Астанада қанша мың желікпе жүргізуші бары белгілі болды

7081

Құзырлы орган салық төлеуден қашып жүрген жүргізушілерге қатаң ескерту жасады.

Астанада қанша мың желікпе жүргізуші бары белгілі болды

Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің Берешектермен жұмыс басқармасының басшысы Айнұр Күлшікованың айтуынша, 2018 жылғы 1 қазандағы жағдайға сәйкес, көлік құралына салынған салық бойынша қазақстандық жүргізушілер төлемеген қарыздар көлемі 19 миллиардқа жеткен.

Қазіргі кезде 734 мың 59 көлік иесі "темір тұлпарлары" үшін мемлекетке салығын төлемей, жалтаруда. Соның ішінде ең көп берешегі барлар бас қалада тұрады екен. Атап айтқанда, Астана қаласында тұрып жатқан шамамен 80 мыңдай автокөлік қожайынына 2,5 миллиард теңге қарыз тиесілі. Осылайша, елордалық жүргізушілер барлық берешектің 13%-дан астамын бір өздері иеленуде.

"Біз берешектің жалпы сомасына егжей-тегжейлі талдау жүргіздік. Мәселен, Астанада 79 мың адамның қарызы бар. Олардың ішінде 86 пайызының берешегі 50 мың теңге айналасында. Борышкерлердің 37 пайызы немесе 29 мың 800 адамның 10-нан 50 мың теңгеге дейін қарызы бар. Жалпы, бұл онша үлкен сома да емес, демек, салық төлеушіге үлкен жүктемесін салмайды. Алайда 191 адамның қарызы 1 миллион теңгеден асады. Бұл жалпы санның 0,2%-ы", – дейді Айнұр Күлшікова.

Бетімен жіберсе, бұлар берешектерін жылдап төлемей жүре беруі мүмкін. Сондықтан мемкірістер органы жол полициясы бөлімшелерімен бірге жол бойында күрес ашпақ. Мұны заңдастыру үшін ведомство Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полициясы комитетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған.

Аталған құжат аясында құзырлы органдар бірлескен рейдтер жүргізетін болады. Оның барысында жол қозғалысы ережелерін бұзған кезде, жүргізушілердің көлік салығы бойынша берешегі де тексеріледі. Егер онысы анықталса, мемкірістер органдарының қызметкерлері жүргізушіге ескерту жасап, салық бойынша қарызы туралы қағазды табыстайды.    

Бұл ретте "Сергек" аппараттық-бағдарламалық кешенінің мүмкіндіктері кең қолданылатыны хабарланды. Қазіргі кезде "Сергек" тек Астанада ғана емес, өзге де қалаларда орнатылуда. Бұл жүйе бұзушылықтарды фототіркеумен ғана шектелмей, автокөліктер мәліметтерін өңдеп, дабыл қағуға, жолдағы жағдайға бейнесараптама жүргізуге қабілетті көрінеді.

"Қарызды өндіріп алудағы басты проблема халықтың салықты не айыппұлды төлегісі келмейтініне ғана емес, сондай-ақ қазақстандықтардың толық ақпараттандырылмағанына да қатысты. Әйтпесе, біз жолдайтын ескертпелердің көбісі қандай да бір себептермен, жеке тұлғаларға жетпей қалып жатады", – дейді Берешектермен жұмыс басқармасының басшысы.

Сондықтан көлік қожайындарына қарыздарын ең алдымен, өз еріктерімен өтеуге мүмкіндік беріледі. Мемкірістер комитеті өкілінің түсіндіруінше, егер ол адам жолда ескерту алғаннан кейін берешегін 30 жұмыс күні ішінде "сөндірмесе", құзырлы орган оған қатысты "салықтық бұйрық" шығарады. Бұл құжат сот орындаушыларының қарызды ұлықсат етілген кез келген жолмен мәжбүрлі өндіріп алуына толық жол ашады.

Борышкерлер туралы ақпарат жергілікті әкімдіктің инвестициялар, даму және кәсіпкерлік басқармасына да тапсырылады, тиісінше, бұл азаматтардың тізімі негізінде жергілікті атқарушы органдар "жосықсыз (адал емес) салық төлеушілер базасын" түзеді.

Бұл мәліметтер қазіргі кезде барлық полицейлер пайдаланатын планшеттерге де беріледі.

Биыл күшіне енген Салық кодексіне сәйкес, мемлекет алдындағы қарызын өтемеген азаматтардың банктердегі есеп-шоттарына мемкірістер органдары "тосқауыл" қояды: олар бойынша шығыс операцияларын жасау, яғни депозиттен ақша алу, картаға аудару, әлдебір тауар үшін есептесу мүмкін болмай қалады. Бұдан бөлек, ондай адамдардың өздерінің мүліктерін пайдалану құқығы да шектеледі: мысалға, автокөлігі тәркіленуі ықтимал. 

Ары қарай мемлекеттік кірістер органы бірізді әрі мәжбүрлі түрде берешекті өндіріп алудың өзге де тетіктерін іске қосатынын еске салады: азаматтың банктердегі есепшоттарынан ақша "сыпырылады", оның дебиторларының, отбасы мүшелерінің шоттарынан қаржы алынады. Егер олар жетпесе, борышкердің көлігі, одан әрі баспанасы алып қойылып, сатып жіберіледі. 

Бұл тәсілдер жеке практикамен айналысатын тұлғаларға, яғни нотариустарға, адвокаттарға, жеке бөлмесін ашқан дәрігерлерге, детективтерге, жеке кәсіпкерлерге, сондай-ақ заңды тұлғаларға қолданылады. 

Осы орайда сарапшылар қарызы және айыппұлы бар азаматтарды ешкім де сотқа шақырып, енді бұрынғыдай борышының заңды түрде есептелгенін оған дәлелдеп жатпайтынын еске салады. Өйткені 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Жоғарғы соттың ұсынысымен, салық органдарының талап-арыздары "дау тудырмайтын талап" деп танылды және салық органдарының қарызды салық төлеушінің мүлкі есебінен өндіріп алу мәселесімен сотқа жүгінуі тәжірибесі тоқтатылған. Бұдан былай құзырлы орган салық төлеушіге құлақтандыру қағазын ғана жібереді, егер содан кейін берешек өтелмесе, әлгінде айтылған "салықтық бұйрық" шығарады да, сот орындаушысы бірден "тәркілеуге" кірісе алады.

Сонымен қатар, Ішкі істер министрлігі кейінгі уақытта азаматтардың жол жүрісі ережелерін бұзуды тіркеудің автоматты жүйелері арқылы тіркелген құқық бұзушылықтар үшін айыппұлдардың бар-жоғын тексеру тәсілі және олармен келіспеген жағдайда, шағымдану тәртібі туралы мәселелермен жүгінулері жиеленіп кеткенін мойындайды.

Осыған байланысты, Әкімшілік полиция комитеті көлік құралдарының иелері өз бетінше "Egov.kz" және "Qamqor.gov.kz" сайттарында айыппұлдардың бар-жоғын тексере алатынын және көрсетілген сайттар арқылы онлайн режимде бірден төлеп тастауға мүмкіндіктері барлығын түсіндірді. 

Бұдан басқа, "Qamqor.gov.kz" сайтында "Айыппұлды төлеу қажеттілігі туралы ұйғарымды" басып шығару мүмкіндігі көзделген. Онда автомашинаның иесі қажет болған жағдайда түсінік алу үшін жүгінуі мүмкін ішкі істер органы бөлімшесінің төлефон нөмірі және мекенжайы көрсетіледі.

"Темір тұлпар" қожайыны салынған айыппұлмен келіспесе, өз ауданындағы Әкімшілік полиция басқармасына өтініш беруге құқылы, сонда оны қарау және тексеру нәтижелері бойынша тиісті шешім қабылданатын болады. Егер өз шағымы бойынша ішкі істер органы қабылдаған шешімге де келіспесе, қазақстандық тиісті ұйғарымға шағым жасап, сотқа жүгіне алады.

Әкімшілік полиция комитеті 2017 жыл қорытындысында барлық айыппұлдардың жартысына жуығын жүргізушілер жеңілдікпен төлегендерін мәлімдейді. Нақтырақ айтсақ, өткен жыл бойында ішкі істер органдары жол жүрісі ережелерін бұзған 2 миллионнан астам жүргізушіге айыппұл салыпты. Олардың шамамен 45%-ы немесе 960 мыңы міндеттелген айыппұлдың тек тең жартысын ғана өтеп құтылыпты. Қолданыстағы әкімшілік заңнама бұған мүмкіндік береді: егер бұзушылыққа қатысты бап айыппұлдан басқа жазаны қарастырмаса, жүргізуші бұзушылық жасағанын мойындаса және жеті жұмыс күні ішінде төлесе, айыппұлды 50%-дық жеңілдікпен төлеуге ұлықсат етіледі.   

Сарапшылар жол үсті мен бойындағы жұрттың үрейін ұшырып, жын ұрғандай айдайтын желікпе жүргізушілердің саны да көбейіп келе жатқанын атап өтеді. Мәселен, Алматыда белгіленген жылдамдықты асырған 110 мың жүргізуші анықталған. Екінші орында 26 мыңдық көрсеткішпен Алматы облысы келеді. Шығыс Қазақстан облысында көлігімен құйындатуды жақсы көретіндер саны тек бірнеше жүз жүргізушіге ғана кем көрінеді. Астанада мұның 20 мың дерегі тіркелді. Жалпы алғанда, еліміз бойынша жылдамдықты асырудың 352 мың дерегі әшкере болды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу