Астананы құшағына алған аймақ бір сүрініп, бір тұрып келеді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3420

Ақмола облысының әкімі биыл өңірде жиналған сапалы астықты экспортқа шығаруда кедергілер барын жасырмады.

Астананы құшағына алған аймақ бір сүрініп, бір тұрып келеді

Осы жылы ақмолалық диқандар 5,1 млн тонна астық жинады. Жиналған ырыстың 88%-ы – сапасы жоғары өнім. Алайда кәсіпкерлер отандық өнімді сыртқа шығаруда кедергілерге тап болып отыр. Яғни, вагон жетіспеушілігі экспорттың жолын бөгеуде.

"Біз үшін астыққа қатысты дүниенің бәрі маңызды. Себебі Ақмола – астықты өңір. Иә, мәселе бар. Жоқ десем, өтірік айтқан боламын. Әсіресе, бұл мәселе қазан айында тығырыққа тіреді. Қазір жағдай біршама реттелді. Қараша айының соңына қарай аталған мәселе мүлдем жойылатын болады. "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының басшысы Қанат Алпысбаевпен күнделікті ақылдаса отырып, вагон жетіспеушілігін реттеудеміз", – деді Мәлік Мырзалин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Әкімнің сөзінше, аталған жағдайға қатысты облыста арнайы штаб құрылған. Штаб өкілдері Ақмола облысы әкімінің орынбасары Асқарбек Үйсімбаевтың басшылығымен күн сайын кешкілік Көкшетау қаласындағы "Қазақстан темір жолы" компаниясының ғимаратында жиналып, күн тәртібінде тұрған мәселелерді қаузап, тиісті шешімдерді қабылдайды.

"Штаб отырысына осы салаға қатысы бар мекемелердің өкілдері түгелдей жиналады. Осылайша, жағдайды күн сайын назарда ұстап отырмыз", – деді облыс әкімі.

Еске сала кетейік, Ақмола облысы жоғары сапалы астықтың төрттен бірін шетелге экспорттайды.

Орталық коммуникациялар қызметінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндаған Мәлік Мырзалин Атбасардың келер жылғы көктемгі су тасқынына дайындығын да тілге тиек етті.

"Ауданда екі көпір бар. Бірі автокөліктерге арналған, екіншісі – теміржол көпірі. Қос көпірдің айналасын қоқыстан, бей-берекет өскен бұталардан тазарттық. Арнасын тазаладық. Автокөліктер жүретін көпірге секундына 40 текше метр суды өткізуге мүмкіндігі бар құбырлар орнатылуда. Жоспарланған шаралар кешені қыстыгүні де жалғасады", – деді Мәлік Мырзалин.

Әкім Атбасар ауданына бөгет салу мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Су ресурстары комитетінің ауданға өндірістік бөгет қажет деген тұжырымы да бар.

"Биылғы көктемде атбасарлықтардың су тасқынынан зардап шеккені мәлім. Бөгет алдағы уақытта төтенше жағдайдың алдын алу үшін қажет. Десе де, біз бұл істің тиімді әрі арзан нұсқасын қарастырудамыз. Су тасқынынан зардап шеккендер үшін салынып жатқан 11 үй биыл пайдалануға беріледі. Бірақ сонда да 300-дей адам қауіпті аймақта қалғалы отыр. Бәлкім, бөгеттен гөрі, қауіпті аймақтағы тұрғындарға басқа жерден үй салып берген әлдеқайда тиімді шығар. Осы жағын ойластырудамыз", – деді Мәлік Мырзалин.

Әкімнің айтуынша, су тасқанынан зардап шеккендер үшін Атбасардан пәтер жалдап тұруға қажетті қаржы бөлінуде.

"Айына 40 мың теңге көлемінде қаржы беріледі. Бұл Атбасар үшін жеткілікті өтемақы. Қазіргі уақытта 45 пәтерлі 11 типтік үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оның алтауы биыл пайдалануға берілмек. Қалған бес үйдің құрылысы келер жылы аяқталады. Бүгінде арнайы комиссия жаңа пәтерге ие болатын отбасыларды анықтап қойды", – деді облыс басшысы.

Аймақ басшысы Астанада өткен ЭКСПО-2017 көрмесінің Ақмола облысы үшін табысты өрілгенін жеткізді. Бұл ретте, халықаралық көрмеде таныстырылған 5 жобаны облыс аумағында жүзеге асыру көзделіп отыр. Сондай-ақ лифт пен экскалаторлар шығаратын жергілікті зауыт ЭКСПО-2017 көрмесіне атсалысқан. Көрме нысандарына ақмолалық зауыттың жоғары жылдамдықты 77 лифті мен 8 экскалаторы пайдаланылған.

"Индустрияландыру бағдарламасы аясында облыста алтын өндіру 4 есеге ұлғайып, республикалық көрсеткіштің 34%-ын құрады. Жыл соңына дейін өңірде 95 млрд теңгенің 7 жобасы жүзеге асырылып, 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жақын арада жылына 2 млн тонна өнім шығаруға қауқарлы цемент зауыты іске қосылмақ. Сондай-ақ жылдық қуаты 80 мың тоннаны құрайтын каолинді тау кен байыту комбинатының құрылысы басталды", – деді Мәлік Мырзалин.

Ақмола облысындағы тағы бір тамаша жоба қолға алынбақ. Ол – бидай сабанынан қағаз шығаратын зауыт. Бұл жоба Қытай тарапымен бірлесіп жүзеге асырылатын болады. Аспанасты елі аталған жобаға 300 млн доллар көлемінде инвестиция тартуға әзір. Зауытта қағаз, картон, органикалық тыңайтқыштар өндірілмек.

Сонымен қатар, 2018 жылы Макинск кентінде жылына 50 мың тонна өнім өндіретін құс фабрикасын ашу көзделуде. Бұдан бөлек Астрахан ауданында жылына 5 мың тонна ет өңдейтін зауыт құрылысы жоспарланған. 

Әкім туризм саласын да тілге тиек етті. Оның айтуынша, өңірге келетін демалушылардың 30%-ы шетелдіктер. Бұл ретте, Мәлік Мырзалин келер жылы жол бойындағы сервисті дамытуға айрықша назар аударылатындығын айтты. Алдағы жылы жол бойында орналасқан 140 нысан қалпына келтірілмек.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу