Қазақстанның салықтан жалтарушы 100 тұлғасы

18078

Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеуден жалтарған 100 адамның аты-жөнін жариялады. 

Қазақстанның салықтан жалтарушы 100 тұлғасы

Жалпы алғанда, мемлекеттік кірістер комитетінің "қара тізіміне" кірген жүз адам мемлекетке 286 млн 19,3 мың теңге қарыз. Оның ішінде негізгі берешектері 175 млн 354,4 мың теңгені құрайды. Ал қалғаны – 110 млн 664,9 мың теңгесі оған есептелген өсімақы.

Мәселен, бүгінде бүкіл Қазақстан көлеміндегі ең көп қарыздың иесі ретінде танылып отырған Қарағанды облысының тұрғыны Аскар Набиев салық бойынша 65 млн-нан астам теңге берешекке батқан. Рекордтық қарыз жер салығын (КБК 104302) төлемеуден туындаған. Аталған алапат соманың 37 млн 163,8 мың теңгесі – негізгі берешегі. Оған салықшылар 27 млн-нан астам теңге өсімақы-пеня қосыпты.

Сонымен қатар, тізімдегі кейбір адамдарға жер салығын ұзақ уақыт төлемегені үшін есептелген өсімақы көлемі негізгі берешегінен де асып кеткен.

Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Талғатбек Ільясовтың жалпы қарызы 19 млн 50,8 мың теңге екен. Оның ішінде негізгі қарызы 8 млн 685 мың теңгедей, ал өсімпұлы – 10 млн 365,8 мың теңге.                 

Салық органы қазақстандықтардың біразы көлік салығын (КБК 104402) төлеуді де қойғанын ескертеді. Көшті Қарағанды облысының тағы бір тұрғыны бастап тұр: Фадис Мустакимов "темір тұлпары" үшін  Үкіметке 6 млн 81,3 мың теңге берешек. Бұл соманың 4 миллионнан астамы – негізгі қарыз, қалған 2 млн-нан астамы – өсімақы.

Кейбір қазақстандықтар мүлік салығын (КБК 104102) төлеуден қашқақтап жүр. Топтың алдыңғы қатарында Жамбыл облысының тұрғыны Ерлан Тоқсанбаев тұр: қарызы жарты миллионнан астам – 576,1 мың теңге. Оның 335,8 мың теңгесі – негізгі қарыз, оған 240,3 өсімпұл есептеліпті.

Мемлекеттік кірістер органы жыл сайын салықтан жалтарушылардың "қара тізімін" жариялап тұру тәжірибесін жалғастыруды жоспарлап отыр.

2019 жылғы 1 қазанда биылғы мүлік және жер салығын төлеу мерзімі аяқталды. Демек, бұл тізім келесі жылы жаңаруы ықтимал.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда биылғы жыл соңына дейін салықтық амнистия жүріп жатқанын еске саламыз. Ол бойынша "Жаңа жыл" мерекесіне, яғни 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін негізгі салығын өтеген азаматтарға рақымшылық жарияланып, оған есептелген барлық өсімақы жойылады. 

Әрине, бұдан басқа да қарыз қамытын сүйрегендердің саны жеткілікті. Олардың қатарында банктер мен микроқаржы ұйымдарына, коммуналдық қызметтерге берешек болғандар бар.

Мысалға, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың мәліметінше, қыркүйектегі жағдай бойынша коммуналдық қызметтер үшін тұтынушылардың берешегі 11 миллиард 399,6 млн теңгені құрайды. Бұл 2018 жылдың тиісті кезеңнен шамалы, 5% ғана төмен: былтыр 11 млрд 990,7 млн теңге болған. Яғни, жергілікті билік қандай шара қолданса да, қарызын жабуға қазақстандықтар аз.

Ең көп берешек Алматы қаласының тұрғындарына – 2,6 млрд теңге, елордалықтарға – 1,7 млрд теңге, шымкенттіктерге – 1,3 млрд теңге және Маңғыстау облысы тұрғындарына – 1,5 млрд теңге тиесілі.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу