"Атамекен" төтенше жағдайға қарамастан, адамдарды жұмысқа орналастыруда

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4686

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстанда онлайн-рекрутинг нарығын дамытуды қолға алды. 

"Атамекен" төтенше жағдайға қарамастан, адамдарды жұмысқа орналастыруда

 "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, "Атамекен" қолдау орталығы" аясында жұмыспен қамту мобильді орталықтарын ашу жобасын жүзеге асырып жатқанын жақсы білеміз. Жоба аясында Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында және Жамбыл облысында 31 жұмыспен қамту мобильді орталығы ашылған болатын. Осы жылдың 16 наурызынан бастап елде төтенше жағдай режимі енгізілгені белгілі. Осыған байланысты аталған орталықтар онлайн режимде қызмет көрсетуге көшті.

"Онлайн режимдегі жұмыстың тиімділігіне көз жеткізіп отырмыз. Мәселен, төтенше жағдай кезінде біздің менеджерлердің көмегімен 174 адам жұмысқа орналасты. 800-ден астам адам әңгімелесуге жіберілді. Десе де, жұмысқа орналасу процесінде ел ішінде жүріп-тұруға қойылған шектеулерге байланысты қиындықтар бар. Атап айтқанда, жұмыс берушімен жүзбе-жүз әңгімелесу керек. Ол үшін рұқсатнама алу қажет. Логистикалық мүмкіндіктердің шектелуіне байланысты мұның бәрі мүмкін болмай тұр. Сонымен қатар, жұмыс берушілермен де тұрақты түрде байланыс жасалуда. Олар вакансиялар базасын толықтырып отырады", – деді бізге берген сұхбатында "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі департаменттің директоры Айдана Тоғызбаева.

Ұлттық палата ұсынған жоба аясында жеке қабілетті дамыту кеңесшісі қызметін, яғни психологтардың қызметін ұсыну қарастырылуда. Консультациялар онлайн режимде де көрсетіледі.

"Қазір адамдардың барлығы оқшаулануға мәжбүр. Мұның қашанға дейін жалғасары белгісіз. Оның үстіне адамдар ертеңгі күніне алаңдап отырғаны да даусыз. Тұрмыстық кикілжіңдер көптеп орын алуда. Кейбірі жеке проблемаларымен бас қатырып жүр. Мұның соңы суицидке алып келуі мүмкін. Біздің команда адамдарға көмектеседі. Өмірден өзін жоғалтып алмауға септеседі. Карантин аяқталған соң, кәсіби тұрғыдан өзін дамытуға қол ұшын созады", – дейді "Атамекеннің" департамент директоры.

Айдана Тоғызбаеваның сөзінше, мобильді жұмыспен қамту орталықтарының мамандары вебинарлар, онлайн трансляциялар, шеберлік сағаттарын ұйымдастыруда. Жұмыс іздеушілермен Instagram, WhatsApp, Telegram әлеуметтік желілері арқылы тұрақты түрде байланыс орнатылып тұрады. Мамандар әрбір клиентті жұмысқа орналасқан уақытқа дейін сүйемелдеп, көмектеседі. 

"Сонымен қатар, бұл іске басқа да ұйымдар тартылуда. Мәселен, "Антидолг.кз" компаниясымен бірге қаржылық сауаттылыққа байланысты вебинарлар өткізілуде. Онда қаржыны қалай жоспарлау керек, қарыздан қалай құтылу керек және осы секілді басқа да өзекті мәселелерге басымдық беріледі", – дейді Айдана Тоғызбаева.

Департамент директорының сөзінше, төтенше жағдайды қиындық деп қарастырмай, одан мүмкіндік іздеу керек. Мәселен, дәл қазіргі кезең онлайн-ректутинг нарығын дамытуға таптырмас уақыт.

"Өкінішке қарай, Қазақстандағы онлайн-рекрутинг нарығына толыққанды зерттеу жүргізілмеген. Елде төтенше жағдайдың енгізілуі біздің тарапымыздан жедел әрі төтенше шаралар қабылдауды талап етті. Жалпы, Қазақстанда вакансияларды орналастырып, жұмыс іздеуге арналған бірнеше онлайн платформалар бар", – дейді Айдана Тоғызбаева.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу