Азық-түлікке де қаржы қажет

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
1884

Үкімет АӨК-нің өңдеумен айналысатын кәсіпорындарын дамытуға 112 млрд теңге бөлуге дайын.

Азық-түлікке де қаржы қажет

Ауыл шаруашылығы министрлігі өңдеу ісімен айналысатын кәсіпорындардың картасын әзірледі. Осы арқылы елімізде төрт жыл ішінде ауыл шаруашылық өнімдерінің  негізгі түрлерін қарқынды өңдеу көзделіп отыр. Нәтижесінде экономикамыз қарқын алып, еліміздің импортқа деген тәуелділігі азаюы тиіс.

"Жалпы ішкі өнімнің 5,3%-дық  орташа жылдық қарқынына қол жеткізу жоспарланып отыр, – деді үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары-ауыл шаруашылық министрі Асқар Мырзахметов. – Жалпы ішік өнімнің орташа жылдық көлемін өсіруге агроөңдеудің қосатын үлесі 50% болады. Сонымен бірге ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу өсімдік шаруашылығы өнімін өндіруді 1,4%-ға, мал шаруашылығы өнімін өндіруді 1,2%-ға дейін арттырады. Агроөңдеу (2021 жылға қарай) АӨК-і еңбегінің өнімділігін  2016 жылғы деңгей 18,6%-ға дейін өсіруді қамтамасыз етіп, импортты  32%-дан 25%-ға дейін азайтады".  

Ауыл шаруашылық министрлігі тоғыз басым бағыт: сүт, ет, тері, жүн, майлы және дәнді дақылдарды, жеміс пен көкөніс, қант қызылшасы мен картопты өңдеуді белгіледі. Бүгінгі күні бұл бағыттар бойынша 435 (жұмыс істеп тұрған өңдеумен айналысатын 1345 кәсіпорынның ішінен) кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Агроөңдеумен айналысатын кәсіпорындарды орналастыру картасы әзірленді, ол әр облыс пен ауданға бөлінген.  Саланы үш негізгі принцип – кәсіпорындардың жүктемесін арттыру, жұмыс істеп тұрған (80) және жаңа кәсіпорындарды (79) салу бойынша дамыту жоспарланып отыр.

Жұмыс істеп тұрған сүт өңдейтін 148 кәсіпорынның 41-і жаңғыртудан өтуі керек. Сонымен қатар ауыл шаруашылық министрлігінің есептеуі бойынша, шағын 42 кәсіпорын салу керек, оның ішінде  2021 жылға қарай 31 шағын-ірімшік қайнататын өндіріс орны да салынуы тиіс. Қазір 60%-ға жүктелген  кәсіпорындардың өңдеу қуаты 1,8 млн тоннаны құрайды. Жаңа зауыттар негізінен Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Павлодар, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облысында салынады деп жоспарлануда, өйткені дәл осы  облыстардың шикізаттық әлеуеті зор. Ал жұмыс істеп тұрған зауыттар өңдеудің қажет деңгейін қамтамасыз ете алмайды.

Елімізде 171 кәсіпорын ет өңдейді, оның 20-на жаңғырту қажет. 38%-ға жүктелген кәсіпорындардың өңдеу қуаты 260 мың тоннаны құрайды. Шамамен 100 мың тонна ет өңделуде, оның өңдеу үлесі 12%-ды құрайды. Жүктеуді 80%-ға дейін жеткізу өңделген еттің көлемін 1,5 есе арттыруға  немесе 249 мың тоннаға дейін жеткізуі керек, ал бұл өңдеу үлесін 25%-ға дейін арттырады. Сондай-ақ Алматы облысында 10 жаңа кәсіпорын салынады деген жоспар бар. Осының нәтижесінде шұжық өнімі импортын 11%-ға, ет консервісіне қатысты импортты 21%-ға азайту көзделіп отыр.

Елімізде майлы дақылдарды өңдейтін 49 кәсіпорын жұмыс істейді, оның жетеуі жаңғыртуды қажет етеді. 40%-ға жүктелгенде өңдеу қуаты 1,4 млн тонна  болады. 32% өңдеу үлесі барысында небәрі 570 мың тонна өнім өңделеді. Майлы дақылдарды өңдеу қуатын екі млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр, ал өсімдік майы және маргарин бойынша импорт үлесі 16%-ға төмендейді.

Сондай-ақ астықты терең өңдеу мәселесі қарастырылып жатыр. Бүгінгі күні елімізде астық өңдеумен айналыстан үш кәсіпорын ғана бар, олардың қуаты 120 мың тоннадан аспайды. Ал кәсіпорындардың өзі жаңғыртуды қажет етеді. Ауыл шаруашылық министрлігі 2021 жылға қарай жаңғырту мен жаңа қуат құрылысын салу есебінен биоэтанол (28%), сірне  (19%), крахмал (12%),  глюкозалы-фруктоза шәрбетін (10%), қоспа жемді (10%), глютенді (9%), басқаларын (органикалық қышқыл, мезга)  12% өндіру үшін терең өңдеу көлемін бір млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлауда.

"Осының арқасында 2021 жылға қарай астықты терең өңдеу көлемі тоғыз есе артады, ал азық-түлікті экспорттау көлемі шамамен 400 млн доллар болады. Астықты терең өңдеу қуатын астық себетін өңірлерде орналастыру жоспарланып отыр", – деп нақтылады Асқар Мырзахметов.

Бұл жоспардың барлығы қаржыландыруды қажет етеді. Ауыл шаруашылық министрлігінің есептеуі бойынша, оңтайлы шешім – бұл қаржы институттарының несиелерін ( екінші деңгейлі банктер, "ҚазАгро" және "Бәйтерек" холдингтері арқылы) қолжетімді ету.

"Бюджет пен қаржылық институттардың мүддесі есебінен айналымдағы қаражатты толтыруға несиелер бойынша сыйақы мөлшерін арзандату үшін субсидия көлемін 4%-ға дейін белгілеу ұсынылды. Бұған картаны іске асыру кезінде 24,1 млрд теңге қажет. Қаражат негізінде мөлшерлемені арзандатудың екінші бағыты үшін субсидияның көлемін 10%-ға дейін белгілеу ұсынылды. Ал бұл үшін 38,1 млрд теңге қажет. Айналымдағы және негізгі қаражатқа  несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялаудан басқа, жаңа зауыттарды салу және жаңғырту барысында жабдық сатып алуға  шамамен 50 млрд доллар инвестициялық субсидия қажет. Біздің есептеуіміз бойынша, барлық шығынды азайтқанның өзінде картаны іске асыру үшін мемлекеттен 112,1 млрд теңге қолдау қажет болады", – деді ауыл шаруашылық министрі.

Бизнес-қауымдастық ұсынылған шараларды қолдап отыр. "Атамекен" кәсіпкерлер ұлттық палатасы басқармасы төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева карта кәсіпкерлердің қатысуымен әзірленгенін айтты. Бірақ та бизнесмендер тағы да қосымша ұсыныс жасады.  

"Өңдеу мақсатына бағытталған қарыз бағдарламасына қатысу мүмкіндігін қарастыруды ұсынып отырмыз. Мысалы, алма және жеміс өңдейтін адам дайын өнімді сақтауға арналған қойма салуға немесе дайын өнімді тасымалдау көлік құралы үшін қаражат ала ала ма, – деді ол. – Өңдеумен айналысатын жаңа зауыттарды шикізат бар аудандарға орналастыру қажет. Бұл бағдарламаның маңызды бөлігі, бірақ та кейбір аудандарда қажетті инфрақұрылым болмауы мүмкін. Осыған байланысты керек инфрақұрылымды "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы барысында тарту тәсілін әзірлеуді ұсынамыз".

Ұсынылған шаралар бойынша несие берудің соңғы мөлшерлемесі әзірге белгілі болмай тұр. КҰП оны осы жылдың IV тоқсанында базалық мөлшерлеменің көлеміне қарап бекітуді ұсынды.

Жалпы ұсынылған шараның барлығын үкімет қолдап отыр. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев отырыста айтылған ұсыныстарды ескере отырып, бағдарлама жобасын үкіметтің бекітуіне жіберу керектігін айтты.

Гүлназ Ермағанбетова, Ирина Севостьянова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу