БАҚ пен билік арасы қашан жақындайды

3737

Алматыда бас қосқан отандық масс-медианың өкілдері осы және өзге де өзекті сауалдарға жауап іздеді.  

БАҚ пен билік арасы қашан жақындайды Фото: mediaunion.kz

3 мамыр – халықаралық баспасөз бостандығы күні қарсаңында Қазақстан МедиаАльянстың қатысушылары Алматыда бас қосып, осы мәселе төңірегінде ойларымен бөлісті. Жиынға қатысқан ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев аккредитация шарттары, шенеуніктердің БАҚ өкілдерімен байланысындағы белсенділіктің төмендігі, форс-мажорлық оқиғалар кезіндегі ұстанымдарының кешіктіріліп берілуі туралы сұрақтарға  жауап берді.

"Барлық проблеманы білеміз және министрлік оны шешудің жолдарын қарастырып жатыр. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің былтырдан бері "БАҚ"  туралы жаңа заң жобасымен айналысып жатқаны белгілі. Тек БАҚ туралы ғана емес, бірнеше заңдарға өзгерістер енгізілмек. 2018 жылы біз 200 өзгеріс енгіздік. Олардың ішінде тек бірнешеуі ғана кәсіби ортада пікірталас туғызды. Жобадан БАҚ жұмысын тоқтатқан жағдайда оның тиражын тәркілеу туралы баптар алынып тасталды", – деп түсіндіріп өтті Дәурен Абаев.  

Министр жиынға БАҚ туралы заңдағы өзгерістерді алматылық журналистер алдында тағы да бір пысықтап алуға ниет таныта келіпті. Мемлекеттік арналардан коммерциялық бағыттағы жарнамалардың жолы кесілгенін білеміз. Бұл мәселенің қоғамның пайдасына шешіле бастағанын көрсетеді.

"Жаңа медианың бағыты жаңа Альянсты, жаңа Кодексты қалыптастырды", – деп нақтылады Дәурен Абаев.   

Қазақстандық Медиа Альянстың басқарма төрағасы Арманжан Байтасовтың пайымдауынша, әлеуметтік желі біздің елде азаматтық журналистиканың қалыпасуын тездетіп жібергенге ұқсайды.

"Қазір дәстүрлі  БАҚ өкілдері ғана емес, әлеуметтік желідегі әрбір блогер өзін азаматтық журналистиканың өкіліміз деп есептейтін кезеңге жетіп қалыппыз. Тіпті мемлекеттік телеарналардың, газеттердің журналистері жұмыс орнында емес, әлеуметтік желіде өздерін еркін сезінеді екен. Сол себепті жаңа медианың беталысы бұрынғы ескі әдістермен жүруге көнбейтінін байқатып отыр. Билік, керісінше мұны мойындағысы келмейтін сыңай танытып жүр", – дейді Арманжан Байтасов.

Сондықтан, БАҚ туралы бұрынғы заңдағы журналистің сауалдарына бір аптаның ішінде жауап берілуі тиіс деген бап қазір бүгінгі күннің тынысына ілесе алмай қалған. Байтасовтың сөзімен айтсақ, журналистерге ресми орындардың жауабы үй өртеніп болған соң емес, үй өртеніп жатқан сәтте керек. Бұл – осы күнгі жана медианың талабы.  

Сондай-ақ, Арманжан Байтасов азаматттық телеарна құру мәселесі ешқашан бүгінгідей өзекті болмағанын еске түсіріп өтті. Бірақ оны ашып, қаржыландыруға ықылас танытып отырғандар аз көрінеді.

"Олар мұндай телеарналар көрермендердің абоненттік төлемақысымен қаржыландырылатынын алға тартады. Мұндай төлеммен телеарна ашуға медиа кеңістіктің әлеуеті де, көрермендердің төлем қабілеті де жетпейді", – дейді Арманжан Байтасов.   

31 арнаның бас директоры Нұржан Жалауқызы қазақстандық Медиа Альянс билік пен БАҚ арасындағы байланысты сөз етті.

"Журналистер мен биліктің арасы футбол алаңына айналып кеткен. Мминистрге оқиғаның қаны тамбай тұрып жіберілген сауалдардың жауабы өрт сөніп, жағдай тынышталған кезде ғана бірақ келеді. Мұнан кейін мәнісі кетіп қалған тақырыпты қайта көтеруге журналистің де ықыласы болмай калады", – деді Нұржан Жалауқызы.

Жиында көтерілген тағы бір мәселе – шенеуніктердің журналистермен тілдесуге ықылас таныта бермейтіні, оның қалыпты жағдайға айналып бара жатқандығы. Ақпарат комитеті қоғаммен байланыс орнату және мемлекеттік органдармен үйлестіру басқармасының басшысы Бақнияз Қарашина БАҚ пен билік арасындағы мұндай әңгімелердің ауыртпалығы баспасөз хатшыларына барып тиетінін атап өтті. Журналистердің министрге бағытталған сұрақтары алдымен баспасөз хатшыларына жетеді. Өкінішке қарай, оларда министрге тікелей барып жауап алуға құзірет жоқ.

"Баспасөз хатшыларының өкілеттілігі туралы мәселе талай рет көтерілді. Егер бұл мәселе реттелсе, біраз шаруаның күрмеуі тарқатылады", – деді  Бақнияз Қарашина.

Пленарлы сессияның үзіліс сәтінде жиынның модераторы Atameken Business медиа холдингінің бас директоры Қанат Сахарияновпен тілдесудің сәті түсті. Оның пікірінше, бұл мәселе қоғамдық сананың өсуімен бірге шешімін табады.

"Біз бұл бағытқа жақындап келе жатырмыз. Әлеуметтік желілерде президенттен бастап облыс әкімдерге дейін аккаунт ашуы қоғам мен билік арасындағы байланыстың ашықтыққа бет алып келе жатқанын көрсетеді", – деді Қанат Сахариянов.

Оның сөзінше, кейбір шенеуніктер төтенше жағдайлар кезінде журналистердің сұрағына кәсіби жауап беруге дайын болмайды. Сондықтан олардың басым көпшілігі үндемей қалуды немесе сұрақтан жалтарып кетуді жөн көреді.

"Бұл фактор журналист пен қоғамның наразылығын тудырады. Меніңше, билік өкілдері қоғаммен немесе журналистермен тіл табысудың, өздеріне сөз келтірмеудің әдісін, коммуникациясын меңгеруі керек. Оны меңгеруді барлығына міндеттеу керек деп ойлаймын. Оқиға кезінде жауаптан жалтарып кету ешкімге абырой әпермейді. "Оқиғаның себеп-салдарын жұмыс тобы зерттеп жатыр. Алғашқы қортынды шықса, сіздерге міндетті түрде хабарлаймыз" деп айтуға, соңғы нәтиже туралы хабар БАҚ-қа дер мезгілінде жетуін министрдің өзі тікелей бақылауына алса, екі тараптың арасы мұндай түсінбестікке ұрынбайтын еді. Бұл ретте біздің елдің шенеуніктерін шетелдік әріптестерімен салыстыруға болмайды. Біздегі шенеуніктердің басым көпшілігі коммуникацияның мұндай тәсілдерін білмейді. Ал журналист оны сұрақтан жалтарды деп қабылдайды. Бұдан басқа саяси астар іздеудің қажеті жоқ", – дейді Atameken Business медиа холдингінің бас директоры.  

Рауан  Ілиясов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу