"Алланың гүлі" ашылды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
25160

Отандық материалдардан салынған жаңа мешіт әлем бойынша бірегей нысан саналады.   

"Алланың гүлі" ашылды

Бұл – бас қаламызда бой көтерген тоғызыншы мешіт. Оған Ырыскелді қажының есімі берілді. Сәулеті өзге мешіттерден мүлдем бөлек. Сыртқы дизайны гүлді және алмас тастың қырларын еске салады. Сондықтан көпшілік бұл мешітті "Алланың гүлі" деп те атап жүр.

Жаңа мешіттің сәулетшісі Сағындық Жанболатовтың сөзінше, Алла үйінің іші де өзгеше. Дәстүрлі өрнектер мен декоративті элементтер қолданыла отырып, постмодернизм стилінде салынған. Михрабы, яғни намазды жүргізетін имамның орны қабырғадан алшақ орналасқан. Еденіне арнайы жылыту жүйесі тартылған.

Негізгі ғимарат күрделі әрі жартылай сфералық нысанды елестетеді. Оның қабырғалары үшбұрыштана сүйірленіп, диаметрі 26 метрлік күмбезбен жалғасқан. Мешіттің басты ғимаратының солтүстік жағында орналасқан мұнараның биіктігі – 43,5 метр. Ол "қалам" – "қасиетті қауырсын" түрінде бой көтерген.

"Бұл әлемдегі бірегей нысандардың қатарына жатады. Себебі мешіт энергияны толығымен күннен алады. Артық энергия өндіруге де мүмкіндігі бар. Яғни баламалы энергия көздері қажетті мөлшерден үш есе көп электр қуатын өндіре алады. Оны қалаға сатып, жылына 4 млн теңге пайда көруге болады. Мұның барлығы – Астанада өткен "ЭКСПО-2017" көрмесінің жемісі", – дейді Сағындық Жанболатов.

Есіл өзенінің оң жағалауында орналасқан мешіттің құрылысы 2016 жылы басталды. Жаңа мешіт қайырымдылық мақсатпен жиналған қаражат есебінен тұрғызылды. Мешіт ғимаратының ауданы – 2 248 шаршы метр. Орналасқан жердің ауданы – 1,44 гектар.

Мешіт 750 адамға шақталған. Бірақ намаз кезінде оған 1 мыңнан астам адам сыяды. Мешіттің бас имамы – Жақия қажы Исмаилов.

"Мешіттің сыртқы сәулеті ерекше болып шықты. Мұнараның үстінен қарағанда мешіт гүлге ұқсайды. Оны көпшілік "Алланың гүлі" деп атап кетті. Мешіттің тағы бір ерекшелігі – ішінің қарапайымдылығы. Яғни қабырғалары аппақ. Көп жазу да жоқ. Күмбездің айналасында ғана Алла тағаланың тоқсан тоғыз аты жазылған. Басқа жерінде адамның ойын бұратындай ешқандай әшекей де, ою-өрнек те жоқ. Ол да – жаңа мешіттің ерекшелігі. Тағы бір атап өтерлігі, жаңа нысан толығымен отандық материалдардан салынды", – деді Жақия қажы Исмаилов.

Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаевтың сөзінше, бүгінде Қазақстанда 2600-ден астам мешіт бар.

"Бүгін күллі мұсылман қауымының рухани өмірінде тарихи күн. Қасиетті Рамазан айының қарсаңында елімізде тұңғыш рет постмодернизм стилінде салынған мешіт есігін айқара ашты. Ол – баламалы энергия көздерімен қамтамасыз етілетін нөмірі бірінші құтхана. Мешіт – сүйіспеншілік пен бауырмалдықтың, игілік пен ізгіліктің, бірлік пен мейірімділіктің, барша жақсылықтың тоғысқан құтты мекені. Бұл мешіт құлшылықтың ғана ордасы болып қалмай, рухани һәм мәдени-ағарту, қоғамдық келісім мен бірлік пен берекенің ошағына айналады деген сенімдемін", – деді жаңа мешіттің ашылуында сөз алған бас мүфти Серікбай қажы Ораз.

Осыдан біраз күн бұрын мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа мешітке барып қайтқан болатын.

Еске сала кетейік, биылғы Рамазан айы 17 мамырда басталады. Пітір садақасы – 300 теңге. Маусымның 10-нан 11-не қараған түн – Қадір түні.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу