Алматы әкімдігі мен депутаттарын ұстап тұру қаншаға түседі

17481

Еліміздегі ең ірі мегаполистің әкімдігі мен қалалық мәслихатының шығындары жарияланды.

Алматы әкімдігі мен депутаттарын ұстап тұру қаншаға түседі Фото: Максим Золотухин

Кейде Үкімет мүшелері мен өңірлердегі әкімқаралар халықтың масылдығы туралы әңгіме айтып жатады. Бұл ретте шенеуніктер өздерінің ел мойнында отырғанын, мемлекет бюджетіне масыл екенін ұмытып кетеді.

Сондықтан халық билік өкілдерін ұстап тұру өзіне қаншаға түсетінін білгені жөн.

Анықталғанындай, Алматы қаласының 2019 жылға арналған бюджетіне сәйкес, жергілікті мәслихат аппаратының шығыны биыл 84 миллион 154 мың теңгені құрамақ. Оның 81 млн 854 мыңы мәслихат қызметін қамтамасыз етуге жұмсалады. Қалған 2,3 млн теңге оның "күрделі шығыстарына" бағытталмақ.

Алматы әкімдігінің шығыны бұдан шамамен қырық есеге көп. Нақтылай кетсек, Алатау бөктеріндегі мегаполис әкімі аппаратының төл шығысы 3 млрд 332 млн 871 мың теңгені құрайды.

Салыстыра кетсек, бұл 183 мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынасқа тартылған, қаптаған елшіліктері мен консулдықтары және басқа да дипломатиялық қызметтері бар Сыртқы істер министрлігінің бюджетіне пара-пар. Сыртқы саясат ведомствосының "сыртқы саяси қызметті үйлестіру жөніндегі қызметтер" шығыны 2019 жылы 3 млрд 388,9 млн теңге көлемінде бекітілген.

Егер Алматы жайына оралсақ, әлгі соманың 2 млрд 710,2 миллионы тек қала әкімінің қызметін қамтамасыз етуге жұмсалады деп жоспарланған. Әкімдіктің күрделі шығыстары 547,8 млн теңгені құрамақ.

Ал 74,7 млн-нан астам теңге "Алматының Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін қамтамасыз етуге" кетеді.

Шаһардағы қаптаған ірілі-ұсақты әкімдіктердің қызметі де елге арзанға түспейді. Қазіргі кезде Алматы қаласының құрамында 8 аудан – Алатау, Алмалы, Әуезов, Бостандық, Жетісу, Медеу, Наурызбай және Түрксіб аудандары бар.

Аудан әкімінің аппараттары жұмыс жасауы үшін ел қазынасы биыл 2 млрд 33,6 млн теңгеге шығындалуы қажет. Оның ішінде аудан әкімдері қызметін қамтамасыз етуге 2 млрд 6,2 млн, ал әкімдіктің өзінің күрделі шығыстарына 27,4 млн теңге бөлінуде.

Алматының тексеру комиссиясының қызметі де қомақты шығынды талап ететіні мәлім болуда, 281 млн теңгеден астам қаржы қарастырылған. Оның қайтарымы қандай екенін, бұл құрылымнан нендей пайда келіп отырғанын қазақстандықтар түгіл, алматылықтар да көп біле бермейді.

Ірі шығын Алматының мемлекеттік активтер басқармасы еншісінде-  449,7 млн теңге. "VI сайланған Алматы қаласы мәслихаты кезектен тыс XXХVIII сессиясының "Алматы қаласының 2019-2021 жылдарға арналған бюджеті туралы" 2018 жылғы 13 желтоқсандағы №297 шешіміне өзгерістер енгізу туралы" шешімі жобасында айтылғандай, жарты миллиардқа жуық осынша қаражаттың 370,4 миллионы "жергілікті деңгейде коммуналдық мүлікті және мемлекеттік сатып алу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру қызметтеріне" жұмсалады.

Ал "жекешелендіру, коммуналдық меншікті басқару, жекешелендіруден кейінгі қызмет және осыған байланысты дауларды реттеу" бюджетке 10,6 млн теңгеге түседі екен.

"Коммуналдық меншікке түскен мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау және сату" қызметін әкімдік 68,7 млн теңгеге бағалап отыр.

Әкімдіктің стратегия және бюджет басқармасы 622,1 млн теңге қол жеткізіпті. Оның ішінде басқарма шенеуніктері өздерінің "экономикалық саясат, жоспарлау және бюджетті атқару саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру қызметін" 594,4 миллионға бұлдайды.

Халықты алаңдатқан мәселе Алматыда шеру-митингіге ұласып жататыны белгілі. Шенділер бұған қатысты да қыруар қаражат қарастыруда. Атап айтқанда, "қоғамдық тәртіп, қауіпсіздік, құқықтық, сот, қылмыстық атқару қызметіне" 17 млрд 966 млн теңгеден аса қаражат берілген.

Салыстыру үшін келтірсек, ел болашағы болып табылатын жас ұрпақтың амандығына қатысты мәселеге – "Алматы қаласында мектепке дейінгі ұйымдарды сейсмикалық күшейтуге" небәрі 864,9 млн теңге ғана көзделіпті.

Бұдан бөлек жергілікті полицияға, яғни жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы ішкі істер органына "оның Алматы аумағында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру қызметтерін қамтамасыз етуі" үшін 12,6 млрд теңге қосымша жіберіледі.

Бір қызығы, оның 18 миллионы – "Қоғамдық тәртіпті қорғауға қатысатын азаматтарды көтермелеуге" жұмсалмақ.

Қалалық спорт басқармасына 2 млрд 464,3 млн тиді. Оның басым бөлігін – 2 млрд 79 миллионын басқарма "балалар мен жасөспірімдерге спорт бойынша қосымша білім беруге" шығындайды.

Ал мемлекеттiк тiлдi дамыту шараларына тек 35,4 млн теңге берілген.

Әкімдік өз меншігіндегі негізгі капиталды сатудан 11 млрд 749 млн 700 мың теңге түсім түседі деп жоспарлауда.

Алматының бюджеттік дефициті 2019 жылы "18 млрд 870 млн 221,8 мың теңгеге" жетпек.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу