Алматыда қатарынан төрт күн 3-4 балдық жер сілкінісі болды. Алайда бұған дейін көпшілікке зілзаланы алдын ала ескертеді деп хабарланған Darmen қосымшасы үнсіз қалды. Бұл ретте Сейсмология институтының аймақтық сейсмикалық зертханасының жетекшісі Алла Садыкова дүмпулерді алдын ала болжау мүмкін емес, ал мұндай қосымшалар халықтың тек үрейін туғызатынын айтады.
"Алматы сейсмикалық аймақ. Оңтүстік, оңтүстік-шығыс Қазақстада жылына 12 мың жерсілкінісі болады. Айына шамамен 1 мың дүмпу. Сондықтан қаланың кез келген тұрғыны жер сілкінісіне дайын болуы тиіс. Ал Darmen сынды қосымшалар халықтың үрейін туғызады. Сондықтан алматылықтар сейсмологиялық институт деректеріне назар аударғандары жөн", – деді Алла Садыкова.
Darmen қосымшасын әзірлеген топ жетекшісі Владимир Кучкин сейсмологиялық институт ғылыми қызметкерінің пікірімен келіспейді. Оның пікірінше алматылықтар жапон халқы сынды табиғи құбылыстардан хабардар болуы қажет. Алайда Владимир Кучкин адамдарға толыққанды ақпарат беру үшін техникалық мүмкіншіліктер төмен екенін айтады.
"Жапонияда әр үйде зілзаланы хабарлап отыратын құрылғы орнатылады. Ал бізде бар болғаны Жапония сыйлаған 5 қондырғы бар. Олар қаланың әр аймағында орналасқан. Сол қондырғылар арқылы жер сілкінісінің бірінші толқынынан кейін қосымшаға хабарлама барады. Адамдар дүмпудің келесі толқыны болғанша қауіпсіз жерге шығып үлгере алады. Әрине, толыққанды ақпарат беру үшін құрал-жабдықтар жеткілікті болуы шарт. Оның барлығы қазір қарастырылуда", – дейді Владимир Кучкин.
Ал Алла Садықованың сөзінше жер сілкінісін алдын ала ескерту жүйелері қала халқына арналмаған. Сондықтан ол аталған жабдықтарға үміт артпауды сұрайды.
"Алдын ала ескерту жүйелелері адамдарға арналмаған. Ол коммуналдық қызметке су, газ, жарықты сөндіріп үлгеру үшін ойластырылған. Сондықтан алдын ала ескертіледі деп үміт артуға болмайды", – деді ғылыми қызметкер.
Сонымен қатар аймақтық сейсмикалық зертхана жетекшісінің айтуынша ірі табиғи апаттар 100-140 жылда бір қайталады. Сондықтан қала тұрғындары 7-8 баллдық зілзалаға дайын болуы керек.
"Ірі табиғи апаттар 100-140 жылда бір қайталанады. Алматыдағы соңғы ірі дүмпу 130 жыл бұрын болды. Демек кез келген сәтте ірі жер сілкінісі болуы мүмкін. Оған қала тұрғындарынан бастап, барлық құзырлы органдар дайын болуы керек", – деді Алла Садыкова.
Алматы тарихындағы ең алапат жер сілкінісі
Алматы тарихындағы ең алапат зілзала– Верный жел сілкінісі. 133 жыл бұрын болған 8-9 баллдық табиғи апаттан 236 адам қаза тапты. Бұдан бөлек шаһардағы 1799 тастан, 839 ағаштан салынған үй қирап қалған.
1911 жылдың 4 қаңтарында болған Кеминдік жер сілкінісінен 452 адам көз жұмып, 740 адам жарақаттанған. Зілзаланың ошағы сол кездегі Верныйдан 40 километр қашықтықтағы Іле Алатауының шығысы. 7-8 балдық табиғи апат салдарынан 1094 тұрғын үй мен 4545 киіз үй қирап қалған.
Сейсмология институтының мамандары бұл сол кездегі Верный қаласын жермен жексен еткен апат болды деп еске алды.
Жер сілкінісіне дайын болу керек
Өткен жылдың аяғында Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті алматылықтарға 4-6 баллдық жер сілкінісін сезініп көруге мүмкіндік беретін симулятор жасалатынын хабарлады. ТЖД жетекшісі Серік Әубәкіровтың сөзінше ол зілзалаға психологиялық тұрғыдан дайын болуыға көмектеседі. Мұндай орталықтар Жапонияда және өзге сейсмикалық қауіпті аймақтарда бар.
"Жалпы Алматыда жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек көрсететін 220 орталық бар. Төтенше жағдайларда көптеген адамдар олардың қайда орналасқанан, кімге және қалай көмек көрсету керектігін білмейді. Сондықтан осындай орталық салу туралы шешім қабылданды. Стимулятор 6 баллға дейінгі жер сілкінісін сезініп көруге мүмкіндік береді", – деді ТЖД басшысы.
Қазіргі кезде жобаның құжаттары дайын. Орталықты салуға Алматы қаласынан 4 гектар жер телімі бөлінді. Шаһар басшысы тапсырмасы бойынша әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация инвесторлар іздестіруде. Серік Әубәкіровтың сөзінше аталған орталық халыққа екі жылдан кейін қызмет көрсете бастайды.
"Дайындық балабақшадан бастап адам өмірінің барлық кезеңінде жүргізілуі тиіс. Мәселен Жапонияда халықтың эвокуация жағдайындағы іс-әрекеті бірізді. Бізде балабақшалар мен мектепте дайындық жұмыстары жақсы жүргізілгенімен, ЖОО-лар мен кәсіпорындарда төтенше жағдайларға әзірлемейді. Осы олқылықтың орынын аталған орталық толтыруы тиіс", – деді ТЖД басшысы.
Құралай Құдайберген