін жұмсаған екен. Сондықтан мұндағы қондырғылар тозып, сыры кетіп, сыйқы қашса да, сұғанақ қол мен сұқ көзден аман қалған.

"Бұл ғимараттың сүйегі мықты. Зауыттың әлі 120 жыл қызмет көрсету мүмкіндігі бар. Бұрын қолданылған қондырғылардың көбі күні бүгінге дейін жұмысқа жарамды. Зауыт жұмысы жанданса, техниканы бірден іске қосуға болады", – дейді өмірінің басым бөлігін осы зауытта өткізген Владимир Юшков есімді азамат.

Біз "Жетісу" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ҰК" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Руслан Галиевке хабарласып, бүгінгі таңда отандық және шетелдік үш инвестор Ақсу қант зауытына қаржы құюға ниет білдіріп отырғанын анықтадық.

"Келісімге келіп, нақты жұмыс басталғанға дейін инвесторлардың атын айта алмаймыз", – дейді Руслан Галиев. Ал аудан әкімі Әділбек Далбағаев зауытты іске қосуға кететін шығын есептеліп жатқанын, зауыт таяу болашақта қайта ашылатынын айтты.

Оның сөзінше, зауыт толыққанды жұмыс істеу үшін шикізат қажетті деңгейде болуы керек. Сондықтан ақсулықтар биыл кем дегенде 1600 га қызылша сеуіп, 52800 тонна қант қызылшасын өндіруі тиіс. Ол үшін жанар-жағармайға, тұқымға сұраныс жасап, дақылды уақытында егу керек. 

Қажет Андас

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу