Астана қаласы ел экономикасын кері тартып тұр

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
3095

Құрылыстың бәсеңдеуі елорданың экономикасына кері әсерін тигізіп жатыр.

Астана қаласы ел экономикасын кері тартып тұр Фото: liter.kz

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің есеп деректері бойынша республикадағы ІЖӨ көлемі 2018 жылдың бірінші тоқсанында 4,1%-ға ұлғайып 11,6 трлн теңгеге жетті.

2018 жылдың бірінші тоқсанында ІЖӨ-нің өсуіне экономиканың барлық секторларындағы оң өзгерістер ықпал етті, деп хабарлайды Ұлттық банк. ІЖӨ өсуінде негізгі үлес өңдеуші өнеркәсіп (6,2% өсім), таукен өнеркәсібі (5,1%), көтерме және бөлшек сауда (6,2%), көлік және қоймаға жинау (4,6%), жылжымайтын мүлікпен операцияларға (2,0%) тиесілі.

Жылдың алғашқы бес айында қысқа мерзімді экономикалық индикатор біршама өсіп, 105,1%-ға жеткен. Мұнда да барлық негізгі салалар оң көрсеткішті сақтап отыр. Оған ең алдымен Қашаған және Теңізшевройл мұнай өндірудің жоғары қарқыны, сондай-ақ жүк тасымалдарының және көтерме сауданың өсуі, байланыс саласының жаңаруы, негізгі құралдарға бағыттайтын инвестициялардың айтарлықтай өсуі және нақты ақшалай кірістердің өсуі аясындағы тұтынушылық сұраныстың біртіндеп қалпына келуі оң әсерін тигізді.

Үш өңір былтырғы межеден аса алмай қалды
Аймақтық контексте Атырау облысының қысқамерзімді экономикалық индикаторы (ҚЭИ) жоғары деңгейде сақталуда. Нақтырақ айтар болсақ, өңірдің экономикасы былтырғы осы уақытпен салыстырғанда 15,3 пайызға артты. Оған себеп шикі мұнай мен табиғи газ өндірісінің артуы. Сондай-ақ, көтерме сауданың өсуі, ауыл шаруашылық пен көліктің оң динамикасы аталған индикатордың өсуіне әсер етті.

Атыраудан бөлек Қостанай мен Шығыс Қазақстан облыстарында да өсім тиісінше 10,5 және 9,5 пайыз деңгейінде.

Ал Батыс Қазақстан облысының қысқамерзімді экономикалық индикаторы керісінше, 1,3 пайызға төмендеп кеткен екен. Оның себебі Қарашығанақтағы өндірістің бәсеңдеуі. Одан қалды облыстың басқа секторларында да жағдай мәз емес.

Бұл тұрғыда Астана қаласы да алғашқы бес айды "минуспен" жапты. Елордада құрылыстың азаюы мен сауда және ауылшаруашылық саласының төмендеуі өңірдің көрсеткішін былтырғыдан 7,8 пайызға азайтып отыр.

Республиканың экономикасын кері тартып тұрған үшінші өңір Қызылорда облысы. Өңірдің экономикалық индикаторында 0,8 пайыздық кему байқалады. Ал жоғарыда аталғандардан өзге өңірлер орташа есеппен былтырғыдан 5 пайыздай өсім көрсетіп отыр.

Мұнайдың қымбаттауы бірнеше саланы көтеріп тастады
Салалар бойынша 2018 жылдың қаңтар-мамырында өнеркәсіп өндірісі 5,4%-ға өссе, тау-кен өнеркәсібі жыл басынан 5,6%-ға өсті. Сектордың өсуіне Қашағандағы және ТШО-дағы мұнай өндірісінің жандануы сеп болды. Өнеркәсіптің оң серпіні табиғи газды, темір рудасын және түсті металдар кендерін өндірудің артуымен тығыз байланысты.

Өңдеу өнеркәсібі жоғары өсу қарқынын көрсетіп келеді, өндіріс көлемі 5,5%-ға артты. Өндірістің өсуі металлургия өнеркәсібі, машина жасау, азық-түлік, кокс және мұнай өнімдері өндірісінің өсуіне байланысты болды.

Өнеркәсіптік өндірістің өсуіне, сондай-ақ әлемдік мұнай бағасының қалыптасқан оң динамикасына байланысты барлық көлік түрлерінің айналымы жыл басынан бері 9,7%-ға өсті. Көліктің өсуіне негізгі үлес қосқан теміржол (үлесі - 49%), автомобиль (25%) және құбыр көлік (24%) қызметтері болды.

2018 жылдың қаңтар-мамырында құрылыс саласының өсімі 0,3%-і құрады. Саланың өсу қарқынының баяулауы Атырау облысындағы магистральды құбырлар мен өнеркәсіп объектілерді салу жұмыстарының қысқаруынан, сондай-ақ Павлодар мұнай-химия зауытын жаңғыртудың жұмыстарының аяқталуынан және де Астанадағы тұрғын үй құрылысының төмендеуінен туындаған көрінеді. Құрылыстың қарқынды өсуі Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында байқалады.

Ауыл шаруашылығы жылдың басынан өндіріс көлемінің өсуін көрсетіп келеді, өсім 3,9%-і құрады. Өнеркәсіптің негізгі драйвері мал шаруашылығы. Маусымдық фактордың әсерінен өсімдік шаруашылығының өндірісі бірте-бірте артуда.

Тауарлар мен қызметтерді сату көлемі 2018 жылдың қаңтар-мамырында 5,8% құрады. Саладағы өсу қарқынының бәсеңдеуіне көтерме және бөлшек сауданың төмендеуі әсер етті. Астаны қаласын қоспағанда аймақтық деңгейде барлық өңірлерде сауданың өсуі тіркелді. Атырау облысында көтерме сауда көлемі екі есе өсті.

Байланыстың өсу қарқыны баяулап, 6,4%-і көрсетті. Байланыс қызметтерінде айтарлықтай үлес Интернет, ұялы байланыс және басқа телекоммуникация қызметтері орын алуда.

Инвестицияның жартысы екі өңірге тиесілі
2018 жылдың қаңтар-мамыр айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар 25,3%-ға артты. Инвестициялардың ең көп өсуі өнеркәсіп өндірісінде (31,2%-ға), жылжымайтын мүлікпен операциялар (41,4%), көлік (36,1%) және құрылыс (37,6%) салаларында тіркелді.

Инвестициялардың елеулі үлесі әлі де өнеркәсіптік секторға бағытталған (барлық инвестициялардың 62%-дан астамы). Ал инвестициялардың 26%-дан астамы жылжымайтын мүлікпен операцияларға, сондай-ақ көлік және қоймаға тиесілі.

Аймақтық контексте инвестициялардың көлемі бойынша Атырау облысы мен Астана қаласы (барлық инвестициялардың 50%-ы) көшбасшылары болып табылады, ал инвестициялардың ең аз көлемі Солтүстік Қазақстан облысында тіркелді.

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың 47%-дан астамы шикізаттық емес секторға бағытталды (бюджеттік инвестицияларды қоспағанда). Инвестициялардың жалпы көлемінде ішкі инвестициялардың үлесі 69,3%, ал сыртқы инвестициялардікі 30,7% құрады. Кәсіпорындардың меншікті қаражаты қаражатты қаржыландырудың негізгі көзі болып қалуда.

Бауыржан Мұқанов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу