Алдағы он жылда ауыл шаруашылығы қалай өзгереді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3406

Министрлік ет пен сүт өндірісін ұлғайтуға басымдық беріп отыр.

Алдағы он жылда ауыл шаруашылығы қалай өзгереді

Премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, алдағы он жылда еліміздің ауыл шаруашылығы саласында көп өзгеріс орын алады.

"Мемлекеттік қолдау шараларының көлемі артатын болады. Осы уақытқа дейін ауыл шаруашылығы саласын қолдауға мемлекет тарапынан 240 млрд теңге субсидия және бұған қосымша 60 млрд теңге бюджеттік емес қаржы бөлінетін. Бұдан былай мемлекеттік қолдау көлемі екі есе ұлғаяды. Яғни, ауыл шаруашылығы саласын қолдауға жылына 600 млрд теңге жұмсалады", – деді Өмірзақ Шөкеев "Astana Agro Forum – 2018" форумында.

Министрдің сөзінше, ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауға реформа жүргізіледі. Реформаға сәйкес, қолданыстағы 154 субсидияның 34-і ғана қалмақ.

"Субсидия санын қысқартудың өзіндік артықшылықтары бар. Біріншіден, өтінімдерді қарастыру уақыты екі есе қысқарады. Екіншіден, сыбайлас жемқорлықтың қаупін сейілтеміз. Мәселен, биыл алғаш рет минералды тыңайтқыштарды субсидиялау процесі толықтай автоматтандырылды. Соның нәтижесінде өтіштерді қарау уақыты қысқарды және субсидия адами фактордың қатысуынсыз үлестірілді", – деді премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі.

Өмірзақ Шөкеевтің пікірінше, ауыл шаруашылығы саласы үлкен блок болғандықтан, оны қолдау субсидиямен ғана шектеліп қалмауы керек. Сондықтан салаға серпін беретін қосымша қаржы институттары мен құралдарын іздестіру керек. Сонымен қатар инвестициялық ірі жобалардың санын көбейту маңызды. Былтыр елімізде ауыл шаруашылығы саласы бойынша 40 инвестициялық жоба қолға алынса, биыл инвестициялық жобалардың саны 52-ні құрады.

"Бүгінде кез келген банк ауыл шаруашылығы саласына кредит беруден бас тартады. Бұл өкінішті, әрине. Бірақ біз банктерді ауыл шаруашылығына қарай бет бұруға шақырамыз. Осыған орай заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу жоспарланған. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын қаржыландырудың жаңа құралдары пайда болады. Мәселен, жаңа құралдың бірі – аграрлық қолхат. Кәсіпорындар оны екінші деңгейлі банктерге кепілдік ретінде қолдана алады. Бүгінде аталған заң жобасы мәжілістің қарауында жатыр", – деді Өмірзақ Шөкеев.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласындағы сақтандыру да түбегейлі өзгермек. Бұдан бөлек еліміздегі несие серіктестіктерінің жұмысы да басқа арнаға ауысады деп күтілуде.

"Нақтырақ айтсақ, міндетті сақтандырудан ерікті сақтандыруға ауысамыз. Сондай-ақ сақтандыру төлемдерін емес, сақтандыру сыйақыларын субсидиялайтын боламыз. Осылайша өте тиімді аграрлық сақтандыру жүйесі қалыптасады. Бұл өз кезегінде саланың несиеге қабілеттілігін арттырады", – деген сенімде Өмірзақ Шөкеев.

Министрлік ет экспортын ұлғайтуға басымдық беріп отыр. Министрдің сөзіне сенсек, былтыр шет елге барлығы 5,5 мың тонна ет экспортталған. Ал биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша шекара асырылған еттің көлемі 11 мың тоннаны құрапты. Жыл соңына дейін аталған көрсеткішті 15 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.

"Ет экспортын ұлғайту мақсатында алдағы он жылда елімізде 100 мыңға жуық кішігірім отбасылық фермалар құрылады. Олардың жұмысы мал бордақылау алаңдарымен, ет комбинаттарымен тікелей байланысты болады. Дәл осындай жүйені сүт өндіру саласында да қолданамыз. Алдағы бес жылда сүт өндірісін 1 млн тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Сонымен қатар алдағы бес жылда елімізде өндірілетін құс етінің көлемін 5 есеге өсіру жоспарда бар", – деді "Astana Agro Forum – 2018" форумында баяндама жасаған министр.

Оның баяндауынша, қазір Қытай нарығы қазақстандық өнімдер үшін ашық. Аспанасты елі біздің мемлекеттен балық өнімдерін, асыл тұқымды жылқыларды, мұздатылған қой мен сиыр етін, ұн мен күнбағыс майын және тағы да басқа ауыл шаруашылығы өнімдерін қабылдауға әзір. Жыл соңына дейін Қытайға өнім экспорттау көлемі 20-30 пайызға ұлғаяды деген сенім бар.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу