Астанада "Қарабақ" дәмханасының қожайыны өзін-өзі атып тастады

4216

Ашынған кәсіпкер сот орындаушысының көз алдында өз-өзіне қол салған.

Астанада "Қарабақ" дәмханасының қожайыны өзін-өзі атып тастады

Қайғылы оқиға 16 тамыз күні орын алған. Сот орындаушысы сол күні сот қаулысын орындау мақсатында қоғамдық тамақтану орнын сүруге келген көрінеді.

"Астанада, Қарағанды және Павлодар бағыттарындағы трассалар арасындағы айналма жолда заңсыз салынған жол бойындағы дәмхананы сот орындаушысы күресінге жіберу кезінде дәмхана қожайыны қарудан ату арқылы өзіне-өзі қол салды. Қазіргі кезде тергеу жұмыстары жүргізілуде", – деп хабарлады ішкі істер органы.

Бұл оқиғаға қатысты түсініктеме берген елордалық әділет департаменті "заңсыз иеленген жер учаскесін ғимаратты сүру жолымен мәжбүрлі түрде босату туралы шешімді сот 2017 жылдың 26 қыркүйегінде шығарғанын" еске салды. Кәсіпкер бұған наразылық танытып, апеляциялық тәртіпте шағым түсіріпті. Бірақ сот үкімі өзгеріссіз қалдырылған және "өткен жылдың 13 желтоқсанында заңды күшіне енген".    

"Оны орындау туралы атқару қағазы Астана қаласының әділет департаментіне биылғы 20 маусымда келіп түсті. Мемлекеттік сот орындаушысы атқару өндірісін қозғады. Оған сәйкес, 2 тамызда борышкерге сот шешімін ерікті түрде орындау ұсынылды. Бұдан оның жалтаруына байланысты сот шешімін мәжбүрлі түрде орындату 16 тамызға жоспарланды. Бұл турасында ғимараттың иесі алдын ала, 10 тамызда құлағдар етілген болатын", – деп мәлімдеді әділет ведомствосы.

Бұл жерде сот орындаушысына еш айып тағылмайтынға ұқсайды. Өйткені әділет департаменті "мемлекеттік сот орындаушысының барлық әрекеттері қолданыстағы заңнаманы қатаң сақтай отырып, жүзеге асырылғанын" нықтайды. 

Бұл оқиға Астана қаласының ішкі істер департаменті Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелген. Енді Қылмыстық кодекстің 105-ші бабы, 1-ші тармағы бойынша ("өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу") тергеулер басталған.

Бұдан бұрын жария болғанындай, 58 жасар Майор Авазов елорда шетіндегі Қарағанды және Павлодар тас жолдары арасындағы айналма жол бойында "Карабах" дәмханасын тұрғызып, жеке ісін жолға қояды. Алайда оның жерді жалға алу туралы құжаттары заңсыз деп танылып, жергілікті атқарушы органдар 0,0092 гектарлық ұлтарақтай жерде орналасқан нысанның сүрілуі туралы шешімге қол жеткізген. Ұзақ күресте мерейі үстем бола алмай, әбден қабырғасы қайыса қамыққан кәсіпкер дәмханасы қиратылып жатқанда, оның жанындағы, жүз метр жердегі орман арасына барып, аңшы мылтығымен атылып қалыпты.

Елордалық әкімдік журналистерге "Карабах" дәмханасының мемлекетке қарасты ол жерде заңсыз салынғанын хабарлады. Алайда М.Авазовтың өкілі сот үдерісі кезінде дәмхана иесінің "Astana Green Resource" ЖШС-мен жерді жалға алу туралы келісім бекіткенін алға тартқан болатын. Ақырында елорданың Алматы аудандық соты қалалық Жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының жағына шықты. Сонымен қатар, Майор Авазовқа Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 136-шы бабына сәйкес, "мемлекеттік жер телімін заңсыз иеленгені үшін" айыппұл салынды. Мұның сыртында кәсіпкер "Карабах" кафесінің жұмысын тоқтатуға және жер телімін босатуға міндеттелді.

Бұл шешімге осының алдында, 2014 жылғы 13 қаңтарда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының сырттай үкімімен, "Astana Green Resource" ЖШС-ы мемлекеттің ол жерін пайдалануға деген құқығынан айырылуы себеп болыпты. Ал Майор Авазов бұл компаниямен 2015 жылдың 15 маусымында жерді жалға алу туралы келісімге отырған. Сондықтан сот бұл келісімді күші жоқ мәміле деп таныды. 

Сарапшылар ол жерге құқығы болған "Astana Green Resource"-пен мәміле жасасқан кәсіпкердің алаяқтар құрбаны болуы мүмкіндігіне де назар аудартады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу