Әлем чемпионатындағы ендігі мақсат – жоғарғы дивизионда қалу

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1664

Шайбалы хоккейден жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы төртінші рет ұтылып, өз тобында соңғы орынға табан тіреді.  

Әлем чемпионатындағы ендігі мақсат – жоғарғы дивизионда қалу

Канадада өтіп жатқан 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы ХХХХІІІ (қырық үшінші) әлем чемпионатының топтық кезеңі тәмамдалды. Қазақстан-U20 құрамасы "В" тобындағы соңғы ойынын көш басындағы Швеция жастарымен өткізіп, 1:4 есебімен ұтылып қалды. Сөйтіп, төрт ойында да жеңілістің кермек дәмін татып, соңғы орынға орналасты.

Бұған дейінгі үш ойында да ойсырай ұтылған жас хокейшілеріміздің бүгінгі матчта үш шайба айырмасымен ұтылуының өзіндік себебі бар. Ол Швеция құрамасының бақандай бес ойыншысының мұзайдынға шығармауы десек, еш артық айтқандығымыз емес. Көшбасшы өзінің қалай да жеңіске жететіндігіне бек сенімді болды ма, әйтеуір қақпашынысын есепке алмағанда ойынға 15 хоккейшісін ғана шығарды...

Қазақстан жастар құрамасы сапында да бұл ойында бір өзгеріс болды. Бапкерлер алқасы соңғы екі ойында сенімді толықтай ақтай алмай жүрген екі қақпашымызды шығармай, қосалқы қақпашы ретінде тіркелген Денис Каратаевқа мүмкіндік берді. Әрі бұл дұрыс та болған сияқты. Үшінші қақпашымыз Қазақ хоккейі талантқа бай екендігін паш етіп, бұл ойында 52 соққыны тойтарды!

Швеция жастары үш-ақ бестікпен ойнаса да, деңгейлерінің жоғары екендігін дәлелдеп, жеңіске жетті. Әрі көшбасшылық мәртебелерін уыстарынан шығармай, "В" тобында бірінші орынға ие болды. Ал біздің құрама баға жетпес тәжірибе жинақтап, ойын өрнектерін үйлестіріп алуға тырысқандай. Әрі негізгі қақпашымызды тынықтырып алып, үшінші қақпашымыздың да құлшынысы зор екендігіне көз жеткізді.

Енді екі топта 1-4 орынға ие болған құрамалар ширек финалда додаға түседі. Ал екі бестікте соңғы орынға табан тіреген Қазақстан және Дания хоккейшілері жоғарғы дивизионда қалу құқығын сарапқа салады. Екеуара мұзайдын додасы екі жеңіске дейін созылады. Екі мәрте жеңіске жеткені кіл мықтылар арасында қалады да, ұтылғаны Бірінші дивизионға түсіп қалады.

Жалпы, жоғарғы дивизионда қалу құқығын сарапқа салатын қарсыласымыз жайлы айтар болсақ, Дания құрамасы "A" тобында төрт рет ұтылып, көш соңында қалды. Канада таланттарынан 0:14 есебімен күйрей жеңілсе, қалған үшеуінен (Ресей, Чехия және Швейцария) 0:4 есептерімен ұтылды. Өздеріңіз байқап отырғандай, әлі бірде-бір гол соққан емес... Өз қақпасына 28 гол жіберіп алды. Бұл ретте, біздің әлеуеттері зор қақпашыларымызға жеңілдеу болар деген үміттеміз... 

Ширек финалдық жұптар:

Швеция – Швейцария

Канада – Финляндия

АҚШ – Чехия

Ресей – Словакия

 

"Өтпелі ойын":

Қазақстан – Дания: 3 қаңтар, 4 қаңтар және 5 қаңтар (қажет болса)

  

"В" тобы, ойындар нәтижесі:

АҚШ – Словакия – 2:1

Швеция – Финляндия – 2:1

Швеция – Словакия – 5:2

Финляндия – Қазақстан – 5:0

АҚШ – Қазақстан – 8:2

Финляндия – Словакия – 5:1

Швеция – АҚШ – 5:4

Словакия – Қазақстан – 11:2

АҚШ – Финляндия – 4:1

Швеция – Қазақстан – 4:1

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу