"Белдеу, жол" форумы – Қытайдың әлемдік сынға жауабы

2089

Бейжіңде президент Си Цзиньпиннің "ғасыр жобасын" талқылайтын саммит ашылып, оған Түркия бастаған бірқатар елдердің жетекшілері қатысудан бас тартты.

"Белдеу, жол" форумы – Қытайдың әлемдік сынға жауабы

Үш күндік форум Бейжіңде өз жұмысын бейсенбі күні бастады. Оның мақсаты – президент Си Цзиньпиннің 2013 жылы Қазақстан мен Индонезияда тұсауы кесілген "Бір белдеу, бір жол" сыртқы саяси бастамасын ілгерілету. 

Азия мен Еуропада, Таяу Шығыста, Африка мен Оңтүстік Америкада жаңа байланыстар орнатып, ежелгі "Жібек жолын" жандандыруға бағытталған бұл бастама қазір әлемде үлкен сынға ұшырап отыр. Оған қатысты алғашқы саммит екі жыл бұрын өтті. Содан бері жер-жаһанда бұл жобаға көзқарас айтарлықтай өзгерді, қошемет бұрынғыдай емес. Кейбір сыншылардың пікірінше, "Бір белдеу, бір жолдың" көздегені – өзге елдерді "қарыз дипломатиясының" күшімен Бейжіңге қаржылай тәуелді етіп, Қытайдың әлемдегі ықпалын нығайту. Алайда, шығыстағы көршіміз мұны үнемі жоққа шығарып келеді.

"Белдеу мен жол бастамасы геосаясаттың құралы емес, ынтымақтастық платформасы. Оған қатысқысы келгендерге қош келдіңіз дейміз" – деді Қытай сыртқы істер министрі Ван И жақында жасаған бір мәлідемесінде.

Бірқатар бақылаушылардың ойынша, Бейжіңде ашылған саммитті Қытай үкіметі "Бір белдеу, бір жолдың" сәтті жоба екеніне әлемдік қауымдастықтың ғана емес, жергілікті тұрғындардың да көзін жеткізу үшін ұйымдастырып отыр.

"Бір белдеу, бір жолдың" мақсаты – Қытай лидерлігін заңдастыру және оның Коммунистік партиясының жетекшілік аясын кеңейту. Саммитте өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылып, шетелдік делегаттар Си Цзиньпин мен оның халқына бүкіл әлемнің бұл жобаны қолдайтынын, тек қана Сидің Қытайды ғаламдық сахнаның қақ ортасына қайтара алатынын айтады", – дейді Қытайды зерттеу жөніндегі Меркатор институтының ғылыми қызметкері Томас Эдер Британияның "Гардиан" газетіне берген сұқбатында. 

Конференцияға 37 лидер қатысады. Олардың қатарында Ресей президенті Владимир Путин, Италия премьер-министрі Жюзеппе Конте, Ұлыбритания өкілі Филип Хаммонд, Пәкістан премьер-министрі Имран Хан және Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығына мүше 10 елдің басшылары бар. Ал АҚШ форумға төмен деңгейдегі делегаттарын жіберумен шектелсе, Үндістан оған қатысудан мүлде бас тартқан.

Былтыр осы форумға барып, биыл қатыспайтын елдер қатарында Түркия бар. Анкара бұған дейін Қытай үкіметін Шыңжаңдағы ұйғырлар проблемасына қатысты ашық сынаған еді. Сонымен қатар, "Бір белдеу, бір жол" саммитіне Польша, Испания, Шри-Ланка, Аргентина делегат жібермейді деген ақпарат бар. Eurasia Group ұйымының мәлімдеуінше, олар мұндай шешімді геосаяси себептерге байланысты қабылдаса керек.

Өзге бір сыншылар Бейжіңді "Бір белдеу, бір жол" бастамасын тұтас Қытай жетегіндегі жоба ретінде көрінбейтіндей етіп өзгертуге шақырып отыр. Тағы біреулер экологияға алаңдаулы. Өйткені,  China Global Energy Finance ұйымының дерегінше, Қытай 2018 жылы шетелге салған инвестициялардың 42 пайызы көмір жобаларын жүзеге асыруға жұмсалған.

"Планетаның болашағы үшін, адамзат жылу станцияларының улы түтінін жұтпасы үшін және дамушы елдердің экономикалық саулығы үшін "Бір белдеу мен бір жолды" көмірден бас тартуға шақырар едім", – дейді Даниядағы Vedvarende Energi компаниясының кеңесшісі Вава Ванг.

Форум қарсаңында Қытай осы жоба бойынша Еуропада айтулы жеңіске жетті: наурызда "Үлкен жетіліктің" мүшесі – Италия АҚШ-тың сынына қарамастан, "белдеу мен жол" бастамасына қосылды. Сонымен қатар, осы айда Малайзия қытайлық бастама аясында доғарылған теміржол құрылысын қайта бастап отыр. Оның құны – 10,7 миллиард доллар.

Қытайдың мемлекеттік медиасының хабарлауынша, Бейжің әлемнің 125 елімен 170-тен астам келісімге қол қойған. Оларға 2013-2018 жылдар аралығында 90 миллиард доллар Қытай инвестициясы салыныпты.

"Бір белдеу, бір жол – экономикалық серіктестікке арналған бастама. Ол геосаяси одақ немесе әскери лига емес. Ол ашық әрі жан-жақты процесс, бірақ, эксклюзивті блок немесе "Қытай клубы" емес", – деді былтыр тамызда жасаған мәлімдемесінде президент Си Цзиньпин.

Дегенмен, Moody’s агенттігіне жүгінсек, "белдеу мен жол" бастамасында жаңа жобалар саны азайып, 2018 жылдың бірінші жартысында жасалған келісімшарттардың жалпы құны бір жылғы бұрынғы көлемнен 42 пайызға төмендеп кеткен.

"Белдеу мен жол" инициативасы теміржолдар мен порттар және өзге де инфрақұрылымдық жобаларды салуға көмектеседі. Бірақ, сол құрылысқа алған қарызын Қытайға қайтара алмай отырған елдер бар. Ал, Непал, Шри-Ланка, Таиланд тәрізді мемлекеттер несиенің қымбаттығына байланысты теміржол жобаларын доғарып жатыр немесе оларға қатысты келіссөздерді қайта жүргізуге мәжбүр.

АҚШ, Жапония, Үндістан, Ресей де "Белдеу мен жолды" әлемде Қытайдың саяси жүйесін орнықтыруға бағытталған шара деп қарастырып отыр. Американың ресми өкілдері мен Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео бұл бастамаға қосыламын деген елдерді Бейжіңнің шын пиғылын анықтап, қарызға бату қаупін ескеруге үндеп отыр. 

Пәкістанға келсек, ол "Белдеу мен жол" аясында 22 жобаны қолға алды. Солардың ішінде электр станциялары мен автомагистральдар құрылысы бар. Бірақ, Исламабад Қытайдан алған миллиардтаған доллар борышын қайтара алмай, Халықаралық валюта қорынан 8 миллиард доллар қаржылай көмек сұрауға мәжбүр. Вашингтон болса, осы қорды Пәкістанның Бейжіңге қарызын қайтаруға көмектеспеуге шақырып отыр.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу