Ауғанстанның алдында Қарағанды қызарды

3355

Темір жол вагонының жетіспеушілігінен орталық Қазақстан ұн экспортының көлемін 43%-ға азайтып алды.

Ауғанстанның алдында Қарағанды қызарды

Қарағандылық кәсіпкерлер шымбайларына батқан мәселені бүкпесіз баяндап, облыс әкімі Ерлан Қошановтан көмек сұрады.

Жергілікті ұн өндірушілер былтырдан бері ұн мен бидайды экспортқа толық көлемде шығара алмай жүр екен. Мәселенің туындауына темір жол вагонының жетіспеушілігі себеп болыпты.

Қарағанды облысында 20 ірі диірмен бар. Оның бесеуінің жұмысы тоқтап тұр. Олқылықтың орнын толтырып, диірмен санын сақтап қалу үшін кәсіпкерлер облыс әкімінің қолдауын қажетсініп отыр.

Кәсіпкерлердің айтуынша, былтыр Ауғанстанға астық жөнелтетін вагондарды Қостанай мен Шымкент алып алған. Ал қарағандылық диірменшілер қыркүйек, қазан, қараша айларын вагон күтумен босқа өткізген.

"Ауғанстандық сатып алушыларымыздың алдында ұятқа қалдық. Біз оларға бірден жүз вагон астық сатып алу туралы ұсыныс жасадық. Осылай деуіміз мұң екен, Азиз есімді ауғандық азамат: "Біз сіздерден мың  вагон ұн алу туралы келісімге де қол қоя аламыз. Бірақ сіздер 10 вагоннан артық ұн жеткізе алмайсыздар, сондықтан біз қарағандылықтармен емес, қостанайлықтармен келісім жасаймыз. Қостанай мен Шымкент тапқан вагонды сіздер таба алмайсыздар, бұл қалай?" – деді. Рас, ауғандық азамат айтқан сөздің жаны бар. Біз Астанаға сөзімізді өткізе алмадық, енді қарап отыруға болмайды, қатемізді дұрыстау керек", – деді "Мутлу экспорт" ЖШС директоры Досмұқасан Таукебаев.

2016 жылы Қарағанды облысы экспортқа 150 мың тонна, ал 2017 жылы  85 мың тонна ғана ұн жөнелткен. Көрсеткіштің кеміп кетуіне жоғарыдағы жағдай себеп болған.

Кәсіпкерлер вагон жетіспеушілігімен қатар екінші деңгейлі банктерден қысастық көріп отыр екен. Олардың айтуынша, коммерциялық банктер астықпен айналысатын кәсіпкерлерге несиені 14% үстеме ақымен береді.

"10 жылға 6 пайызбен несие беретін мемлекеттік бағдарламалар бар, біз содан тыс қалып отырмыз. Осы бағдарламаның шарапаты бізге де тисе, кәсібіміздің тасын өрге өрлетіп алар едік. Қазір тапқан-таянғанымызды темір жол мен банкке беріп отырмыз. Қарағандыдағы банк өкілдерімен жолықтырып, бізге жеңілдікпен несие беру жағын қарастырсаңыздар жақсы болар еді", – деді Досмұқасан Таукебаев.

Сөз арасында ол коммерциялық банктер ауылшаруашылығы саласына бет бұрмайтынын, оны несиелендіруден ат-тондарын ала қашатынына тоқталды.

Айта кетейік, бүгінгі таңда қарағандылық кәсіпкерлер Қытай нарығын жаулауды жоспарлап отыр.

"Егер ойымыз жүзеге асса, сұраныста шек болмайды. Былтыр біздің компания Қытайға 4 вагон ұн жөнелтті. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр, нәтижесін уақыт көрсетеді", – деді "Мутлу экспорт" ЖШС директоры Досмұқасан Таукебаев.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу