Батыс бізге келуге көнбесе, Ресей брендін қолдай береміз

2835

Үкіметтің отырысында фермерлердің жанайқайы естілді.

Батыс бізге келуге көнбесе, Ресей брендін қолдай береміз

Министрлер кабинетінің осы жиынында ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауды жетілдіру жөніндегі алдағы шаралар қаралған болатын. Осы тақырыпты бірге талқылау үшін премьер Бақытжан Сағынтаев ауыл шаруашылығы өндірушілерін де шақырған екен.

Оның бірі – Қарағанды облысы фермерлер одағының төрағасы Игорь Жабяк үкімет басшысына оның орынбасары үстінен шағымданды. Өңірлік фермерлер жетекшісінің байламынша, салада ресейлік ауыл шаруашылығы техникаларын өндірушілердің өнімдерін таңу жүруде.

Алдымен, "үкімет отырысында немесе парламентте сөз сөйлеу мүмкіндігі өмірде бір-ақ рет берілетініне" назар аудартып, үкімет мүшелері алдында сәл күмілжи, толқи сөйлеген ауыл кәсіпкері қыза-қыза келе, жауырды жаба тоқымай, бәрін ашық айтуға кірісті.

Ол Қарағанды өңірі ауқымымен шектелмей, өзге өңірлерді де аралайтынын, көп сапарлайтынын, тек отандық қана емес, ресейлік, беларустық, польшалық, германиялық фермерлермен әңгімелескенін алға тартты. Сонда көргені, көңілге түйгені өзін қатты қамықтырып, қапаландырған көрінді.

"Қазіргі кезде тіпті Ресей мен Беларусьта да фермерлер John Deere-мен дән сеуіп, егінді де батыстың осы озық комбайндарымен жинауда. Олар бұған еріккеннен барып отырған жоқ. Ал неге біз қазір отандық фермерлерді "Россельмаштың" техникаларына жаппай  отырғызудамыз? Ресейлік комбайн "John Deere", "Claas" немесе басқа да әлемдік маркалармен бәсекелеспек түгіл, қолына су құюға жарамайды. Еліміздің жері кең-байтақ дейміз, егістік көлемі де ауқымды. Бірақ сонымен бірге сол егінді тиімді жинау жағын да құнттауымыз керек. "John Deere-3" оны тиімді жинар еді, ол бір өзі "Енисей", "Дон" және басқа да ресейлік, беларустық комбайндардың бес-алтауын ауыстырады" – деді Игорь Жабяк.

Ол бәрін күшке салуға үйренген жауапты шенеуніктерді аптығып, ағат кетпеуге шақырды.

"Бұл істе асықпайық. Ойлассаңыздаршы. Оңы мен терісін қатар таразылаңыздар. Ауыл шаруашылығы – экономиканың драйвері болуға тиіс деп елбасының өзі айтты ғой. Ендеше біздің ісіміз де оны драйвер етуге бағытталуға тиіс емес пе. Мұнай және газ ұңғыларына үңіліп, солардың тілеуін тілеуді қоялық та, ет пен астықты әлемге сатайық. Бәлкім, мен артық кеткен де шығармын, кешірерсіздер. Бірақ бұл – біздің жанайқайымыз" – деп аяқтады сөзін өңірден келген фермерлер одағының жетекшісі.

Мұны естіп, үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев өз орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтен түсініктеме сұрады. Ол болса, батыстық озық өнім өндірушілердің өздері кінәлі дегенге саятын пікір айтты. 

"Біз ашық әрі нақты мәлімдейміз: егер отандық машина жасау саласын дамытқымыз келсе, онда оның бір-ақ жолы бар. Бұл жолды біз жақында әзірленген ауыл шаруашылығы картасында ұсынып отырмыз. Иә, қымбат шетелдік техниканы сатып алғысы келетін ауыл шаруашылығы өндірушілерінің мүдделеріне нұқсан келеді. Бірақ үнемі бұған жалтақтай берсек, біз ешқашан оның өндірісін өзімізде дамыта алмаймыз. Егер біз мәселені осылай төтесінен қоймасақ, онда әлемге танымал брендтер ешқашан бізге келмейді. "John Deere" зауыт салмақ түгіл, Қазақстанда сервистік орталық та ашпады, ешқашан ашпайды да. Олай болса, олардың өнімін алмайтынымыз жөнінде мәселе қойсақ, содан кейін бізде ондай өндіріс пайда болады", – деген сенімде АШМ басшысы.

Ол ресейлік мүддені ілгерілетіп отырмағанын айтты.

"Біз тек ресейлік өндірісті ғана қолдаймыз деп отырған жоқпыз. Біз ресейліктермен бірлесіп, Көкшетауда, Беларуспен бірлесіп, Қостанайда зауыт аштық. Елімізде өз өндірісін ашатын басқа маркаларға да құшағымыз ашық. Бірақ дәл осы айтылған ұстаным Қазақстанда қажетті өндірістерді ашуға серпін береді деп санаймыз", – деді Асқар Мырзахметов.  

Бұдан бұрын ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов орталық коммуникациялар қызметінде журналистермен кездесіп, министрліктің аграршыларды "отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алуға ынталандыратынын" айтқан болатын. Тиісінше, АШМ ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуды инвестициялық субсидиялау тетігін де өзгертті. Ол бойынша ел бюджетінен демеуқаржылар да бұдан былай арзанқол ресейлік, беларустық өнімдерге бағдарланады.

Қайрат Айтуғановтың мәліметінше, егер бұрынырақта шетелде өндірілген бір комбайнға 30 миллион теңгеден астам субсидия қарастырылса, енді бұл қаражатқа елімізде құрастырылған 3 ресейлік не беларустық комбайн субсидияланады. Ол сондай-ақ шетелдік техникаға да субсидия берілетінін, бірақ оның көлемі 5-7% деңгейінде ғана күтілетінін хабарлаған еді. Ал елімізде құрастырылатын "одақтастар" техникасын сатып алатын фермерлерге 25%-дың субсидия ұсынылмақ. 

Мұның сыртында "ҚазАгро" отандық құны арзан аспа және тіркеме ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға 5 миллиард теңге көлемінде жеңілдікті несие де бөліпті. Ол 5,5%-дық жылдық мөлшерлемемен 7-10 жылдық мерзімге беріледі. 

Министрлік дерегінше, бүгінде елімізде ауыл шаруашылығы техникасының негізгі түрлерінің 284 мың данасы бар екен. Оның 70%-ының пайдалану мерзімі 15 жылдан асады, яғни көнерген. Сондықтан министрлік арзан техникаға салмақ салу арқылы ауыл шаруашылығы техникасын жаңалауды жеделдетуді де көздеп отыр.

Үкіметтің бүгінгі отырысында да негізгі баяндаманы ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов жасады. Ол ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауды одан әрі жетілдіру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдауды жетілдіру мақсатында, сондай-ақ, 2017–2021 жылдарға арналған АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында ауыл шаруашылығының басымдықты бағыттарын дамыту және АӨК-ке мемлекеттік қолдауды жетілдіру карталары әзірленіпті. Бұл ретте "ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту", "аграрлық қайта өңдеу", "АӨК қарқынды техникалық қайта жабдықтау", "тұқым шаруашылығы", "өсімдіктерді қорғау", "агрохимия", "мал азығы өндірісі", "көтерме-үлестіру орталықтары", "егіндіктерді ұлғайту", "отарлы қой шаруашылығын дамыту" бойынша он карта қабылданған.

Алда "аграрлық ғылымды дамыту", "сиыр еті өндірісі", "субсидиялаудан жеңілдікті несиелендіруге көшу арқылы мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру" карталары әзірлеу сатысында тұр.

"Карталар министрліктің, "Атамекен" КҰП-тың алаңында, сондай-ақ өңірлерде салалық қауымдастықтар және одақтар, қоғамдық кеңестер, агробизнес және ғылыми ұйымдар өкілдерімен талқыланды және барлық мүдделі тараптарды ескере отырып пысықталды. Мәселен, ауыл шаруашылығы кооперациясы картасы қабылданып, оны іске асырудың арқасында ағымдағы жылы мал шаруашылығында алғашқы нәтижелерге қол жеткізілді. Мал шаруашылығы өнімінің өндірісі 3,3%-ға, ет өндірісі 5,7%-ға, сүт өндірісі 2,8%-ға ұлғайды. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар жеке кәсіпкер болып қайта тіркеліп, 6 476 бордақылау алаңын құрды. Аталған бордақылау алаңдарының қуаттылығы – 108,7 мың басты құрайды", – деді Қайрат Айтуғанов.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы техникасының паркіне жүргізілген талдау техникаларды қолдану мерзімінің 17 жылдан асып кеткенін көрсетіп отыр. Көптеген техникалардың жарамдылық мерзімі өтіп кеткен. Бұл ретте аталған тракторларды жөндеу мен жанар-жағармай шығыны 20%-ға өсіп, және ең бастысы жалпы жиналымның шамамен 14% немесе шамамен 200 млрд теңгені жоғалтуға әкеліп соқтырады.

Ол "АӨК-ті қарқынды техникалық қайта жарақтандыру картасы" аясында ауыл шаруашылығы техникаларын қарқынды қайта жарақтандыру мақсатында отандық ауыл шаруашылық техникасын сатып алу үшін инвестициялық субсидиялар механизмін өзгерту, түпкілікті мөлшерлемесі 5%-ға дейін отандық ауыл шаруашылығы өндірісіне жеңілдетілген несие беру бағдарламасын енгізу көзделіп отырғанын жеткізді.

"Өкінішке орай, соңғы жылдары астық сапасының жыл сайын төмендеп келе жатқаны байқалады. Соның салдарынан себілген элиталық тұқым үлесі 2014 жылғы 6,3%-дан 2016 жылы 3,5%-ға дейін төмендеді. Алайда, тұқым шаруашылығын қолдау және минералды тыңайтқыштар қолдану бойынша қабылданған шаралардың арқасында биыл бұл жағдайды дұрыстай алдық. Биылғы жылғы астық түсімінің сапасы өткен жылдың өнімінен бірнеше есе өсті. "Тұқым шаруашылығы картасында субсидиялау механизмін жетілдіру, тауарлы егістерге 1-репродукциядан төмен емес тұқымдарды пайдалануға біртіндеп көшу ұсынылды. Бұл картаны жетілдіре отырып, сұрып алмастыру мен сұрып жаңартуды жылдамдатуға, өнімнің түсімділігі мен сапасын арттыруға және жалпы терімнің 8,3 млн тоннаға көбеюін қамтамасыз ете алады", – дейді АШМ басшысының 1-ші орынбасары.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша премьер Бақытжан Сағынтаев бірқатар нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, ауыл шаруашылығы өнімін шығарудан бастап оны сыртқы нарықтарға экспорттауға дейін тиімді тізбек құру жүктелді.

Сондай-ақ АШМ-ге, БҒМ-мен бірлесіп, ауылда міндетті түрде еңбекпен қамтамасыз ету шартымен, ауыл жастарына берілетін гранттардың санын ұлғайту мәселесін пысықтау тапсырылды.

Мұның сыртында АШМ, әкімдіктермен бірлесіп, өңірлердің мамандануын ескере отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін субсидиялау тетігіне егжей-тегжейлі талдау жасауға, сондай-ақ, бүгін ұсынылған барлық шараларды 2021 жылға дейінгі АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасына біріктіру мәселесін пысықтауға міндеттелді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу