Бағдар бар, бағыт белгілі

2734

Экономистер мен саясаттанушылар аbctv.kz-ке президент Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жолдауына қатысты пікір білдірді.

Бағдар бар, бағыт белгілі

 

Рахман Алшанов, экономика ғылымдарының докторы:
– Елбасы жолдауында айтылған барлық он басымдық қазіргі замандағы сын-тегеуріндерге толық жауап береді. Президент осы бағыттағы әрбір салаға, әр шараға қатысты байыпты міндет белгіледі. Бұл шаралар бізде де, әлемде де сынақтан өткен және нақты нәтижелерін берді. Соның арқасында өткен жылы Қазақстан экономикасы 4 пайыздық өсімге қол жеткізді. Әлемдік көрсеткіш бұдан әлдеқайда төмен болды. Көрші Ресейдің өзінде жалпы ішкі өнім тек 1,8%-ға өсті. Бұл біздің мемлекет уақыт сынынан өткен дұрыс стратегияны жүзеге асыруда деген сөз. Президент технологиялық және экономикалық тұрғыдан артта қалмау үшін Қазақстан қабылдауы қажет нақты шараларды ұсынды. Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар, соның ішінде "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасы осы міндеттерді шешуге бағдарланған.

Әміржан Қосанов, саясаткер:
–  Сөз жоқ, президенттің 2018-жылғы жолдауында көп нәрсе орынды айтылған, біраз маңызды мәселе қамтылған. Оны жоққа шығара алмайсың. Осы жолғы жолдауда шенділерге қатысты нақты әрі қатты сын  айтылды. Дұрыс, бірақ мен болсам, сын тезіне алынар министрлердің санын көбейтер едім. Мұғалімдердің жалақысын 50%-ға дейін өсіру де дұрыс. Осы іспеттес дәрігерлердің де табысын көбейту керек болар. Бұл екі мамандық әлеуметтік саланың қос қанаты емес пе? Президенттің жолдауындағы "көл-көсір" мұнай дәуірінің аяқталып жатқаны туралы тезис өзекті және де ол жиі айтылып жүрген жауыр сөз болып қалмай, нақты іс-қимыл бағдарламасына айналуы тиіс. Әйтпесе 26 жыл ішінде бір жаңа мұнай өңдеу зауытын сала алмауымыз – бетімізге шіркеу. Сонымен бірге осы іспеттес орынды мойындаулар мен жақсы бастамалар бұрын да айтылып келе жатқан жоқ па?! Ол тапсырмалардың нәтижесі қандай болды? Неге, ең болмаса газет нұсқасында өткен жылғы жолдаудың орындалуы жайлы есеп берілмеді?!

Ерлан Саиров, Қазақстан кәсіподақтары федерациясы төрағасының орынбасары:
– Қазақстан дамудың және халықтың әл-ауқатын арттырудың үлгілі моделін түзіп, табысты жүзеге асыруда. Мұны халықаралық сарапшылар мойындап отыр. Әрине қазіргі кезде әлемдегі өркендеудің жалпы таныған әдістемесі жалпы ішкі өнімнің өсіміне құрылған. Алайда дүниежүзінде ЖІӨ-нің өсімі мен отбасылардың дамуының ара-жігі барған сайын артуда. Тиісінше ресми экономикалық статистика мен әлеуметтік көңіл-күй арасында айырмашылық байқалуда. Меніңше елбасы жолдауында айтылған ірі міндеттерді іске асырып, жетістіктерге жету үшін біздің Қазақстанның төл ерекшеліктеріне және мүдделеріне жауап беретін өз әдістемемізді, "мемлекет пен қоғамның дамуы индексі" бойынша автономды моделімізді жасауымыз керек. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу