"Атамекен" судьялардың сауатын арттырып жатыр

Жоғарғы сот қабырғасында судьяларға арналған семинар басталды. 

"Атамекен" судьялардың сауатын арттырып жатыр

Бір жарым ай бойы түрлі деңгейдегі судьялар онлайн-режимде трансферттік баға белгілеу бойынша білімдерін жетілдірмек.

"Атамекен"  Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов трансферттік баға белгілеудің экспорт пен импортқа тікелей қатысы бар екенін айтады.

"Бүгін біз Жоғарғы сот қабырғасында кезекті семинар сессиясын ашып отырмыз. Семинар трансферттік баға түзілімі бойынша шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасып, сот тәжірибесін зерттеуге бағытталмақ. Мұндай тәжірибе өткен жылы басталған. Ол кезде Жоғарғы сот судьялары салық салу және кеден ісі тақырыптары бойынша семинардан өткен болатын.  Биыл тек Жоғарғы сот деңгейімен шектелмей, ведомство академиясымен бірге  аудандық, қалалық және облыстық  деңгейдегі судьяларды да қамтуды көздеп отырмыз", – дейді Рустам Жүрсінов.

Оның айтуынша, салық пен трансферттік бағаның сыртқы  экономикалық байланыстарға үлкен әсері бар. Семинар барысында судьяларға тек заңнама бойынша ақпараттар беріліп қана қоймай,  салық саласындағы экономикалық қатынастардың қалай жүретіні түсіндіріледі.

"Трансферттік бағаның дұрыс белгіленуі   экспорт пен импорттан түсетін салықтың офшорға кетпей, Қазақстан аумағында қалуы үшін маңызды. Мысалы, мұнай, астық және мақта экспорттау кезінде немесе Ресейдің мұнай өнімдерін импорттау кезінде трансферттік баға қалыптастыру бойынша тәуекелдер туындап жатады. Нарықтағы бағадан алшақтық туындауы мүмкін сыртқы экономикалық қатынастың барлық түрінде мәселе бар. Сондықтан осы семинарды өткізсек деген бастама көтерген болатынбыз.  Ол 1,5 айға созылады. Біз оған екі бірдей халықаралық компанияны тартып отырмыз. Семинар барысында лондондық сарапшылар да селекторлық режимде дәріс оқитын болады. Тек Жоғарғы соттан 15 судья осы семинарда білімін жетілдіреді. Ал басқа өңірлер интернет арқылы қосылатын болғандықтан, олардың санына шектеу жоқ",–дейді "Атамекен" ҰКП өкілі.

Семинар судьялардың сауатын арттыруға жасалған маңызды қадам екенін Жоғарғы сот өкілдері де растап отыр.

Жоғарғы сот судьясы Гүлжан Аймағамбетова Қазақстан сияқты жас мемлекеттер үшін заңнама саласында халықаралық тәжірибелерді зерттеудің маңызы зор екенін айтады. Бұл семинар осы тұрғыдан алғанда ұтымды.

"Біздің заңнама салыстырмалы түрде алғанда өте жас заңнама болып саналады. Салық және баға қалыптастыру мәселесіндегі білімімізді жетілдіру үшін "Атамекен" палатасы осындай мүмкіндік ұсынып отыр. Өзге елдермен ынтымақтастық процестері жүріп жатқандықтан, халықаралық тәжірибені, заңнаманың қолданылуын жіті назарда ұстап отыру қажет. Кез келген құқықтық акт сияқты, "Трансферттік бағаны белгілеу" туралы Заң да сот практикасы арқылы жетіледі.  Бұл семинар судьяларға халықаралық заңнама саласындағы білімін жетілдіруге мүмкіндік береді. Келесі жылы елімізде аталмыш заңды қайта қарап, толықтырулар мен өзгертулер енгізу жоспарланған", – дейді Жоғарғы сот өкілі.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу