Алсаң кредит, абалап кіреді ит

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
3806

Соңғы үш жылда жеке тұлғалардың несие қоржыны 5 трлн теңгеден асты.

Алсаң кредит, абалап кіреді ит

Бірінші несие бюросының бас директоры Руслан Омаровтың сөзіне сенсек, соңғы 3 жылда ел тұрғындарының несиеге деген "тәбеті" ерекше ашылған. Соның айқын айғағы көрсетілген уақытта жеке тұлғалардың несие қоржыны 5 трлн теңгеден асқан. Нақтырақ айтсақ, былтыр бұл көрсеткіш 613 млрд теңгеге көбейіп, 5,2 трлн теңгені құраған. Сөйтіп несие бойынша ашылған келісімшарттардың үлесі 22%-ға өсіп, 8,8 млн бірлікке жеткен.

"Несие қоржынының өскеніне қарамастан, проблемалық несиелердің үлесі сәл-пәл азайды. 2017 жылдың соңында төлем уақыты 90 күннен асып кеткен проблемалық несиелердің үлесі 15,7%-ды құрады. Бұл көрсеткіш 2017 жылдың басында 17%-ға тең еді", – деді Руслан Омаров.

Бірінші несие бюросы бас директорының айтуынша, былтыр банктер жеке тұлғаларға несие беруде белсенділік танытқан. Несие беру көлемі 2016 жылмен салыстырғанда 40%-ға ұлғайған.

"2017 жылы банк секторы 2,1 трлн теңге несие берді. Бұдан бір жыл бұрынғы көрсеткіш 1,5 трлн теңге еді. Сонымен қатар былтыр шағын несие ұйымдары арқылы берілген несие көлемі 71%-ға артты. 2017 жылы мұндай ұйымдар 110 млрд теңгеге несие рәсімдеген. Бұл жеке тұлғаларға берілген жалпы несие көлемінің шамамен 5%-ын құрайды", – деді Руслан Омаров.

Бұған дейін несие "ауылына" аяқ баспаған, бірақ былтыр алғаш рет несие рәсімдеген клиенттердің қатары да едәуір көбейіпті. Мойнында несиесі бар адамдардың шамамен 11%-дан астамын дәл осындай "су жаңа" клиенттер құрап отыр. Әсіресе жастар қауымы бұл істе "белсенді" болған.

Бұл ретте "қазақстандықтар несиені не үшін алған?" деген заңды сұрақ туындайды. Бұған да жауап дайын. Руслан Омаровтың айтуынша, несиелік карталар нарығы 95% өсім көрсетті. Былтыр несиелік карталардың көмегімен 80 млрд теңгеге несие берілген.

"Екінші орында ипотекалық несие нарығы тұр. 2016 жылмен салыстырғанда бұл нарықтың өсімі 57,8%-ды құрады. Әдеттегідей несиелеу көлемі бойынша кепілсіз экспресс-займдардың тартымдылығы жоғары. Кепілсіз эксперсс-займдар арқылы 2017 жылы 1,4 трлн теңгеге несие берілген. Бұл 2016 жылғы көрсеткіштен 400 млн теңгеге артық", – деп мәлімдеді Руслан Омаров.

Оның айтуынша, тұтынушылық бағыттағы кепілді несие рәсімдеу және автонесиелеу бағытында қызығушылық төмен. Былтыр алғашқы бағыт бойынша 215 млрд теңге, екінші бағыт бойынша 106 млрд теңге несие берілген.

"Қысқасы, 2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша жеке тұлғалар арасындағы қорытынды несие қоржыны келесідей қалыптасып отыр: автонесиелеу – 326,1 млрд теңге, тұтынушылық бағыттағы кепілсіз несиелер – 2 трлн 605,7 млрд теңге, тұтынушылық бағыттағы кепілді несиелер – 962,3 млрд теңге, ипотекалық несиелер – 1 трлн 299,8 млрж теңге, кредиттік карталар – 51,6 млрд теңге", – деді Руслан Омаров.

Бірінші несие бюросы бас директорының айтуынша, 2017 жылы бизнесті несиелеу де қарқын алған. Өткен жылы бизнесті несиелеу қоржыны 791 млрд теңгеге артып, 16,3 трлн теңгеге құрапты.

"Аталған қоржын құрылымының 56%-дан астамын шағын кәсіпорындар құрап отыр. 22,2%-ы ірі кәсіпорындарға тиесілі болса, орта кәсіпорындардың үлесі – 10%. Қоржынның жеке кәсіпкерлерді несиелеудегі үлесі 5,5%-ға тең", – деді Руслан Омаров.

Спикер атап өткендей, 2017 жылы бизнеске (заңды тұлғаларға, жеке кәсіпкерлер де осының ішіне еніп отыр) жалпы көлемі 9,2 трлн теңге несие берілген. Несиенің шамамен 90%-ын банк секторы үлестірсе, қалған 10%-ын шағын несие ұйымдары мен өзге де несиелік ұйымдар берген. Бизнесті несиелеу қоржынындағы проблемалық несиелердің үлесі 20%-дан жоғары. Бұл 2016 жылдың соңындағы көрсеткіштен 6,8%-ға артық.

Руслан Омаров Қазақстанның несие нарығын қорытындылап қана қоймай, 2018 жылға арналған міндеттермен де бөлісті. Мәселен, бірінші несие бюросы елімізде қарыз алушылардың биометриялық фотобазасын құрмақ ниетте. Мекеме бұл қызмет түрін 2018 жылдың екінші тоқсанында іске қосуды жоспарлап отыр. Мұндағы мақсат – несие нарығындағы алаяқтықты азайту.

"Бірінші несие бюросы банктерден несиелік келісімшарттарды ғана сұрататын. Енді қарыз алушылардың фотосуреттерін сұратуды көздеп отыр. Бұл қадам банктерде орын алатын операциялық, алаяқтық және несиелік қауіп-қатерлердің алдын алмақ. Мәселен бір адам банкке барып несие рәсімдеді делік. Ол бұдан кейін тағы бір банкке барып, несие алуы мүмкін. Ал банктер қарыз алушыны міндетті түрде веб-камераға суретке түсіреді. Міне осы суреттерді біздің база арқылы салыстыруға болады. Осылайша алаяқты әп-сәтте қолға түсіруге болады", – деді бірінші несие бюросының бизнесті дамыту жөніндегі директоры Әсем Нұрғалиева.

Оның айтуынша, Қазақстанда қарыз алушылардың фотосуреттері жинақталатын бірыңғай база жоқ. Бұл бастаманы жүзеге асыру үшін артық шығын да қажет емес. Өйткені банктердің бәрінде веб-камера бар.

"Биометрия Ресейде кең тараған. Қазақстанда екі банк пен "Қазпошта" қолданады. Қалған банктер осы бір жыл ішінде бұл жүйеге көшеді деп жоспарлануда", – деп мәлімдеді Әсем Нұрғалиева.

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу