Ауыл шаруашылығы қалай цифрландырылады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
5676

Өмірзақ Шөкеев бұл іске бел шеше кірісті.

Ауыл шаруашылығы қалай цифрландырылады Фото: Бауыржан Жуасбаев

Бір қарағанда цифрландырудың ауыл шаруашылығы саласына түк қажеті жоқ секілді боп көрінеді. Бірақ, мамандар жаңа технологияларды қажет ететін негізгі саланың бірі ауыл шаруашылығы дейді. Олардың пікірінше, саладағы өнімділікті арттыру, жұмыс күшін тиімді пайдалану, қаржы үнемдеу цифрландырумен тікелей байланысты. Осы орайда, премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев нақты жұмыстарды қолға алмақ ниетте.

Министрдің сөзінше, цифрлық технологияларды енгізу бойынша Қазақстандағы барлық шаруашылықты үш түрге бөліп қарастыруға болады. Яғни, базалық, жетілдірілген және цифрлық ферма. Өмірзақ Шөкеевтің пікірінше, біздің шаруашылықтар осылардың соңғысына ұмтылуы қажет. Нақтырақ айтқанда, базалық деңгейдегі шаруашылықтар жетілдірілген деңгейге өтуі керек. Ал жетілдірілген шаруашылықтар цифрлық ферманың есігін барып қағуға тиіс. Яғни, цифрлық эволюцияның қандай бағытта жүретіні белгілі.

"Бүгінде әлемде нақты егіншілік жүйесі енгізілуде. Бұл жүйе саладағы шығынды азайтады, өнімділікті еселейді, сондай-ақ ауыл шаруашылығының нәтижелілігін арттырады. Осы орайда, базалық деңгейге жататын шаруашылықтар агроөнеркәсіп кешенінің арнайы бағдарламасы арқылы егістік алқаптарын цифрландырумен қамтамасыз етілген. Бір жыл ішінде біз осыған қол жеткіздік. Сондай-ақ топырақтың агрохимиялық күйінің карталары жаңартылды", – деді Өмірзақ Шөкеев Шортанды ауданындағы Бараев атындағы астық шаруашылығының ғылыми-зерттеу институтында өткен конференцияда.

Министр баяндағандай, шаруашылықтарды цифрландырудағы негізгі жұмыс әкімдіктерге артылмақ. Әкімдіктер мемлекеттік субсидиялар мен мемлекеттік қолдаулар арқылы шаруашылықтардың цифрлық дамуына қол ұшын беруі керек.

"Әрбір ауданда цифрлық ферма құрылуы керек. Біз мұны әкімдіктерден талап ететін боламыз. Себебі, біздің фермерлер цифрлық технологияларды  алдымен өз шаруашылықтарында қолданып, нәтижесін көруі керек. Бұл ретте, біз үш полигон құрдық. Олар Қаскелең агропаркінің, Шортандыдағы Бараев институтының және Қостанай облысындағы "Заречный" шаруашылығының базасында орналасқан", – деді Өмірзақ Шөкеев.

Министр еліміздегі ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттарының санын екі есе қысқаратынын айтты.

"Бізде extantion жүйесі жұмыс істейді. Олар ғылыми-зерттеу институттарының жұмысын қайталайды. Сондықтан инстиуттардың санын екі есе қысқартамыз. Қазір бізде 23 ғылыми-зерттеу институты бар. Енді олардың 12-сі ғана қалмақ. Кейбір институттарды нығайтамыз, ал кейбірін жоямыз. Әрбір институтта Қаскелеңдегідей полигон болады", – деді Өмірзақ Шөкеев.

Сондай-ақ министр біздегі ғалымдардың жұмысына қатысты сын айтты.

"Біздің кейбір ғалымдар немен айналысып жүргенін білмейді. Олар әлемде әлдеқашан белгілі боп қойған нәтижелерді зерттеп жүр. Сондықтан біз университеттердің, ғылыми-зерттеу институттарының жұмысын ретке келтіреміз. Себебі, қазір жұмыстың ыңғайын фермерлер ғалымдардан артық біледі. Ғалымдар кабинетте отырып емес, егістікке барып жұмыс істеуі керек", – деді Өмірзақ Шөкеев.

Министр Қаскелеңдегі "Байсерке" шаруашылығын мысалға келтірді.

"Қаскелеңдегі базада болып, бізде ауыл шаруашылығы ғылымы бар екеніне, оның нәтиже беріп жатқанына көз жеткіздік. Қаскелеңде 50 ғалым жұмыс істейді. Сонда біздегі қалған 2 мың ғалымның немен айналысып жүргені түсініксіз. Сондықтан ғалымдарды аттестациядан өткіземіз. Практикалық тұрғыдан нәтиже көрсеткен, өз иедеяларын коммерцияға айналдыра білген ғалымдарды көтермелейтін боламыз. Ал немен айналысып жүргенін өздері білмейтін ғалымдар қысқартылады. Біздіңше, дұрыс қадам осы", – деді Өмірзақ Шөкеев. 

Министрдің айтуынша, ғылыми-зерттеу институттарындағы ғалымдар қатардағы қызметкерлермен салыстырғанда жалақыны көп алуы керек.

"Бізде еңбекақы төлеу жүйесі түсініксіз. Егер ғалымдар 100 мың теңге айлық алатын болса, онда олардан ерекше идеялар күтудің қажеті жоқ. Мәселен, 1,5 млн теңге алатын ғалымдар бар. Міне, нағыз идеялар да солардан шығады. Біз бұл мәселені заң тұрғысынан реттейтін боламыз. Ғалымдар алдағы уақытта 1,5 млн теңгеге дейін айлық алуы әбден мүмкін", – деді премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі.

Еліміздің цифрландыру блогына жауапты премьер-министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиевтің пікірінше, цифрландыру ауыл шаруашылығы саласындағы шығынды 25-30%-ға қысқарып, өнімділікті 30-50%-ға арттыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде егістік алқаптарының электронды картасы құрылған. Онда 23 млн гектар жер қамтылған. Яғни, еліміздегі жалпы егістік алқабының 95,9%-ы электронды картаға енгізілген. Десе де, бұған қатысты шешімін таппаған мәселелер әлі де баршылық.

Ауыл шаруашылығы саласын цифрландырудың бір жемісі – электронды астық қолхаттарының енгізілуі. Бұл жүйе астық қолхаттарын қолдан жасайтындардың "түбіне" жетті. Жалпы, астық қолхаттарын электронды форматқа көшірудің нәтижесінде фермерлердің шығыны 700 млн теңгеге дейін төмендеген. Ал биыл операцияларды қауіпсіз ету үшін блокчейн технологиясы қолданылмақ.

Еске сала кетейік, бүгінде ауыл шаруашылығы министрлігі көрсететін 101 мемлекеттік қызметтің 61-і ішінара және біреуі толықтай автоматтандырылған. Осы жылдың соңына дейін 16 қызметті, ал 2022 жылға дейін барлық мемлекеттік қызметті автоматтандыру жоспарланып отыр. Жалпы, 2025 жылға дейін цифрландырудың экономикалық тиімділігі 40 млрд теңгені құрайды деген болжам бар.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу