Бұған дейін ресейлік БАҚ Беларусьтің Еуразия экономикалық одақтан шығатынын жазған болатын. Ал күні кеше Александр Лукашенко бұл одақтан 15 млрд АҚШ доллар жоғалтқанын айтып, Ресейді аяусыз сын садағына алды. Ал отандық бұқаралық ақпарат құралдары Батьканың "батырлығын" жыр қылып жарыса жазып жатыр.
Александр Лукашенко Еуразия экономикалық одақ тұрмақ, кей кезде тіпті Путиннің өзін аяусыз сынап алады. Алайда осы сындардан кейін екі ел басшылары емен-жарқын әңгімелесіп, татуласып кететін. Ал бұл жолы Лукашенконың ашуы қатты тәрізді.
"Осы уақытқа дейін арадағы сауда-саттық шарты мен бағаның бірдей болмауынан Беларусь 15 млрд АҚШ долларын жоғалтты. Олар осынша пайда тапқанын мойындап отыр. Енді, міне, олар бізге 5 млрд несие беріп жатыр. Бізден баға арқылы 15 млрд пайда көріп, сосын бізге өзіміздің ақшамызды, оның өзінде үштен бір бөлігін Халықаралық валюта қорынан жоғары пайызбен қайтарғанды жақсы көріп отыр, сұмдық қой, айтарым жоқ", – деді Александр Лукашенко.
Ресейге нарығымызды беріп қойдық
Экономист Меруерт Махмұтованың айтуынша, Беларусь Еуразия экономикалық одағынан шығудың жолын іздеп жатыр. Мәселен Лукашенко Петерборда өткен осы одақтың жиынына бармай қойды. Бұл аз десеңіз, ол кеден кодексіне қол қойған жоқ. Әйтсе де, экономист Ресей Беларусьті үгіттеп, экономикалық одақта қалдыруға көндіруге тырысады деген пікірде. Ал Қазақ елі экономикалық одақтан қандай пайда көріп отыр?
"Еуразиялық экономикалық одақтан біздің елге ешқандай пайда болмайтынын 2009 жылдан бері айтып келе жатырмын. Сол кезде айтқандай, одақ бізге тиімді бола қойған жоқ. Бұл одақтан тек Ресей ғана пайда көріп отыр. Мәселен Ресейдің Қазақстанға импорты ұлғайып, ал біздің Ресейге экспортымыз төмендеп жатыр. Ұзын сөздің қысқасы экономикалық одақтан ешқандай пайда жоқ. Қазіргі таңда Ресейдің халықаралық сауда жасау мүмкіндігі шектеліп жатыр. Ал біз Ресей кәсіпкерлеріне еліміздің нарығын тұтас беріп қойдық", – дейді Меруерт Махмұтова.
Лукашенко ойын ойнап отыр
Саясаттанушы Әзімбай Ғалидің айтуынша, Лукашенко Ресеймен саудаласып отыр. Бұған дейін Ресей жыл сайын Беларуське қыруар қаржы беретін. Ал биыл Ресейдің қаржылық мүмкіндігі нашар болғандықтан, оларға аз ақша беріп отыр.
"Жалпы ақша аз немесе мүлде бермеген кезде Лукашенконың тулайтын әдеті бар. Бірақ оның сұраған ақшасын Путин беріп, тыныштандыратын. Бұл – бір. Екіншіден, осы тәсіл арқылы Беларусь президенті Батыс алдында бедел жинауды әдетке айналдырған. Естеріңізде болса, батыс Лукашенкоға "Еуропадағы соңғы диктатор" деген атақ беріп, тіпті санкция салған болатын. Саяси себептермен сотталған қайраткерлерді түрмеден босатқаннан кейін Еуропа Беларуське салған санкцияны алып тастады. Ал енді Ресейге қарсы шыққаны үшін батыс елдері Беларуське ақша беруі немесе оның имиджін жақсартуы мүмкін. Өйткені қазір Ресей әлемдегі ең сүйкімсіз мемлекет болып отыр. Егер Ресей Беларусьтің сұраған ақшасын артығымен берсе, Лукашенко ләм-мим демейді", – дейді саясаттанушы.
Лукашенко Ресейді сынау арқылы бір оқпен екі қоянды атып алуды дәстүрге айналдырып алған. Бұл әрине мақтауға тұрарлық қадам болса керек. Алайда оның ЕАЭО-дан шығып кететін ешқандай мүмкіндігі жоқ. Сондықтан отандық бұқаралық ақпарат құралдарының Батькадан батыр жасауы негізсіз сияқты.
Біз неге мінез көрсетпейміз?
Александр Лукашенконың Ресейге қарсы өткір сын айтуы бұл – бір емес. Ол бұған дейін талай рет Путиннің жер-жебіріне жетті. Осы әрекеті арқылы Беларусь өзінің ұлттық мүддесін қорғап қалатын. Ал біздің еліміз Ресейдің жасап отырған теріс саясатын неге ашық әшкерелемейді? Әзімбай Ғалидің айтуынша қазіргі үкімет табандылық танытып отыр
"Ресей мен Беларусь арасында одақтас екенін көрсететін ЕАЭО-дан бөлек тағы бір құрылым бар. Лукашенко осы одақты желеу етіп, "Ресей жақын одақтасымыз бола тұра, бізге тауарын қымбатқа сатады" деп шағымданады. Ал біз біріншіден Ресеймен Беларусь сияқты жақын одақтастықта емеспіз. Оның үстіне қазір экономикалық одақтың бір жиналысына барсақ, екіншісіне бармай отырмыз. Өйткені батыс елдері біздің басшылардың аяқ алысын байқап отыр. Егер Ресейдің барлық ұсынысына бас шұлғи берсек, Еуропа елдері "сенің Лукашенкодан ешқандай айырмашылығың жоқ" деп, санкция салып тастайды. Абырой болғанда, еліміз Ресейден ақша сұрамайды", – дейді Әзімбай Ғали.
Саясаттанушының айтуынша, Еуразия экономикалық одағы елімізге қолайсыз болып отыр. Алайда ол үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев табандылық танытып, экономикалық одақтың зиянын сейілтіп жатыр деген пікірде. Соның әсері болса керек соңғы кездері ресейдің біздің елімізге деген қысымы көбейіп кетті.
Серік Тасболат