Банкирлер енді басқа органнан "бата" сұрайды

12825

Барлық банктердің үстінен қарайтын жаңа мемлекеттік органның атауы мен мекенжайы анықталды. 

Банкирлер енді басқа органнан "бата" сұрайды

"Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру туралы" Президент жарлығы жобасының егжей-тегжейі жарияланды.

Оған сәйкес, банктердің, кредиттік бюроның, сақтандыру брокерінің және бағалы қағаздар нарығы ойыншыларының қызметін тоқтата тұру не оларды лицензиядан айыру туралы шешімді бұдан былай Ұлттық банк емес, басқа ведомство қабылдайтын болады.

Қандай да бір банкті "төлем жасауға қабілетсіз банктер" санатына жатқызу немесе одан алып тастау туралы шешімді де сол шығармақ.

Ұлттық банк көтере алмаған сом шоқпарды беліне байлайтын жаңа мемлекеттік органның атауы – "Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі" республикалық мемлекеттік мекемесі деп аталады.

Ол Нұр-Сұлтанда емес, Алматы қаласында, "Көктем-3" шағын ауданы, 21-үй мекенжайында орналасады. Почталық мекенжайы да белгілі – А15С9Т5.

Агенттік тікелей Президентке бағынады және есеп береді.

Жарлыққа сәйкес, жаңа агенттіктің тек төрағасын ғана емес, тіпті орынбасарларын да Мемлекет басшысының өзі тағайындайды. Ал басшысы сыртында, орынбасарларын да Президент өз жарлығымен тағайындайтын мекемелер билікте қазір көп емес, саусақпен санарлық қана. Бұлар – Ұлттық банк, жаңа агенттік, сондай-ақ Қазақстанның Ресей Федерациясындағы сауда өкілінің орынбасарлары.

Бұдан бөлек, жаңа агенттіктің басқармасы құрамында ел Президентінің бір өкіліне орын бөлінеді.

Жаңа тәртіпке сәйкес, егер қолданылған шаралар банктің қаржылық жағдайын жақсартуға әкелмесе, банк кредиторларының мүдделерін қорғау және Қазақстанның банк жүйесінің орнықтылығын қамтамасыз ету үшін жаңа агенттік іс-қимылға кіріседі. Ол ел Үкіметінің не ұлттық басқарушы холдингтің әлгі банкті сатып алуы, басқаша айтқанда,  мемлекет меншігіне айналдыру жөнінде Премьерге ұсыныс жасауға құқылы.

"Қазақстан Үкіметіне ҚР заңнамалық актілерінде көзделген тәртіппен, банктің қаржылық жай-күйін жақсарту және банктің пруденциялық нормативтерді немесе сақталуға міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді орындауы үшін қажетті мөлшерде жариялаған акцияларын Үкіметтің не ұлттық басқарушы холдингтің сатып алу мүмкіндігін қарастыруды ұсынады", – делінген құжатта. 

Сонымен қатар, егер қандай да бір банктің "капиталы теріс мөлшерде болса", агенттік ол банкті өз акцияларын жаңа инвесторға міндетті түрде дереу сатуға мәжбүрлей алады. Жаңа инвестор ол банктің қаржылық жай-күйін қажетінше жақсартатынына кепілдік беруі керек.

Жаңа агенттіктің құрылымы және жалпы штат саны әзірге жария етілмеді, оны осы жарлық қабылданғаннан кейін, Қазақстан Президенті бекітеді деп күтілуде.

Агенттік төрағасын Мемлекет басшысы 6 жылға тағайындайтыны анықталды. Оның үш орынбасары болады.

Агенттік басқармасы Қазақстанда банк ашуға, сақтандыру компаниясын және олардың еншілес ұйымдарын құруға, банктердің еншілес ұйымын құруға және сатып алуға, әлдебір тұлғаның банктің капиталына қомақты қатысуына рұқсат береді немесе одан бас тартады.

Осыдан-ақ жаңа мемлекеттік органның құзырының қаншалықты күштілігі көрінеді.

Бұл ретте жаңа агенттік жұмысын бастағаннан кейін де, Ұлттық банк жойылмайды.

"Ұлттық банкте тек төлем ұйымдарына, банктік емес айырбастау пунктеріне, инкассаторлық компанияларға қатысты реттеу және қадағалау функциялары қалады. Сондай-ақ мемлекеттің ақша-кредит саясатын жүргізеді, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдеседі, валюталық реттеу мен валюталық бақылауды, статистикалық қызметті жүзеге асырады", – деп түсіндіреді қаржылық реттеуші төрағасының орынбасары Олег Смоляков.

Айтқандай, осындай орган ел тарихында болған. Ғасыр басында 2004 жылы Ұлттық банк құрамынан қаржылық нарықты және қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау агенттігі бөлініп шығып жеке жұмыс жасады. Алайда 2011 жылы ол жойылды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу