Әзірше 31 мыңнан астам кәсіпкердің қарызы кешірілді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3089

Салықтық рақымшылық аясында бизнес өкілдерінің 6 млрд 339,2 млн теңгесі өтелді.

Әзірше 31 мыңнан астам кәсіпкердің қарызы кешірілді

2019 жылдың 22 ақпанындағы жағдай бойынша, салықтық рақымшылық шеңберінде 31 487 кәсіпкердің қарызы кешірілген. Дәлірек айтсақ, олардың 2018 жылдың 1 қазанына дейін жинақталған 6 млрд 339,2 млн теңге көлеміндегі негізгі берешегі өтелген.

"1 млрд 159,7 млн теңге өсімпұл мен 185,8 млн теңге көлеміндегі айыппұл есептен шығарылды", – делінген мемлекеттік кірістер комитетінің inbusiness.kz-тің журналистік сауалына берген жауабында.

Бұған дейін жазғанымыздай, салықтық рақымшылыққа шағын және орта бизнес өкілдерінің 2018 жылдың 1 қазанына дейін жинақталған 358,8 млрд теңге көлеміндегі салықтық берешегі жатқызылған болатын.

"Салықтық берешектің негізгі үлесі заңды тұлғаларға тиесілі – 323,6 млрд теңге. Бұл салықтық рақымшылыққа жатқызылған берешектің 90,2 пайызын құрайды. Қарыздың көп бөлігі корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығына тиесілі. Тарқатып айтсақ, корпоративтік табыс салығы бойынша қалыптасқан берешек 149,2 млрд теңгеге тең. Бұл – жалпы салықтық берешектің 41,6 пайызы. Сондай-ақ жалпы қарыздың 36,4 пайызын немесе 130,7 млрд теңгесін қосылған құн салығы құрайды", – делінген ресми хатта.

Жыл соңына дейін жалғасатын бұл шара – Қазақстан тәуелсіздік алғалы қолға алынған төртінші салықтық рақымшылық. Бұған дейін салықтық рақымшылық 1997-1999 жылдары, 2001 және 2015 жылдары ұйымдастырылған болатын. Мұндай шара бизнес субъектілерінің қаржылық-шаруашылық қызметін сауықтыру үшін жүргізіледі.    

"Салықтық рақымшылықтар тиімділігін көрсетті. Мәселен, бүгінде соңғы салықтық рақымшылыққа қатысқандардың 67 пайызында салықтық берешек жоқ. Бұл дегеніңіз – 680 мыңнан астам салық төлеуші. Оның 17 мыңы – заңды тұлғалар, 105 мыңы – жеке кәсіпкерлер, 557 мыңы – жеке тұлғалар, яғни қарапайым халық", – делінген жауап хатта.

Конституцияға сәйкес, әрбір салық төлеушінің негізгі парызының бірі – заңмен бекітілген салықтарды уақытылы төлеу. Ал өсімпұл мен айыппұл есептеу – салықтарды мерзімінде төлемегені үшін қолданылатын тәсілдер.

"Қазіргі рақымшылық салық төлеушілердің салықтық мәдениетін арттыруға бағытталған. Осы жолғы рақымшылықтың бұған дейінгілерінен басты айырмашылығы – негізгі қарызды міндетті түрде өтеу керек. Салықтық рақымшылыққа ілігетін әлеуетті қатысушылардың бюджетке төлеуге тиісті негізгі қарыз сомасы 210 млрд теңге", – деп жазылған мемлекеттік кірістер комитетінің хатында.

Сонымен қатар, салықтық рақымшылықты жүргізу кәсіпкерлердің шоттарын бұғаттаудан босатуға, мүлікке билік етуін шектеу мәселесін шешуге және өзінің коммерциялық қызметін жалғастыруына мүмкіндік бермек. Осылайша, рақымшылыққа қатысушылар кәсібін тоқтатпай, қызметін алға бастыра отырып, бюджетке қосымша салықтардың түсуін қамтамасыз етеді.

Бұдан бөлек, бүгінде жеке тұлғаларға да салықтық рақымшылық жүргізу бойынша еліміздің салық заңнамасына тиісті толықтырулар енгізу жұмыстары жалғасуда.

"Мұндай салықтық рақымшылық жеке тұлғалар төлеуге тиісті салық түрлерін қамтиды. Атап айтқанда, мүлік салығы, жер салығы, көлік құралдары салығы, төлем көзінен ұсталынбайтын жеке табыс салығы және тағы да басқа салықтар", – делінген хатта.

Қазіргі уақытта салықтық рақымшылыққа қатысатын жеке тұлғалардың санаттарын анықтау мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылған. Жжұмыс тобы тиісті түзетулер жобасын әзірледі. Жоба құзырлы мемлекеттік органдармен, қоғамдық және сараптамалық кеңестермен келісілген. Түзетулер жобасын Парламентке енгізу жұмыстары жүргізілуде.

Еске сала кетейік, 2015 жылы өткізілген салықтық рақымшылық жеке тұлғаларды да қамтыған болатын. Соның нәтижесінде салықтық рақымшылыққа қатысқан 557 мың жеке тұлға берешегінен құтылды.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу