Банкаралық бәсеке

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
8329

Депозиттегі жеке жинақтардың көлемі Қазақстанда қай шетелдік қаржы институтының әлеуеті мықты екенін көрсетті.

Банкаралық бәсеке

Ел азаматтары отандық банктерді айналып өтіп, шетелдік банктерге жүгініп жатыр. Бұған қазақстандықтардың жеке жинақтарын өзге елдің қаржы институттарына сеніп тапсыруы дәлел болып отыр.

Шетелдің коммерциялық банктерінен депозит ашқан қазақстандықтар былтыр жеке салым үлесін 10%-дан 11%-ға арттырған. Салымшылардың жартысынан көбі ақшаларын Ресей банктерінде сақтаған тиімді деп шешкен. Нәтижесінде "Сбербанктің" бәсі бәсекелестерінен биік болған. Бұлай дейтін себебіміз, өткен жылы аталмыш банк қазақстандықтардың жеке салымдарын сақтау көрсеткіші бойынша еліміздегі екінші деңгейлі 32 банктің арасынан суырылып, 4 орынға шыққан.

2018 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша, Қазақстанда 13 шетелдік банк тіркелген. Оның төртеуі, атап айтқанда "Альфа-Банк", "ВТБ", "Хоум Кредит", "Сбербанк" 100% ресейлік резиденттерге тиесілі деп жарияланған.

2016 жылы жоғарыдағы банктердің қаржылық көрсеткіштері төмендеп, нарықтағы ықпалы әлсіреп кетті. Олардың банк секторындағы жалпы салымы 10,8%-дан 8,1%-ға қысқарып, кредиттерінің үлесі 9,6%-дан 8,1%-ға кеміді. Шетелдік банктер былтыр осы олқылықтың орнын толтыру үшін жанталасты. Нәтижесінде 2017 жылы Қазақстандағы 4 Ресей банкінен жеке тұлғалар ашқан депозиттердің көрсеткіші 96,2%-ға жетіп, ақша эквивалентінде 864,6 млрд теңгені құрады. Бұл соманың 77,8%-ы немесе 699,7 млрд теңгесі "Сбербанкке" түскен. Бұған қоса қазақстандықтар "Альфа-Банкке" - 83,6 млрд, "Хоум Кредитке" - 53,6 млрд, "ВТБ-ға" - 27,7 млрд теңге көлеміндегі жеке жинақтарын өз қолдарымен апарып берген.

Айта кетейік, еліміздегі екінші деңгейлі шетел банктеріндегі қазақстандықтардың жеке жинағы жыл жылжыған сайын көбейіп жатыр. Мысалы 2016 жылы бұл көрсеткіш 10,2% болса, 2017 жылы 10,9%-ға жетті.

Орайы келіп тұрғанда отандық банктерді де тілге тиек етуге тиіспіз. Ranking.kz сараптама агенттігінің мәліметінше, 2017 жылдың қаңтары мен мамыры аралығында ел азаматтары 54,6 млрд теңге көлеміндегі жинақтарын "Тұрғын үйқұрылысжинақбанкіне" тапсырған. Осылайша аты аталған қаржы институты қазақстандықтардың жеке салымын сақтаушы ретінде көш бастаған. Екінші орынға  Kaspi Bank орналасыпты. Ол көрсетілген уақыт аралығында инвестициялық портфеліне 30,9 млрд теңге жинап үлгерген. Үшінші орынға жайғасқан Fortebank есепті кезеңде жеке тұлғалардың 17 млрд теңгесін сақтау және еселеп қайтару сеніміне ие болған. Ал Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры 2017 жылдың III тоқсанын түйіндегенде кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктерден жеке тұлғалар ашқан депозиттердің үлесі бойынша көшбасшылардың үштігіне "Халық банкті", "Казкоммерцбанкті" сонымен қатар Kaspi Bank-ті енгізді.  Сәйкесінше олардың үлестері 20,7%, 16,7% және 10,3% болды.

Айтпақшы, 2017 жылдың қыркүйегінде отандық банктердің депозиттерінде теңгемен сақталған қаржының көлемі 3,4%-ға қысқарып, 8 млрд 765,1 млн-ды құраған. Ал шетел валютасындағы жеке жинақтар 3,7%-ға өсіп, 8 млрд 886,2 млн-ға жеткен.   

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу