Астанадағы нысандар бизнестің басқаруына берілмек

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
2478

Астана қаласының әкімдігі медицина, спорт және білім беру нысандарын сатуы мүмкін 

Астанадағы нысандар бизнестің басқаруына берілмек

Бұл туралы Астана әкімінің орынбасары Малика Бектұрова abctv.kz-ке берген сұхбатында айтты.

– "Алай" нарығы мен "Кеңмарт" кешені жанында  жаңа автостанциялар салынды. Бұған дейін біреуі "Қамқор" базарының маңайындағы мемлекеттік-жеке әріптестік (МЖӘ) аясында салынады деген екі автовокзал салу идеясы бос сөз болғаны ма?

– Біздің МЖӘ бойынша атқаратын жоспарымыз үлкен. Өзіңіз білесіз, автобус станциялары мен МЖӘ бойынша автовокзалдарды салу жобасын іске асыру талқыланған кезде МЖӘ туралы заңның қазіргі нұсқасы бекімеген,  яғни  ол кезде концессия туралы ескі заң болатын. Осыған орай қиындық туындағаны рас, барлық құжатты әкімдіктің өзі әзірлеуі керек болды. Бұл рәсім жасаудың уақытын созып жіберді. Бүгінгі таңда МЖӘ туралы заң қабылданып, жұмыс істеп жатыр. Жаңа заңмен ірі жобаларды іске асыруға болады. Яғни инвестор әкімдіктің жобалық-сметалық құжаттаманы дайындағанын күтіп отырмай, жобаны өзі әзірлеп, бастама жасай алады. Сондықтан осы екі мәселе біздің бақылауымызда болады. Көлік саласындағы МЖӘ идеясынан, оның ішінде автовокзалды салудан бас тартып отырған жоқпыз. Қазір іске қосылған көлік орталықтары ("Алай" нарығы мен "Кеңмарт" кешені жанында салынған жаңа автостанциялар) бизнес пен қаланың өзара әрекет етуін көрсетеді. Бұл жер логистикалық және бағдарлы тұрғыдан алып қарағанда өте ыңғайлы болды, сонымен бірге инфрақұрылымда дайындалып қойған. Сол себепті қала тұрғындарының тұтынуына ыңғайлы болу үшін және тасымалға сұраныстың өсуінен осы автостанциялар іске қосылды. Алайда автовокзал салуға қатысты ірі жобадан бас тарқан жоқпыз, қазір инвестор іздеп жатырмыз. Осы жобаны іске асырғысы келетін инвесторлар болса, оларды қуана қарсы аламыз.  

– "Қамқордың" маңайында сүру жұмыстарының жүріп жатқаны осы құрылысты бастауға дайындық па?

–  Сүру және жерді алуға қатысты мәселе менің құзіретіме кірмейді. Бұл сұрақтың жауабын осы мәселемен айналысатын тиісті басқарма береді.

–  МЖӘ бойынша салынатын балабақшаларға қытайлық және польшалық инвесторлар қызығушылық танытып отырған көрінеді. Бұл жобамен кім айналысады?

–  Балабақша құрылысына қатысты айтар болсақ, мәселе былайша өрбуде. Астана қаласының білім беру басқармасының басшысы МЖӘ орталығымен бірлесіп, Facebook-тағы парақшаларында бұл жобаның бастау алғаны және алты инвестормен МЖӘ механизмі бойынша салынатын алты балабақша құрылысы туралы  алты келісім жасалғанын жариялаған. Оның төртеуі – польшалық инвесторлармен іске асатын балабақша жобасы. Келісім жасалып, мәселе қоғамдық тыңдауға  шығарылып, содан кейін мәслихатта қаралған. Әкімдік бұл міндеттерді қабылдаған, яғни балабақшаларды салу жұмысы басталып кетті.

–  Қолданыстағы тариф инвесторлардың көңілінен шығып отыр ма? Тариф бойынша кесте қандай болады?

–  Бұл жердегі өтеу кестесі құрамдастырылған, яғни ол жартылай мемлекеттік тапсырыс есебінен балабақшаға баратын әр балаға шаққандағы ақшамен қайтарылады. Қалғаны балабақша жобасына қарай алты жылдан он жылға дейінгі уақытта капиталдық инвестициялық шығындарды ішінара қайтару есебінен жүзеге асады. Балабақша салынып біткеннен кейін, шығын өтелгенше жобаны сіз басқаратын боласыз. Төлеу мерзімі аяқталғаннан кейін балабақша біздің коммуналдық меншікке өтеді.

 –  "Астана" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы МЖӘ аясында жекеменшік крематорий немесе патологанатомиялық бюро салуды жоспарлаған еді. Бұл жұмыс не болды?

 –  Иә. Патологанатомиялық бюро – бұл мәйітхана. Келешекте және қазіргі уақытта іске асып жатқан МЖӘ жобалары тізімінде бұл мәселе қарастырылған. Болашақта жеке инвесторлардың қарастыруына  байқау жариялау үшін қазір жауапты басқармамен және МЖӘ орталығымен бірлесіп құжат дайындап жатырмыз. Қолында ресурсы және мұндай жобаны іске асырғысы келетін тәжірибесі бар кез келген инвестор біздің конкурсқа қатыса алады. Бұл туралы Facebook-ғы "Астана" ӘКК парақшасынан, әкімдік сайтынан білуге болады. Сонымен қатар МЖӘ орталығы да ақпаратты жариялап отырады, сондай-ақ инвесторларға қызмет көрсету орталығында МЖӘ бойынша басталған және іске асып жатқан жобалар туралы ақпарат алуға болады. Егер бизнес тарапынан қызығушылық болатын болса, онда біз қатысуға және көмектесуге дайынбыз. Жақында патологанатомиялық бюроны салуға қатысты жеке инвесторды анықтау конкурсы болады.

– Оның қай жерге салынатыны шешілді ме?

– Бұл жобаға жер бөлініп қойған, сонымен бірге  техникалық-экономикалық негіздеме және жобалық-сметалық құжаттама да дайын.

МЖӘ аясында салынатын басқа медициналық нысандар бар ма?

– Иә. Денсаулық сақтау саласы бойынша бірнеше МЖӘ жобасы бар. Олардың бір бағыты – бұл қазіргі ауруханалар мен емханаларды сенімгерлікпен басқаруға беру. Қазір нақты қандай емхананы МЖӘ механизмі бойынша сенімгерлікпен басқаруға беру керектігіне бағалау мен тексеру жүргізіп жатырмыз. Тексеріс біткеннен кейін нақты емханалар пулы туралы хабарлаймыз. Бұл нысанды сенімгерлікпен басқаруға алу үшін инвестордың біліктілігі, тәжірибесі, қаражаты және бұл нысанды алуға деген ықыласы болу керек.

–  Инвестор қандай да бір бастапқы қаражат салуы керек пе?

– Міндетті түрде.

–  Ұжым жұмыс істеп тұрған емхананы сенімгерлікпен басқаруға ала алады ма?

– Теориялық тұрғыдан алып қарайтын болсақ, ұжым да сенімгерлікпен басқаруға ала алады, ешқандай шектеу жоқ. Бірақ мұндай конкурсқа қатысуға ресми өтінім беру үшін ұжым бір заңды тұлға ретінде бірігуі керек. Бір мысал келтіре кетейін. Бұған дейін болған конкурстарда шамамен 10-12 қатысушы болған. Яғни бұл дәстүрлі тендер емес. Біз конкурстық комиссияның мүшесі ретінде бірінші біліктілікке мән береміз. Мұндай жобаны іске асыруға ең жақсы деген инвесторды таңдауға мүмкіндік болу үшін қатысушының көп болғанын қалаймыз.

– Астанада МЖӘ аясында іске асып жатқан қандай білім беру жобасы бар? Жұмыс істеп тұрған музыка мектептері мен өнер мектептерін біріктіреді деген жоспар бар деп естідім. Сонымен қатар олар жеке-жеке сенімгерлікпен басқаруға берілуі мүмкін деген сөз бар. Адамдарда жұмыстарынан айырылып қаламыз деген қорқыныш бар, сондай-ақ бұл оқу ақысын қымбаттатуға әкелмей ме? Жалпы осы мәселеге қатысты іс қалай шешілуде?

– Біздің жекелеген жоспарларымыз бар, алайда оған қатысты нақты шешім қабылданған жоқ. Неге дейсіз ғой. Өйткені барлығын бюджет есебінен қаржыландыратын болсаң, ақыр соңында тұтынушының пайдаланылатын қызметі үшін төлем жасауға кепіл боласың. Ал мемлекеттік-жеке әріптестік жобасын іске асыру туралы айтқан кезде жеке серіктес пайда болмаса жобаға келмейтінін жақсы түсінуіміз керек. Оның табыс алатыны заң жүзінде бекітілген. Бұл дұрыс, яғни әріптестіктің мәнісі де осы. Бірақ бұл табыс тұтынушының төлейтін ақысының артуы есебінен іске асады. Сондықтан бұл мәселеге аса ыждахаттылықпен қараудамыз. Қазір жан-жақты зерттеп, танысып жатырмыз. Сондай-ақ мұндай қызмет түрі қаншалықты қымбаттауы мүмкін екеніне тексеріс жасаудамыз. Мұның барлығын қоғамдық тыңдалымға шығарамыз, сондықтан бұл  мәселені шешуде асықпаған жөн, өйткені мұның барлығы айналып келгенде әлеуметтік мәселеге келіп тіреледі. Бизнестің өркендеуі, инфрақұрылымның дамуы үшін мұның іске асқанын қалаймыз. Өйткені бұл жобаға келген инвестор қаражат салатыны анық қой. Ол жөндеу жұмысын жасап, жаңа жабдық сатып алуы мүмкін, бірақ мұның барлығы көрсетілетін қызмет құнына кіргізіледі. Сол себепті қазір бәрін бағдарлап, мұны кезең-кезең бойынша іске асыруға шешім қабылдадық.

– Бюджеттің қалтасын қақпайтындай, жұмыс орнын сақтай отырып сіздерге немесе жеке компанияға табыс әкелу үшін  негізгі принцип қандай болады?

– Біз бірнеше мақсатта жұмыс істейміз. Ең бірінші, әрине бұл бюджетке түсетін салмақты азайту, яғни қала балансында тұрған кез келген нысанды ұстау керектігі түсінікті. Сондықтан қалалық мүлікті жеке инвесторға сенімгерлікпен басқаруға беру, бірінші кезекте, бюджетке түсетін салмақты азайтады. Яғни енді бұл нысанды ұстау жеке инвестордың бас ауруы болады. Бірақ бұл біздің негізгі мақсатымыз емес. Екінші мақсат – бұл, әрине  ұсынылатын қызмет көрсету сапасын жақсарту. Қалада не көп, нысан көп. Оның барлығы назардан тыс қалып жатқан жоқ. Бірақ жеке инвестор сияқты мейлінше көңіл бөлінбейтін шығар. Өйткені инвестор нысанды басқаруға алғаннан кейін оған ерекше көңіл бөлетіні анық. Яғни бұл сапаны немесе көрсетілетін қызмет сервисін жақсарту. Үшінші – бұл жаңғырту. Егер қаладағы мектеп пен музыкалық мектептердің саны көп болса, онда оған жаңғырту, жөндеу жұмыстарын жыл сайын жасай алмайтынымыз анық. Өйткені бұл үлкен қаражатты қажет етеді. Ал жеке инвестор болса мұны жасай алады. Себебі бұл оған керек. Ол жөндеу жұмысын жүргізіп, жаңғырту жасайтын болса, оған келетін тұтынушының саны да артады, ал бұл түсетін табысқа тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл жерде бірнеше міндет бар, мұның барлығы президенттің қойған міндетімен байланысты. Ол МЖӘ механизмі бойынша жеке басқаруға беру немесе жекешелендіруге шығару. Көбінесе жеке инвестор тиімді басқарушы болады. Сондықтан жүктемені азайту мен қызмет сапасын арттыру үшін осындай жобаларды іске асырамыз.

– Ірі нысандар туралы айтсақ. Бұдан бірнеше жыл бұрын "Қазақстан" ОКЗ мен "Астана-Арена" кешенін, велотректі және басқа да ірі нысандарды ұстау үшін бюджеттен жыл сайын миллиардтаған қаражат жұмсалады деген әңгіме болған еді. Алайда бұл нысандар осыншалықты  қаражат таба ма? Менің білуімше, бұл нысандардың өтелімділігі өте аз.

–  "Астана" ӘКК бірқатар ірі нысандардың жұмысын бағалаумен айналысады. Оларда нақты тізімі бар. "Астана" ӘКК тексерісті қандай мақсатпен жасап жатыр? Басқарудың әлсіз тұстарын және артықшылығын анықтап, арнайы іріктелген адамдардан  басқарушы команда құру мүмкіндігін қарастырып отыр. Әлемдік ірі ареналар арнайы іріктеп алынған команда арқылы басқарылады немесе оларды сенімгерлікпен басқаруға береді. Бұл оны сату немесе өмір бойы біреуге беру деген сөз емес.

Бұл KPI (Key Performance Indicator) деп аталатын нақты міндеттер қойылған басқарушы компания немесе команда болуы мүмкін. Қаладағы кез келген аренаны алып қарайық, мемлекет басшысы айтқандай, оған жүз пайыз жүктеме қажет. Мысалы Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасын алып қарайық, ол жерде бір күні бокс, екінші күні баскетбол, одан әрі басқа жарыс өтіп жатады. Яғни үнемі үнемі жүктеме болып тұрады. Бізде де солай болу керек. Бұл нысандары пайдалану деңгейі өсу керек, KPI дәл осындай нысандар үшін жасалады. Сондықтан оларды пайдаланудың тиімділігін арттыру үшін келешекте қалаға  пайда әкелетін нысандарды қарастырудамыз.

–  Бұл шешім қашан қабылдануы мүмкін?

– Қазір осы бойынша команда жұмыс жасап жатыр. Жақында қандай команда, қандай маман керектігі жайында ұсыныс аламыз. Егер ол спорттық арена болатын болса, онда оған мұндай жобаны іске асыруда тәжірибесі, білімі бар спорт менеджері керек. Біз Сингапурдың тәжірибесімен таныстық. Оларда Сингапурлық спорт орталығы бар. Олар кәсіби басқарушылар командасын жалдаған, ал бұл команданы жалдағанға дейін нысандарды пайдалану деңгейі 20-25% ғана болған. Ал кәсіби команданы жалдағаннан кейін нысандарды пайдалану деңгейі  70-80%-ға дейін өскен. Сондықтан нысандарды тиімді іске асыру үшін әр түрлі жолды қарастырып жатырмыз.

– Көше бизнесі бойынша айтатын болсақ, онда машинасының сыртында өзінің көше бизнесін жарнамалаған адамның қиындықтарға тап болғаны есіме түседі.  Астанада көше бизнесін құру және біріздендіру үшін қандай да бір тұжырымдама бар ма?

Үш жыл қатарынан "1000 орын" бағдарламасы іске асуда. Осы бағдарлама бойынша адамның бизнеспен заңды түрде айналысуы және осыған қатысты барлық  рұқсатты алуы, жер телімін жалға алуы үшін жер телімдерін ұзақмерзімге жалға берудің үш кезеңі өтті. Жер телімін бұрынғыдай емес,  жеті жылға береміз. Сондықтан бұл бағдарламаны жалғастыруды және санын арттыруды жоспарлап отырмыз. Ол шартты түрде  "1000 орын" деп аталады. Ал іс жүзінде мың деген шектеу емес.  

– Қазір қанша орын бар?

– Бүгінгі таңда 500-ден астам жер телімі ұсынылды. Оның ішінде гүл сататын дүкен, фаст-фуд, стационарлық емес сауда орындары бар.

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу