Базалық зейнетақыны тағайындау тәртібі өзгереді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2104

1 шілдеден бастап базалық зейнетақы зейнеткерлердің әрқайсысына жеке тағайындалады.

Базалық зейнетақыны тағайындау тәртібі өзгереді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, ҚР зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдірудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданған. Тұжырымдамада зейнетақы төлемдерінің мөлшері инфляция деңгейінен 2%-ға өсіп, оның көлемін жыл сайын арттыру көзделген. Оның үстіне президент биылғы жолдауында 2018 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы еңбек өтіліне байланысты орташа алғанда 1,8 есе ұлғаяды деп атап өткен болатын.

"Осылайша, 2018 жылы 1 қаңтарынан бастап инфляция деңгейінің 6% болғанын есепке ала отырып, жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 8%-ға артты. Базалық зейнетақының мөлшері 6%-ға жоғарылап, оның мөлшері 15 274 теңге болды", – деді Светлана Жақыпова.

Вице-министрдің сөзінше, бұдан былай зейнеткерлік жасқа толған барлық азаматтарға мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық зейнетақы мөлшері еңбек өтіліне және зейнетақы жүйесіне қатысу ұзақтығына байланысты болады. Мәселен, бүгінде зейнеткерлер 15 274 теңге көлемінде базалық зейнетақы алады. Бұл сома ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ына тең. Ал осы жылдың 1 шілдесінен бастап оның мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты артатын болады.

"Өтілі он жылдан аз немесе мүлдем болмаған азаматтарға базалық зейнетақының ең төменгі күнкөріс деңгейінен 54% белгіленетін болады. Ал 10 жылдан кейін әрбір жыл үшін базалық зейнетақы 2%-ға ұлғаяды. Базалық зейнетақының ең төменгі күнкөріс деңгейінің жоғары мөлшерін, яғни 100%-ын немесе 28 284 теңгені еңбек өтілі 33 жыл және одан көп болған азаматтар алатын болады", – деп түсіндірді вице-министр.

Бұл ретте, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жинақталған және нақты зейнетақыны тағайындаған кезде есепке алынған еңбек өтілі, сондай-ақ 1998 жылдан кейінгі еңбек өтілі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне міндетті зейнетақы жарналары аударылған кезеңдері негізінде есепке алынатын болады.

"Зейнетақыны есептеу барысында еңбек өтілі ғана емес, егер зейнеткер әйел адам болса, бала туып, баланы үш жасқа дейін тәрбиелеп отырған кезеңдері де ескеріледі. Сондай-ақ, бала 16 жасқа дейін мүгедек болса, сол мүгедек баланы тәрбиелеп, асыраған ананың да еңбек өтіліне бұл жылдар қосылады. Сондай-ақ І, ІІ топтағы мүгедектерге күтім жасаған азаматтардың жылдары еңбек өтіліне енгізіледі", – деді Светлана Жақыпова.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, базалық зейнетақының орташа мөлшері 25 456 теңге болады деп күтілуде. Бұл орайда, зейнеткерлердің 44%-ы немесе 947 мыңы ең көп мөлшердегі зейнетақыны алатын болады. Ал тағы 956 мың адам (44,5%) 20 930 теңгеден 28 284 теңгеге дейін алады.

Светлана Жақыпова қайта есептелген базалық зейнетақы мәселесі бойынша жүгінетін азаматтар үшін базалық зейнетақыны есептеген кезде ескерілген зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі туралы жан-жақты мәліметтерді қамтитын жеке анықтама формасы қарастырылғанын айтты.

"Зейнеткерлерге ешқайда барудың қажеті жоқ. Бізде базалық зейнетақыны қайта есептеуді жүзеге асыратын барлық деректер бар. Қайта есептеу қосымша құжаттарды ұсынусыз орындалады. Себебі зейнеткерлік істерінде еңбек өтілі туралы мәлімет бар. Ал міндетті зейнетақы жарналары аударылған мерзім міндетті зейнетақы жарналарын аудару туралы деректер базасында қолжетімді", – деп түсіндірді вице-министр.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу