Астық тасымалы тығырықта тұр

Клара Ларина Клара Ларина
3085

Еліміздегі астық таситын вагонның әрбір тоғызыншысы Ақтау портында қаңтарылып тұр. Осылайша, диірмендерге астық жеткізуде іркіліс пайда болды.

Астық тасымалы тығырықта тұр

Еліміздегі өңдеуші кәсіпорындардың 50%-ы орналасқан Оңтүстік Қазақстан облысының ұн тартушылары мен ұн өнімдерін экспорттаушылары дабыл қағып жатыр. Құлақ түрсек, елімізде ұн өндірісі қыл үстінде тұрған көрінеді. Бұл туралы 28 қазан, сенбі күні шұғыл ұйымдастырылған баспасөз жиынында аймақтың ұн өнімдері кәсіпорындарының басшылары мәлімдеді, деп хабарлайды abctv.kz.

Олардың сөзінен ұққанымыз, алдағы екі-үш күнге ғана жетерлік астық қоры қалған. Ары кетсе бір апта ғана жұмыс істей алады. Сосын өндірісті тоқтатуға мәжбүр. Оған шикізаттың жоқтығы басты себеп болғалы отыр.

"Астық таситын вагондардың жетіспеушілігінен әрі оның тапшылығынан солтүстік облыстардан өңдеуге астық жеткізе алмай отырмыз. Бұл жағдайымызды тығырыққа тірегелі тұр. Біздің кәсіпорында бүгінгі таңда 3000 тонна ғана астық қалды. Күніне 1000 тонна астық өңдейтінімізді ескерсек, екі-үш күн ғана жұмыс істей аламыз. Жағдай қашан түзелері белгісіз. Вагонның қарасы көрінбейді, оның келетіндігіне де ешкім уәде етпейді", – дейді "Алтын дән" ЖШС директоры Бахарам Абдукаримов.

"Алтын дән" кәсіпорны басшысының айтуынша, іркіліссіз жұмыс істеу үшін оларға тәулігіне 15 вагон астық жеткізіліп тұруға тиіс. Жалпы алғанда аймақта 50-ге жуық астық өңдеуші кәсіпорын бар. Олардың 90%-ы тасымалданатын шикізатпен жұмыс істейтіндіктен, барлығы да қыркүйектен бері осындай күйде отыр.

"Жеткізушілер қыркүйектің тапсырысын орындаған жоқ. Қазір өтінімді мүлдем қабылдамай қойды", – деп мән-жайды түсіндірді "Пионер" компаниялар тобының президенті Шыңғыс Әбдиев.

"Дей тұрғанмен, астық диірмендерде жатыр, оларды сақтағаны үшін бізден қыруар қаржы алатын болады", – деп қостады "Grain House 555" ЖШС-ның бас директоры Жанна Зубарева.

Ұн тартушылардың пікірінше, туындаған қиын жағдай оларды орасан зор шығынға батырмақ. Яғни астық тасымалдайтын арнайы вагондардың жетіспеушілігі өнімнің үйіліп қалуына, оған қоса тапсырыс беруші алдында келісімшарттағы талапты уақытында орындамауға әкеп соғады.

"Ұн сатып алуға алдын ала ақы төлеп қойған клиенттеріміз бар. Дайын өнім болмағандықтан, оларға жөнелте алмай отырмыз. Ең қиыны сол, келісімшарттар бойынша негізгі агенттеріміз жақын және алыс шетелдердің өкілдері болып табылады, демек, шығынымыз валютамен есептеледі", – дейді Бахарам Абдукаримов.

Кәсіпкерлердің бұдан бөлек банктерде несиелік міндеттемелері бар, олар жұмысшыларға – еңбекақы, қазына салық төлеуге тиіс.

"Ешқандай төлем жасай алмай отырмыз, өйткені жұмыссыз отырмыз. Ақшамызды астыққа құйып қойдық, оларды кері қайтарып та ала алмаймыз. Бұл мемлекетке төленетін салық сомасының азаюына әкеледі, тіпті жұмыс орындарын жабуымыз да ықтимал", – деді Абдукаримов мырза.

Вагонның жоқтығынан тек ұн өндірісі ғана тоқтап қалған жоқ, оған қоса астық саудасы да тұралады. Шаруалар жиған-тергендерін сата алмай отыр.

Кәсіпкерлер мәселенің туындауына теміржолшылар кінәлі дейді. Олардың таратқан мәлімдесінде еліміздегі астық бизнесі өкілдеріне вагон ұсыну мәселесі жыл өткен сайын ушығып келе бара жатқаны айтылған.

Алдымен тасымалдау құнын көтерді. Атап айтсақ, 2009 жылы солтүстіктен оңтүстіктің шекарасына дейін бір вагон астық жеткізудің құны (ҚҚС-сыз) 85 мың теңге, 2010-да – 100 мың теңге көлемінде, 2011-де – 114 мың теңге, 2012-де – 130 мың теңге көлемінде, ал 2013 жылы 240 мың теңгеге бірақ көтерілді, тіпті нақты орынға жеткізілуіне қарай 300 мыңға дейін жетіп жүрді

Бұдан кейін теміржолшылар теміржолмен тасымалдауда жаңа тарифтер енгізгенін жариялады. Оған қоса вагонның бос қайтатындығына және көлік экспедициясының қызметі үшін сыйақы секілді жаңадан шығыстар бабы пайда болды.

Жылдар бойы сыртқы нарықтарға жол тауып келген қазақстандық ұн тартушылар көлік шығыстарының артуынан, қол жеткізген орындарынан айырылып қалуда. Статистикалық деректер бойынша, еліміздің ұн тартушылары Өзбекстанда ұн нарығының 40%-ынан, Тәжікстанда – 30, Ауғанстанда 50%-ынан айырылып отыр.

Кәсіпкерлер вагон жетіспеушілігіне байланысты орын алған жағдайға өз наразылығын астық және өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдаумен айналысатын "Астық Транс" қазақ-ресей бірлескен кәсіпорнына жолдапты. Естеріңізге сала кетейік, аталмыш акционерлік қоғамды 2013 жылы Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ-ның еншілесі – "Қазтеміртранс" АҚ пен "Русагротранс" ЖАҚ бірлесіп құрған болатын.

"Вагондар "ҚТЖ"-ның қарамағында болған кезде де мәселе туындайтын, алайда ол шешіліп отырды. Қазір вагондарды "Астық Транс"-тың басқаруына берген. Берілгені сол-ақ екен, оператордың тарифі екі есе өсіп шыға келді. Олар тарифтің өсуін ақша жаңадан вагондар сатып алуға, паркті кеңейтуге құйылады деп уәж айтты. Бірақ жағдай керісінше нашарлап кетті. Вагон паркі ұлғайған жоқ. Монополист жасаудың не керегі бар, оларға бәрібір бәсекелес жоқ қой", – дейді "Дани-Нан" компаниясы директорының орынбасары Құдірет Ерметов.

"Ең бастысы – біздің тасымалдайтын көлеміміз ұлғайған емес, ол 10  жыл бұрынғы деңгейде тұр. Біз тасымалды көбейткен жоқпыз. Сонда вагон қалайша жетіспейді? Мәселе осында жатыр", – деп аң-таң Шыңғыс Әбдиев.

Ал "Алтын Дән" директорының айтуынша, олардың қолындағы ақпаратқа сәйкес, Қазақстанның ішінде қозғалыс жоқ, вагонның барлығы Ресейге кетіпті.

"Оларда биыл астық мол шықты, сол себепті көп көлемде экспорттап жатыр", – дейді ол.

Сондықтан да оңтүстіктің астық өңдеуші кәсіпорындары ең алдымен ішкі өндірістің сұранысын өтеу  мақсатында экспорттық бағыттарға өтінімдерді орындауға шектеу енгізу қажеттігі туралы мәселе көтеріп отыр.

Олардың есептеуінше, мәселен тығырықтан шығу үшін кейбір ұн тартушы зауыттардың көрші елдердегі тасымалдаушылардың вагондарына өтінім беру секілді әрекеті жалпы аталған мәселені шешпейді. Сол себепті оған ел үкіметінің тез арада араласқаны абзал. Ұн тартушылар базынасын айтып "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасына да шығыпты.

Сөз арасында айта кетейік, ОҚО-ның астық өндеушілері еліміздегі ұн өндіру нарығының 50%-ға жуығын еншілейді. Облыстағы кәсіпкерлер, индустриалдық-инновациялық даму және туризм басқармасының ақпары бойынша, былтыр аймақтың ұн тартушы кәсіпорындары 801 мың тонна ұн және 270 мың тонна кебек пен жарма шығарыпты. Шығарылған өнімнің құны 62 млрд 825 млн теңгені, ұн экспортының көлемі 600 мың тоннадай болған. Ұн Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан, сондай-ақ Ауғанстан, Ирак, Қытай, Моңғолия секілді алыс шетелерге экспортқа жөнелтілген.

Аbctv.kz "Астық Транс" АҚ айналасындағы жағдайға байланысты пікір алуға тырысқан еді. Алайда компаниядағылар ресми хат жолдауды өтінді. Десе де, бұған дейін компанияның сайтында осы жағдайға қатысты екі хабарлама орналастырылған болатын. 20 қыркүйек күнгі клиенттер мен серіктестерге арналған хабарламада экспорттық бағытқа арналған өнімді тиеу үшін 2017 жылдың 20 қыркүйегіннен жіберілген өтініштер осы жылдың 5 қазанынан бастап қабылданатыны айтылған.

"Компания өз клиенттерінен келіп түскен өтініштерді мақұлдаудан бас тартуды жоспарлаған емес және ондай мақсат қойып отырған жоқ. Алайда белгілі бір объективті себептерге байланысты өтініштерді рәсімдеу мерзімін кейінге шегеруге мәжбүр болыр отыр. Орын алған жағдайға түсіністік танытуларыңызды сұраймыз. Себебі бұл шара жүкті тиеу және түсіру станцияларында вагондардың ұзақ уақыт бойы қаңтарылып тұруына байланысты. Бұл жүкті тиеу үшін бос вагондарды уақытылы жеткізу процесін қиындатып отыр", – делінген хабарламада.

"Жаңа астық маусымының басталуына және арнайы жылжымалы құрамға – дәстүрлі экспорттық бағыттарға (Ақтау порты, Орта Азия елдері, Ресей Федерациясы және Әзербайжан порттары) арналған астық таситын хоппер вагондарына деген сұраныстың артуына байланысты "Астық Транс" акционерлік қоғамы өзінің келісімшарттық міндеттемелерін орындау үшін барын салады және қолда бар ресурстарын толық пайдалануға тырысады. Сонымен қатар акционерлік қоғамнан тыс, бірінші кезекте жүкті тиеу және түсіру станцияларында вагондардың ұзақ уақыт бойы тоқтап тұруына байланысты бірқатар мәселе бар", – деп мәлімдеді 27 қыркүйек күні компания.  

Мәселен, осы жылдың 26 қыркүйегіндегі жағдай бойынша жүк тиеу станцияларында (экспорттық бағыттағы ) шамамен 800-900 вагон болған. Сонда тәулігіне бар-жоғы 200-250 вагон ғана рәсімделген.

Компаниядағылардың айтуынша, астық тиеуге арналған вагондардың ұзақ уақыт тұруы вагондардың шамадан тыс жинақталып қалуына, акционерлік қоғамның басқа клиенттерден қабылдаған міндеттемелерді қамтамасыз етіп, уақытылы тапсыруда келеңсіздіктерге әкеп соқтырады.

Жоғарыда аталғандарды ескере отырып, компания жүк жөнелтушілердің барлығына жөнелту үдерісін мұқият жоспарлауды және тауардың сандық және сапалық сипаттамаларын алдын-ала тексеру арқылы тек дайындалған көлемді ғана тиеуге өтініш беруді талап етті. Әйтпесе талаптарға сәйкес келмейтін өнімдер жүктеу реттілігінің мерзімін бұзады. Сондай-ақ жүкті қабылдап алушылармен вагондарды уақытылып түсіріп, уақытылы қайтару мәселесін пысықтап алуды өтінді.

27 қазан күні Астанада жаңа жиналған астықты тасымалдауды ұйымдастыру туралы өткен жиында "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басшысы Қанат Алпысбаев компанияның вагон паркі жеткілікті екенін мәлімдеді.  

"Қазір астық тасуға арналған шамамен 9700 вагон бар. Бұл республика ішіндегі және экспорттық бағыттағы барлық астықты тасымалдауға мүмкіндік береді", – деді "ҚТЖ" басшысы. Сондай-ақ ол дәл қазіргі уақытта Ақтау портында шамамен 1100 вагон тұрғанын жеткізді.  

Ол тасымалдау процесін ұйымдастыруда және көліктік қызметті көрсету бағытындағы туындаған қиындықтардың басты себебі – жүкті жөнелтуші мен қабылдап алушының арасындағы ортақ келісімнің жоқтығы дейді. Оның айтуынша, вагондардың кептелісі айлаққа қарасты терминалдарда экспорттық өнімдерді кемелерге қайта тиеу салдарынан орын алған.  

"Ақтау айлағындағы жағдайды реттеу үшін 1 қарашаға дейін жүк көлемін растап, вагон паркін тиімді пайдалана отырып, терминалдардың астықты қабылдау дайындығын қамтамасыз ету керек", – деді "ҚТЖ" басшысы.

Сондай-ақ ол тасымалдау процесіне қатысушылардың бәрі өзара жауапкершілік танытуы керек екенін ескертті.

"ҚТЖ – Жүк тасымалы" АҚ-ның мәліметтеріне сүйенсек, жүк тиеу кезегін күтіп қаңтарылып тұрған вагондардың уақыты екі тәуліктен бес тәулікке дейін ұзарған. "Бұл инфрақұрылымның техникалық мүмкіндіктерін пайдаланбай және қолданыстағы жылжымалы құраммен тасымалдауды жоспарлауды ескермей, тасымалданатын астықты бір мезгілде көрсетумен байланысты. Соның салдарынан жүк тиеу ресурстары дұрыс пайдаланылмай, вагон дефициті өздігінен жасалуда", – делінген "ҚТЖ" баспасөз қызметінің хабарламасында.

"ҚТЖ – Жүк тасымалы" АҚ ұсынған мәліметтерге сүйенсек, 27 қазандағы жағдай бойынша жүкті жөнелтушілер 1,2 млн тоннадан астам астықты тасымалдауға өтініш берген. Оның ішінде 836 мың тоннасы – экспорттық өнім. Қазан айында 800 мың тоннадан астам жүктеменің қамтамасыз ету жоспарланған.

"Қолданыстағы астық тасымалдау паркі вагондар айналымының нормасын сақтаған жағдайда бір айда миллион тонна астықты тасымалдауды қамтамасыз ете алады", – делінген хабарламада.

Еркебұлан Қыздарбек, Клара Ларина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу