Астықтың әлегі алқапта емес, отарбаға келгенде ушықты

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
3539

Астық пен ұнды контейнерлермен тасымалдауды қайта реттеу ұсынылып отыр.

Астықтың әлегі алқапта емес, отарбаға келгенде ушықты

Биыл халық арасында көмір мен астықты, ұнды Қазақстан аумағында және одан да тыс жерлерге тасымалдау мәселесі бір уақытта қызу талқыға түсті. Жалпы мұндай жағдай әр маусым сайын орын алып тұрады. Десе де "ҚТЖ – Жүк тасымалы" АҚ президенті Оралхан Құлақов атап өткендей, түн артынан күн туатыны тағы бар. Бұл ретте ол вагондардың қаңтарылып тұру мәселесін жүк жөнелтушілер, трейдерлер және мүдделі өзге де тараптармен бірлесіп шешуді, сондай-ақ контейнерлік тасымалдауды қайта реттеуді ұсынды.

Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Оралхан Құлақов Италия, Түркия, Иран, Ауғанстан секілді елдерге астық пен ұн экспорттау көлемінің ұлғайғанын атап өтті. Өз кезегінде бұл фактор тасымалдау қашықтығын ұзарып, кейін жабық вагондар мен астық құрамдары паркіне деген сұраныс та артқан.

"Осы жылдың 10 айында 6,7 млн тонна астық тасымалданды. Бұл былтырғы деңгеймен бірдей. Қазақстанның көліктік инфрақұрылымы және географиялық тұрғыдан орналасуы ай сайын биылғы астықтың 1,5 млн тоннасын тасымалдауға мүмкіндік береді. Биыл жиналған астық сапасының жоғарылығы мен молдығы астық пен ұн экспортының құрылымын өзгертті. Атап айтқанда Италия, Түркия, Иран, Ауғанстан секілді алыс елдерге экспорт ұлғайды. Өз кезегінде бұл фактор тасымалдау қашықтығын ұзартты. Тиісінше жабық вагондар мен астық таситын көліктер паркіне деген сұраныс та артты", – деді ол.

Компания басшысы атап өткендей, Каспий және Қара теңіз порттарына астық тасымалдау күрт өскен. Бұл ретте көп жағдайда порттарда бос терминалдық қуаттылық пен кемелердің жетіспеушілігінен астық тасымалдаушы құрамдардың ұзын-соңар кезегі түзілген. 1 қарашадағы дерекке сүйенсек, Ақтау портында – 1,5 мыңнан астам, ал Новороссийск портында 500-ден астам астық құрамдары қаңтарылып тұрып қалған.

"Астық тиелген құрамдар жүктерін түсіру үшін кемелерді күтіп тұрып қалды", – деді Оралхан Құлақов.

Кезегін күткен көліктердің көбеюінің тағы бір себебі бар: "экспорт құрылымы өзгергендіктен, еуропалық импорттаушылардың астық сапасына деген талаптары да күшейді. Бұл фактор жөнелту стансаларында жүк тиеу үшін ұзақ тұруға мәжбүр етті. Жүк тиеуді күткен вагондардың тоқтап тұруы екі тәуліктен бес тәулікке дейін, көп жағдайда 15 тәулікке дейін жетті. Сондай-ақ жүк тиеу кезіндегі қырғын кезекке элеваторлардың техникалық тұрғыдан нашар жабдықталуы да әсер етпей қойған жоқ. Соңғы жылдары элеваторларға ену жолдарының сыйымдылығы айтарлықтай тарылған. Соның салдарынан жүктеме желілерінің, сепараторлардың қирауы жиі орын алатын болды. Ал сынған дүние қайта қалпына келтірілгенше, вагондар кептелісі пайда болады. Сонымен қатар көп жағдайда элеваторлар демалыс күндері жұмыс істемейді немесе өз қызметтеріне көтерме тариф ұсынады. Осылайша, демалыс күнгі кезек те ұлғая береді".

Астық экспортының құрылымы өзгергендігін ескерсек, бұл факторлардың бәрі қолданыстағы 9700 астық тасымалдаушы құрамның жеткіліксіз екендігін көрсетті.

"Біз 10 жыл бойы отандық 5200 астық тасымалдау көлігімен үзбей жұмыс істеп келеміз. Дәл осы көліктермен ай сайын – қазан, қараша, желтоқсан және ақпан айларында миллион тонна астық тасымалдадық. Бұл диқандарға астық жеткізу үшін қолайлы уақыт. Ал қазір 9000 құрамның өзі жеткіліксіз болып отыр", – деді ол.  

Вагон бизнесін ырықтандыруға қатысты жүргізілген реформалардан соң, Қазақстанның астық тасымалдау құрамдарының паркі жеке инвестициялар есебінен (3000 көлік сатып алынды) 8200 вагонға дейін жетті.

"Биыл астық экспортының құрылымында орын алған жағдай қосымша техникаларды жұмылдыруға мәжбүр етті. Өкінішке қарай, астық тасымалдайтын қосымша техникаларды жұмылдыру мүмкіндігі шектеулі еді. Себебі былтыр Қазақстанда жұмыс істеген шетелдік компаниялар паркі биыл рекордтық өнім жинаған Ресейге қарай ойысты. Сонымен қатар қазақстандық кішігірім операторлардың бір бөлігі астық тасымалдау мөлшерлемесінің жоғарылығына байланысты Ресей нарығын бетке алды. Мәселен, біздің нарықта "Технотранс" деген оператор үш жыл қатарынан жұмыс істеді. Бұл – қазақстандық компания. "Технотранс" техникалық паркінің бір бөлігін Ресей нарығына жіберді. Неліктен бұлай болды? Өйткені көрші елде маржа жоғары", – деді Орлахан Құлақов.

Украина мен Ресейдің биыл рекордтық астық жинауы аталған елдердегі астық пен ұн тасымалын да тығырыққа тіреді. Өз кезегінде бұл фактор Қазақстанның астық тасымалдау нарығына да кері әсер етті.

"Біз көршілес теміржол әкімшіліктерінен қосымша техника тарту жұмысын жүргізудеміз. Бұған дейінгі жылдардағыдай Грузия мен Тәжікстан, Өзбекстан мен Түркіменстан темір жолдарының көмегіне иек артамыз. Аталған елдер астықты аз немесе көп жинаса да, жылжымалы құрамын бізге ұсынатын. Биыл да қолымызды қаққан жоқ. Тиісті тасымалды қамтамасыз ету үшін парк жеткілікті", – деді ол.

Сондай-ақ "ҚТЖ – Жүк тасымалы" салалық оператор ретінде, "Росагротранс"-пен, "Астық-Транс" АҚ-мен, тасымалдаушылармен және экспедиторлармен бірлесіп, Новороссийск портына тікелей астық жеткізуге жәрдемдесті. Осының нәтижесінде порт аумағында вагондардың тұрып қалуы және айналым уақыты қысқарды.

Дәл осындай жұмыстар Ақтау портында да қолға алынды.

"Негізі вагондардың қаңтарылып тұруының бәрі трейдерлердің кінәсінен орын алуда. Себебі олар кемелердің портқа келуін уақытылы ұйымдастыра алмады", – деді Оралхан Құлақов.

Осының салдарынан порттардағы вагондардың тоқтап тұруы екі аптадан астам уақытты құрады.

"Біз тасымалдау процесіне қатысушылардың бәрін біріктірдік. Бұл қадам алғашқы нәтижесін де беріп үлгерді. Вагондардың тоқтап тұруы азая түсті. Жұмыстың тиімділігін арттыру үшін өңірлерде астық пен ұнды тасымалдауды үйлестіру жөніндегі штабтар құрылды", – деді ол.

Оралхан Құлақов вагондардың қаңтарылып тұруына жүкті қабылдап алушылардың да кінәсі барын атап өтті.

"Қытайға астық тасымалдау кезінде 100-ден астам құрам 90 күннен астам уақыт бойы Қорғас станциясында жүкті түсіруге байланысты тоқтап тұрды. Себеп – жүкті қабылдап алушылар, кеденшілер мен Қытайдың карантиндік қызметтері арасында өзара келісімнің болмауы. Олардың астыққа деген талаптары да әртүрлі. Біздің астық тиісті сапаға сай болмай шықты. Вагондардың қаңтарылуына бұл да кері әсер етті. Қысқасы біздің вагондар "дөгелекті қойма" қызметін атқарды. Вагон айналымын төмендетуге қатысты шаралар туралы айтып отырғаным да сондықтан. Аталған технологиялық қадамдар қосымша техниканы жұмылдырмай-ақ қолданыстағы вагондар паркін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Астық тасымалдау көліктерінің айналымын небары бір тәулікке қысқартсақ, қозғалмалы құрамды 569 техникаға үнемдер едік", – деді Оралхан Құлақов.

Бұған дейін астық Қытайға қаппен тасымалданатын. Осылайша астық тасымалдау техникаларынан түсірілген өнім қаптарға тиелетін. Кейін астықты арнайы құрамдармен тасымалдау туралы келісімге қол жеткізілді.

Қосымша техникалар паркін жұмылдыру қажет етілетін уақыт бар-жоғы төрт-ақ айды құрайды.

"Қосымша паркті тарту көлік нарығының ысынуына алып келуі ықтимал. Біз маусымдық кезең басталмай тұрып та астық вагондары операторларымен жиындар өткіземіз. Бірақ ол кезде техникаларға деген сұраныстың жоқтығына байланысты операторларды дағдарыстан шығарудың қамын ойластырамыз. Сондықтан салалық тасымалдаушы ретінде бізге жүк жеткізушілердің де, вагон операторларының да жағдайын ойлауға тура келеді", – деді ол.

Сондай-ақ астық тасымалдау ісіне жаңа технологияларды енгізу жұмыстары жүргізілген. Қазан айында контейнерлердегі астықты Құрық – Алят – Ахалкалаки – Карс – Мерсин жаңа бағыты бойынша тасымалдау пилоттық жобасы жүзеге асырылды. Болашақта аталған бағытпен айына 10 мың тоннаға дейін астық тасымалдау жоспарланып отыр.

"Ұн тасымалдау бағытындағы ахуал да астық тасымалдау жағдайымен бірдей. Проблема да ортақ. Ол – жабық вагондар айналымы. Экспорттық ұнның негізгі бөлігі Ауғанстанға жөнелтіледі. Ауғанстан бағытындағы тасымал логистикасының жылдамдығы өте нашар. Оның үстіне Ауғанстандағы Хайратон, Акина және Тургунди қабылдау стансаының жүкті түсіру мүмкіндігі де төмен. Ауған тарапының жүктерді түсіріп алу қызметі автоматтандырылмаған. Сол себепті стансаларда кептеліс жиі орын алып тұрады. Өз кезегінде бұл қолданыстағы парктің тоқтап тұруына әкеп соқтырады", – деді Оралхан Құлақов.

Вагон айналымы уақытын төмендету үшін Өзбекстан темір жолымен бірлесіп, Қостанай – Галаба (Иран) бағытында үш тікелей бағдар іске қосылды. Ұн тиелген жылжымалы құрам 3257 шақырымды 120 сағатта жүріп өтеді.

"Ал біздегі бір ғана стансадағы қаңтарылып тұру уақыты бес тәулікті құрайды", – деді ол тағы да.

Осыған байланысты жүкті түсіруге/қабылдап алуға кепілдік беру және тиісті жұмыс мерзімін қысқарту мәселесіне қатысты жүк жөнелтушілермен жүргізілген бірлескен жұмыс тиімділігін көрсетеді деп күтілуде.

"Көп жағдайда тауар шекарада сатылып кетеді. Осылайша, төлемді қабылдап алған экспорттаушыда вагонның одан арғы тағдырына деген қызығушылық жоғалады. Тағы да еске сала кетейін, вагон айналымының шарттары сақталған жағдайда, қолданыстағы жабық вагондар мен астық тасымалдаушы құрамдар паркі 1,5 млн тонна астық пен ұнды тасымалдауға жеткілікті", – деді ол.

"Егер біз екі есе артық паркті жұмылдырып, қазіргі бағытпен жұмыс істесек те, 1,5 млн тонна астықты тасымалдауға аталған парктің өзі жеткіліксіз болар еді. Жүк жөнелтушілермен, трейдерлермен бірлесіп жұмыс істеу керектігін тағы бір мәрте еске салғым келеді. Сонда біз қазіргі парктің жеткілікті әрі оңтайлы екенін, қажетті көлемнің бәрі еш қиындықсыз тасымалданатынын дәлелдер едік", – деді Оралхан Құлақов.

"Біз "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының алаңында контейнерлік тасымалдау тарифтерін қайта реттеу мәселесін көтердік. Аталған мәселе бойынша ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетіне өтінішпен шықтық. Астық, ұн және басқа да жүктерді тасымалдаудың болашағы зор екенін білеміз. Егер тиісті кедергілерді жойып, нарықты қайта реттесек, порттардағы бүгінгі ескірген инфрақұрылымдық шектеулердің орны толар еді. Қазіргі порттардан өту мүмкін емес. Міндетті түрде арнайы қоймамен өтуің керек. Ал бұл жерде балама ретінде контейнерлік тасымалмен өтуге мүмкіндік бар", – деді Оралхан Құлақов.

Контейнердегі астықтың алғашқы партиясы қазан-қараша айларында Түркияға тасымалданды.

"Одан әрі біздің өнім Солтүстік Африкаға кетеді. Біз аталған бағытқа әдейі контейнерлік пойыздарды дайындап отырмыз. Олар қазір Еуропаға тәулігіне 1500 шақырымдық жылдамдықпен жүреді. Біз барлық контейнерлік бағытқа тәулігіне 1500 шақырымдық жылдамдықты белгілеуді жоспарлап отырмыз. Бұл жерде ешқандай мәселе туындамауға тиіс деп ойлаймын", – деп нақтылады ол.

Оралхан Құлақов көмір тасымалы тақырыбын да айналып өтпеді. Ол Қазақстанның өңірлеріне аталған тауарды жеткізуге арналған компанияның вагондары жеткілікті деп сендірді.

"Қазіргі уақытта "ҚТЖ" ҰК" АҚ-ның паркіне "Қазтеміртранс" АҚ-ның ашық вагондар паркі тартылып отыр. Соңғысы Қазақстанның ашық вагондар паркіндегі жалпы үлестің 40%-дан астамына ие", – деді ол.

Компания басшысының айтуынша, көмір қорын уақытылы жинау бағытында әкімдіктермен жүргізілген бірлескен жұмыстың нәтижесінде Қазақстанның барлық жылу-электр станциялары қажетті көмір қорымен қамтылған. Осы жылдың 1 қарашасындағы дерекке сүйенсек, жылу-электр станцияларындағы көмірдің тәуліктік қоры ҚР энергетика министрлігі бекіткен тиісті нормадан 1,5 есеге асып тұр.

"Коммуналдық-тұрмыстық көмірдің жетіспеушілігі тұрғындарға отынды жеткізумен айналысатын өңірлердегі кәсіпкерлік құрылымдарға байланысты орын алып отыр. Олардың көбінде меншікті вагондары, көмірді сақтауға арналған қоймалары жоқ. Сондай-ақ қатты отынды тиеуде және түсіруде инфрақұрылымдық шектеулер барын да естен шығаруға болмайды", – деп түсіндірді Оралхан Құлақов.

Оның айтуынша, маусымдық жүктерді тасымалдауды нақты жоспарлағанда, мұндай жағдай орын алмас еді. Ол үшін жылу-электр орталықтарына алдағы жылыту маусымына қажетті көмірді тасымалдауды шілде-тамыз айларынан бастаған дұрыс.

"Сонда ешқандай дүрлігу де болмас еді", – деді ол.

Оралхан Құлақовтың сөзінше, сатып алу процесін дұрыс жоспарлай білу жылдағы маусымдық дүрлігу мен баға өсімінің алдын алар еді.

"Көмір тасымалына қатысты жағдай күн сайын тікелей бақыланып отырғанын атап өткім келеді. Көмір тасымалдау өтініштерін қамтамасыз етуге, оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық бағытқа тәуліктік бақылау қойылған", – деді ол.

Әкімдіктер тиісті мониторингпен айналысуда.

Сондай-ақ, Оралхан Құлақов көмірдің түпкілікті бағасына отынды тасымалдау тарифінің әсері шамалы екенін атап өтті.

"Көмірді тасымалдауды, оны сатуды ешкім реттемейді. Біз бағаның не себепті өсетіндігіне зерттеу жүргіземіз. Шұбаркөл кенішінен Астанаға дейінгі біздің тарифіміз тоннасына 1733 теңгені құрайды. Десе де, Астана тұрғындарының көмірдің тоннасына 11 500 теңге, ал облыс халқының тоннасына 18 000-20 000 теңге төлейтінін жақсы білеміз. Біздіңше, бұл нарықты реттеу керек. Тиісті зерттеу жүргізу керек. Алыпсатарлармен де жұмыс істеу қажет", – деді ол.

10 айда компания 83,9 млн тонна көмір тасымалдаған. Бұл өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда 11 млн тоннаға немесе 15%-ға артық. Ел ішінде 56,6 млн тонна көмір тасымалданған. Бұл 2016 жылдың көрсеткішінен 17%-ға асып тұр.

"Жыл соңына дейін шамамен 107 млн тонна көмір тасымалдау жоспарланып отыр. Бұл 2016 жылдың деңгейінен 17%-ға артық", – деді ол. 

Еркебұлан Қыздарбек, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу