"Сергек" туралы он шынайы дерек

Қаңтардың соңынан бастап айыппұлдар SMS хабарлама түрінде ескертіледі.   

"Сергек" туралы он шынайы дерек

Жыл басынан бері Алматыда 400 "Сергек" фото-бейне бақылау кешені іске қосылды. Нәтижесінде ақпараттық жүйе бір аптаның ішінде 42 млн теңгеге 2564, екі аптада 53 млн теңгеге 3200 жол ережесін бұзу фактісін тіркеді. Айыппұл көлік иелеріне жеткен бойда халық арасында "Сергек" қандай құқық бұзушылықтарды тіркейді, айыппұл кімнің қалтасына түседі, жол бойына неге төрт немесе одан да көп камералар орнатылады, камералар бет-бейнені тани ма сынды сан сауал туды. Назарларыңызға "Сергек" туралы он шынайы деректі ұсынамыз. 

1. Барлық айыппұл мемлекеттік бюджетке түседі

Алматы қаласы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос Мұратәлиевтың сөзінше, айыппұлдан түскен қаражат жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларына жұмсалады.

"Әкімшілік айыппұлдардың бір тиынына дейін мемлекеттік бюджетке түседі. Ол қаражат  жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларына жұмсалады. Бұл жүйені айыппұл төлету үшін емес, жол көлік оқиғаларының санын азайту үшін енгіздік", – деді басқармасының басшысы.

2. "Сергек" сақтандыру полисі жоқ көліктерді тіркемейді

Сақтандыру полисі жоқ  жүргізушілерге айыппұлды тек полиция инспекторы сала алады. Мәліметтер базасын интеграциялау нәтижесінде сақтандыру туралы ақпараттар жол полициясы қызметкерінің қолындағы планшеттерге келіп түседі. Сондықтан ақпараттық-бейне бақылау кешені бұл заң бұзушылықты тіркемейді.

3. Камералар тек жолдағы құқық бұзушылықты анықтамайды

"Сергек" – бірінші кезекте қоғамдық қауіпсіздікке жауап береді. Ол жол бойы мен көше қиылыстарынан бөлек мектептердің жанында, аулаларда, сауда орталықтарының маңы мен халық көп жиналатын өзге де орындарда орнатылады. Жалпы бейнебақылау камераларымен қамтамасыз ету бойынша алматылықтардан 30 мыңнан астам ұсыныс түскен.

"Көше бойындағы кешен көлік  қозғалысын ғана емес, жалпы жағдайды бақылайды. Соған сәйкес қала тұрғындары өздері камераларды орнатуды сұрап өтініш жасайды. Сонымен қатар біз арнайы сараптама жасап, ЖКО ең жиі орын алатын аймақтарды осы жүйемен қамтуға  тырысамыз.  Жалпы қаладағы барлық камера интеграцияланып, одан жиналған ақпараттар  жағдаяттық орталықтарға жіберіледі", – деді әкімшілік полиция басқармасының басшысы.

4. Қауіпсіздік балбеуін тақпау мен ұялы телефонмен сөйлескендерге айыппұлдар салына ма?

"Сергек" автоматты режимде көліктің ішіндегі жағдайға айыппұлдар сала алмайды. Оны полиция қызметкері ғана тіркей алады. Айта кетерлігі, "Сергек" жылдамдықты асыру, бағдаршамның қызыл түсіне өту, жол белгілері талабын бұзу, қоғамдық көлікке бөлінген жолаққа шығып кету сынды ереже бұзушылықтарды тіркейді.

5. Айыппұлдар автоматты түрде жіберілмейді

Жол-көлік қозғалысы бұзылған жағдайда мәліметтер автоматты ақпараттық жүйеге сақталады. Кейін әкімшілік полиция инспекторлары оны тексерген соң, электронды-цифрлық қолтаңбамен мақұлдап, тәртіп бұзғандарға айыппұл жіберіледі.

6. Кешен адамның бет-бейнесін тани ма?

Елімізде адамның бет-бейнесін танитын камералар орнату заңмен реттелмеген. Сондықтан ақпараттық кешенді жасаушылар мұндай мүмкіндіктерді қолданудан бас тартты. 

7. "Сергек" – отандық жоба

Кешеннің алгоритмдері мен бағдарламасын қазақстандық IT-мамандар әзірлеген. Жобаның авторы – "Көркем Телеком" компаниясы.

8. Ақпараттық-бейнебақылау камералары кез келген көлікті таба алады

Камералар жедел іздестіру шараларын жүзеге асыруға қауқарлы. Оның ішінде іздеу жарияланған көлікті анықтау, алимент немесе айыппұлдарды төлеуден жалтарып жүрген адамның темір тұлпарын табуды айтуға болады. Сонымен қатар "Сергек" жалған және шетелдік нөмір таққан көлікті тауып бере алады. 

9. Бір жол айрығында неге төрт немесе одан да көп камера орнатылады?

Мегаполистегі 400 "Сергек" кешеніне 2 мың камера кіреді. Әр жол айрығында төрт немесе одан да көп камера орнатылады. Себебі бір құрылғы тек екі жолақты бақылай алады.

"Сондықтан алты жолақты үлкен даңғылдарда және оның қиылыстарында 6,8 камера орнатылады. Жалпы 400 кешеннің 300-і жылдамдық режимін бақылауға негізделген. Ал өзге 100 кешен қалған өзге ереже бұзушылықты тіркейді. Күніге 100-ден 200-ге дейінгі аралықта заң бұзушылық анықталады.  Алдағы жылы тағы 300 кешен орнату жоспарланып отыр", – деді әкімшілік полиция басқармасының басшысы.

10. Айыппұлмен келіспесеңіз камераларды қайта қарауға бола ма?

Егер айыппұлмен келіспесеңіз әкімшілік полиция департаментіне барып өтініш жазып, инспектормен бірге камераларды қайта қарауға болады. Тіпті кейде соның нәтижесінде айыппұлдар өшірілуі мүмкін.

"Жылдамдыққа байланысты айыппұлдар талқыланбайды. Өйткені ол анық көрсетіледі. Ал жол белгілеріне байланысты келіспейтіндер болады. Ондай кезде біздің инспекторлар қайта камераларды қарап мәселені шешуге тырысады. Егер қыс мезгілінен кейін жол белгісі өшіп қалып, сол үшін жүргізушіге айыппұл келіп, ақиқаты дәлелденсе айыппұл өшіріледі", – деді Жандос Мұратәлиев.

Бұдан бөлек басқарма басшысы "Сергек" бойынша айыппұлдар осы айдың соңынан бастап SMS-хабарлама түрінде ескертілетінін айтты.

"Айыппұл туралы хат поштамен баратын. Енді SMS-хабарлама түрінде жіберуді қолға алдық. Шамамен айдың соңыға қарай осы жүйе іске қосылуы керек. Сонымен қатар полиция инспекторлары жолда тоқтатып, планшет арқылы айыппұлдарыңыз туралы айтуы мүмкін. Бұл да ескертпенің бір түрі", – деді басқарма басшысы.

 Керек кеңес

Бұл ретте Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоков алматылықтарға " айыппұл төлегің келмесе ереже бұзба" деген кеңес айтты.

"Сергектерді" енгізу дұрыс әрі пайдалы деп есептеймін. Бұл әлемдік тәжірибе. Бізді, яғни, жүргізушілерін бақылап, жазалау арқылы жол-көлік қозғалысы ережесін сақтауға үйрету керек. Қазіргі кезде осы тақырыпқа қатысты желіде көтерліген хайп бастапқыда болатын талқылау ғана. Біртіндеп барлығымыз бұған үйренетін боламыз. Бастысы бұл жолдағы қауіпсіздік деңгейін көтеруге  әсер етеді",– деді сарапшы.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу