"Барометр" маркетингтік талдау орталығының мәліметінше, елімізде екінші деңгейлі банктерден және шағын несие ұйымдарынан қарыз алып, оны қайтара алмай жүрген шаруалардың көрсеткіші 82%-ға жеткен. Осыған орай аталмыш орталықтың маманы, қаржыгер Сая Есенғалиева алдағы уақытта еліміздегі агронесие саласына жаңалық енгізу қажеттігін алға тартты.
"2010 жылдан бері екінші деңгейлі банктер агронесиені 3,8%-бен беріп келді. 2017 жылдан бастап агронесие 5,5%-бен ұсыныла бастады. Былай қарағанда 5,5% арзан көрінгенмен кірісінен шығыны көп шаруалар үшін бұл пайыздық мөлшерлеме көп. Себебі шаруалар несие аларда үлкен тәуекелге барады. Мысалы, олардың біразы егіннен түсетін пайдаға сеніп несие рәсімдейді. Ал күз айында егіні бітік шықпаса, несиелерін өтей алмай қиналады. Шаруалардың енді бірі сатылатын мал басына сенеді. Несиені қайтаратын уақытта малдың құны арзандап кетсе, тағы да ұтылады. Сондықтан өз басым, шаруаларға мемлекет тарапынан берілетін несие пайызын 3,8%-ға, тіпті одан да арзанға түсіру керек деп есептеймін. Осылай жасалса, шаруалар несие алу тәуекелінен қорықпайтын болады", – деді Сая Есенғалиева.
Қаржыгердің сөзіне дәлел ретінде 2010-2017 жылдар аралығындағы агронесиеге қатысты пайыздық үстеме мен берілген несие мөлшерін арнайы сызбамен көрсеттік.
Сая Есенғалиева айтып отырғандай, агронесие жайлы сөз еткенде, екінші деңгейлі банктерге шаруаларға арзан пайызбен қарыз берген тиімсіз екенін де жоққа шығармау керек. Маманның айтуынша, екіжаққа да тиімді болу үшін "Агронесие" корпорациясының жұмысын жандандыру керек.
"Агронесие" корпорациясы құрылған кезде ауылға арзан несие баратын болды деп қуандық. Өкінішке қарай, аталмыш корпорация шаруаларды толық қамти алмай келеді. Себебі оның активі аз, капиталы төмен. "Агронесие" корпорациясы арқылы бірлестіктерге берілген несиелердің көлемі аз. Несиелер небары 30-35 жобаны ғана қаржыландырып отыр. Болашақта ауыл шаруашылығына қатысты ірі жобаларды қаржыландырамыз десек, жекелеген шағын агронесие беретін ұйым құрғаннан гөрі, мемлекеттік корпорациялардың жұмысын жандандырған жөн", – деді Сая Есенғалиева.
Маман тілге тиек еткен несиенің көлемі төмендегі сызбада тұр.
Деректерге жүгінсек, дамыған елдерде сала бойынша бөлінетін агронесиелердің көлемі бізден 7 есеге көп және несие мөлшерлемесі 1,5%-ды құрайды.
"Израильде бір ғана сүт өндірісін дамыту үшін жыл сайын біздің теңгемен есептегенде 9,8 млрд теңге бөлінеді. Ал ет өндірісін дамыту үшін израильдіктер жылына 21 млрд теңге бөледі. Бұл бізден жеті есе көп көрсеткіш. Біз шаруаларды қаржыландыруда шағын несие ұйымдарына агронесие рәсімдеуге рұқсат беріп қателестік. Қазір сол шағын несие ұйымдарынан 8-10-12%-бен несие алған шаруалар қарыздарын қайтара алмай дал болуда. Бізде 1 млн мен 13 млн теңгенің арасында несие беретін ұйымдар бар. Шағын несие ұйымдарына еркіндік беру ауыл шаруашылығы саласын тығырыққа тірейді. Сондықтан елдегі шағын несие ұйымдарына бақылау керек", – деді ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Айдос Ерғазиев.
Елдегі шағын несие ұйымдарының шаруаларға қанша мөлшерде, неше жылға несие беретінін біз арнайы сызбамен көрсеттік.
Ғалымның пікірінше, біз болашақта ауыл шаруашылығына қатысты салалық банк құруға мән беруіміз керек. Себебі біздегі екінші деңгейлі банктердің де, несие ұйымдарының да, корпорациялардың да ауылға арзан несие апаруға шамасы келмей отыр.
"Ауылға инвестиция салудың, инфрақұрылым тартудың машақаты көп. Егер біз ауыл шаруашылығы саласына бөлінген қаржы желге ұшпай, тиімді жұмсалсын десек, ауылға салалық банктерді апаруымыз керек. Мемлекеттік салалық банктер мен сауатты несие инспекторлары ауылды жерлерге барып жұмыс істесе, мемлекет қаржысын тиімді жұмсауға мүмкіндік ашылады", – деді Айдос Ерғазиев. Ал экономика ғылымының докторы, профессор Атамұрат Шәменовтың айтуынша, дәл қазір шағын несие ұйымдарына, банктерге шаруаны кіріптар етсек, жағдайды жақсартпаймыз. Сондықтан біз үшін болашақта ауылға ислам банкі жүйесін енгізу тиімді болады.
"Жоғары пайызбен несие беріп ауыл шаруашылығы саласының тынысын ашу мүмкін емес. Көбінесе шаруалар микрокредиттік ұйымдардан қарыз алады. Мұның салар салмағы ауыр. Соңғы уақыттары насихатталып жүрген үкіметтің бағдарламасы тиімді, бірақ оның іске асуына екінші деңгейлі банктер тосқауыл болуда. Шетелде банктер халықпен төмен пайызбен жұмыс істеп жатыр. Ал біздегі банктердің пайыздық үстемесі көк тіреп тұр. Меніңше, ислам банкі жүйесін ауыл шаруашылығына енгізіп көру керек", – деді экономист-ғалым.
Қарлығаш Зарыққанқызы