Азиялық тәжірибе және Еуропаға cабақ

5063

Қытай мен Оңтүстік Кореяда коронавирус ошақтары қайта табылып, Батыс пен өзге әлемге карантиннен босарда, қырағылықты ұмытпауды ескертіп отыр. 

Азиялық тәжірибе және Еуропаға cабақ

Жексенбі күні Оңтүстік Корея президенті Мун Чже Ин мәлімдеме жасап, республика астанасы Сеулде коронавирустың жаңа ошағы табылғанын хабарлап, елде эпидемияның екінші толқыны басталуы мүмкін екенін ескертті.

Оңтүстік Корея – коронавирустың тарауын сәтімен шектеп, карантинді жеңілдетуге көшкен алғашқы елдердің бірі. Бірақ жаңа вирустық кластердің анықталуы бұл қуанышты су сепкендей басып отыр. Сондықтан  Мун халықты "эпидемияға келгенде, сақтық ережелерін ешқашан төмендетпеуге" үндеді.

Қытай да екі қалада вирус жұқтыру оқиғалары тіркелгеннен кейін, шектеу шараларын қайта енгізуге мәжбүр. Елдің солтүстік-шығысындағы Цзилинь провинциясының Шулань шаһары 11 адамнан коронавирус анықталған соң, қайтадан карантинге жабылды. Цзилинь Ресеймен де, Солтүстік Кореямен де шектеседі. Сол себепті оған Covid-19 сырттан импортталды деген күдік бар.

Былтыр коронавирустың әлемге сапары басталған Уханьдағы жағдай да билік пен дәрігерлерді қайта алаңдата бастады. Айта кетсек, бұл қала дүниежүзінде бірінші болып карантинге жабылып, 76 күннен кейін ғана ашылды.  Алайда  жергілікті үкімет жақында Уханьда бес адамның қауіпті инфекцияны жұқтырғанын мәлімдеді. Олардың ешқайсы шетелге шықпай, қауіпті дертке қаланың өз ішінде жүріп шалдыққан.

Қытай Ұлттық Денсаулық Сақтау Комиссиясының ресми өкілі Ми Феннің сөзінше, вирустың жаңа ошақтарының табылуы адамдардың бір-бірінен әлі де алшақ жүруі қажеттігін ескертеді.

Бұған дейін Қытай да, Оңтүстік Корея да эпидемия қарқынын мейлінше баяулатып, азаматтардың бір-біріне вирус жұқтыру оқиғаларын мүлде тоқтатуға жақындаған еді. Осы орайда Қытай таратқан статистикалық мәліметтерге күмән туындаса, Оңтүстік Кореяның пандемияға жауабы әлем бойынша үздік танылып, үлкен мақтауға ие болды.

Германия да эпидемияны ауыздықтау тәсілдерімен дүниеге үлгі болды. Бірақ  соңғы күндері мұнда репродукциялық сандардың өскені байқалып отыр. Яғни, Роберт Кох Институтының ғалымдары анықтағандай, коронавирус жұқтырған бір адам қауіпті инфекцияны бірден көп адамға жұқтыра алады.

Германия федералдық үкіметі мен аймақтардың басшылары эпидемия оралған жағдайда оны тоқтату механизміне келісті. Ол ережеге сәйкес, 100 000 тұрғыны бар елдімекенде коронавирус жұқтырғандар 50-ден асып кетсе, сол аумақта карантин қайта жариялануы керек.

Сингапурдағы ахуал да көңіл көншітерлік емес. Мұнда сәуірдің басында коронавирус жұқтырғандар 2 мыңға да жетпеген еді. Қазір 23 мыңнан асып отыр. Яғни, Сингапурда да "шайқас басталмай жатып, жеңіспен аяқталды" деген болжам шын мәнінде жүзеге аспады. Қазір бұнда адамдардың өзгелермен байланысы тексеріліп, қозғалыс шектеліп, әлеуметтік дистанцияның маңыздылығын түсіндіру жұмыстарына робот-иттер де тартылып отыр.

Осының бәрі Батысқа сабақ болмай отыр. Еуропа елдерінде коронавирус жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандар әлдеқайда көп болса да, карантинді жеңілдету шаралары жаппай жүргізіліп жатыр.

Бірқатар бақылаушының ойынша, Батыс әлемі Азия арқылы жеткен вирусқа тым шабан, кешігіп жауап берді. Ал, ғаламға пандемия қаупі төніп тұрғаны қаңтарда-ақ белгілі болды. Сол кезде Еуропа мен АҚШ Азияның эпидемиямен күрес тәжірибесін және маска тағудың қажеттігі туралы ақыл-кеңестерін де қабылдамады. Ал, Гонконг пен Біріккен Корольдік ғалымдары бірлесіп жүргізген зерттеулерге қарағанда, бетперде тағу вирус жұқтыру деңгейін күрт төмендетеді.

Қытай мен Оңтүстік Кореядағы жаңа инфекция қаупін де Батыс қаперге алмауы мүмкін. Ақпанда Азияда эпидемия мейлінше өршігенімен, көп кешікпей оны тоқтатудың сәті түсті. Бірақ, бұл аймақта эпидемияның қайта қылаң беруі карантиннен асығыс шығудың қауіптілігін мен күресті толық тоқтатуға болмайтынын ескертіп тұрғандай.

Азиядан жеткен жаңалықтардың бәрі сүреңсіз емес. Вьетнам мен Таиланд эпидемияны тоқтатқандарына көз жеткізіп, тіпті туристік дәліздер ашу мәселесін қарастырып жатыр. Жаңа Зеландия мен Австралия да осындай әрекетке келісіп отыр.  

Гонконгқа келсек, ол коронавирус эпидемиясының екінші толқынына да тосқауыл қойып, соңғы 21 күнде бірде-бір жергілікті вирус жұқтыру оқиғасын тіркеген жоқ. Осы айдың соңында Қытайдың арнайы әкімшілік ауданы өзін Covid-19-дан ада территория деп жариялауы мүмкін.

Бітпеген іс – бітпеген іс.  Коронавирус пандемиясы да әйтеуір бір аяқталады. Ал, Азияның тәжірибесі көрсеткендей, онымен күрес қырағылықты ғана емес,  темірдей төзімді де қажет етеді.

Арыс Әділекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу