Өткен жылдың аяғында Үкімет нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыру туралы қаулы қабылдаған болатын. Бағдарламаны ұлттық экономика министрлігі, білім және ғылым министрлігі, ауыл шаруашылығы министрлігі мен "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірге әзірлеген. Осы ретте ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлікті дамыу департаментінің директоры Ғалия Жолдыбаева бұл бағдарламаның қандай жаңалығы бар екенін және бұның алдындағы бағдарламалардан қандай ерекшелігі барын баяндап берді.
– Ғалия Тағыбердиева, сіз кезінде Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020 бағдарламасын жүзеге асыруға қатысқан адамдардың бірісіз. Бүгін әңгімемізге арқау болып отырған жаңа бағдарламаның Жол картасынан қандай айырмашылығы бар?
– Ең бастысы, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы сол Жұмыспен қамту-2020 бағдарламасының орнына қабылданды. Яғни жаңа бағдарлама жүзеге асырыла бастаған кезде, Жұмыспен қамтудың жол картасы тоқтатылады. Жұмыспен қамтудың жол картасы уақытша жұмыс орындарын құруға бағытталса, ал жаңа бағдарламаның мақсаты – қазақстандықтарды тұрақты жұмыспен қамту. Яғни жаңа бағдарламаның басты фокусы – жаппай білім бере отырып, адамдардың нақты дағдыларын дамыту. Алған дағдылары болашақта тұрақты жұмыс табуға немесе өзінің жеке ісін бастауға көмектеседі. Жаңа бағдарламаның атауы оның мақсатын толық ашып тұр. Яғни нәтижелі жұмыспен қамту арқылы өзін өзі жұмыспен қамтыған халық елдің экономикасын ұйымдастыруға үлес қосады. Халықтың 25 пайыздан астамы өзін өзі жұмыспен қамтып отырғандықтан олардың экономикаға қосып отырған үлесін анықтау маңызды. Мысалы ауылдағы халық өзінің жеке шаруашылығымен айналысады, шағын ауылдан артылғаны қалып қояды. Сондықтан неге сол артық өнімді басқа аймақтарға сатып, халыққа да, кәсіпкерге де пайда түсірмеске?! Яғни жеке кәсіпкер ретінде, шаруа қожалығы ретінде, тіпті серіктестік немесе ауыл шаруашылығы кооперативі ретінде болсын, өнім экономиканың нақты саласына пайда түсіру керек.
– Бағдарламаның мақсаты – өзін өзі жұмыспен қамтығандардың кәсібін дамытып, жұмыссыз жүрген және кәсіптік білімі жоқтарды нәтижелі жұмыспен қамту екен. Ал енді осы мақсат қандай жолмен жүзеге аспақ?
– Түсіндіріп өтейін. Бұл бағдарламаны дайындардың алдында біз зерттеу жүргізіп, экономикадағы белсенді 9 млн халықтың 2,6 млн-нан астамы өзін өзі жұмыспен қамтығандар және жұмыссыздар екенін білдік. Бұл санаттағы халықтың 1 млн-нан астамының кәсіби білімі жоқ, ал 853 мың адамның бір айдағы кірісі 60 мың теңгеден аз. Сондықтан, кәсібін бастай алмай жүрген және 84 пайызы ауылда тұратын 15 жас пен 45 жас аралығындағы 550 мың адамды жаңа бағдарламамен қамту көзделіп отыр. Бағдарламаның үш бағыты бар. Бірінші бағыты – сұранысқа ие мамандықтар мен бизнестің негіздеріне жаппай оқыту және дағдыландыру; екінші бағыты – жаппай кәсіпкерлікпен айналысу үшін жағдай жасау; үшінші бағыты – еңбек нарығын дамыту.
– Тікелей кәсіпкерлікке байланысты, бағдарламаның екінші бағытына тоқталсақ. Екінші бағыт – қаладағы кәсіпкерлікпен қатар, ауылдағы кәсіпкерлікті жаппай дамыту. Яғни, шағын несие беру арқылы. Бірақ, бизнесті дамытудың бұл құралы бұрыннан бар. Қандай ерекшелік күтуге болады?
– Бұл бағдарламаның идеясы – ұлттық экономика министрлігінікі. Сондықтан шағын несие беру туралы бастаманы да біз көтердік. Яғни шағын несиені ұжымында 15 адам жұмыс істейтін ұжымға беріледі. Ал Бизнестің жол картасы-2020 бағдарламасы шағын және орта бизнесті қолдауға берілетін. Шағын несиенің жауапкершілігін де бөліп қойдық. Еліміздегі 18 ірі қала мен 27 моноқалада бағдарламаны ұлттық экономика министрлігі әкімшілейді. Ал шағын қалалар мен ауылдарда бағдарламаның жүзеге асырылуын ауыл шаруашылығы министрлігі бақылайды. Ауыл мен шағын қалаларға шағын несиені "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ береді. Ал операторы – "Аграрлық неселік корпорация" АҚ. Қалаларда жаңа кәсіпорындар мен іске қосылған бизнесті кеңейту үшін шағын қаржыландыру көзін екінші деңгейлі банктер мен "Даму" қорының кепілдігі негізінде шағын қаржыландыру ұйымдары береді.
– Сонымен қатар, кәсіпкерліктің негіздерін үйрету үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының "Бизнес-Бастау" деген бағдарламасы басталып, ісі өрге басқан бизнесмендер тренинг өткізеді екен?
– Ия Ақтөбе облысы мен Маңғыстау облысындағы екі ауылда ілкі жобаны іске асырып көрдік. Және тренингтер өз нәтижесін көрсетті. Жалпы бұл бағдарлама 1 сәуірден іске қосылады. Алғашқы жылында өңірлерде 15 мың адамды оқытпақпыз және де олардың кем дегенде 20 пайызы өз ісін ашуы керек. Бұл бағдарламаға қатысқысы келетіндер үлкен қалалардағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарына барсын, ал, шағын қалалар мен моноқалалардағы және ауылдағы халық кәсіпкерлікке қолдау көрсету орталықтарына баруға болады. Сол орталықтарда барлық ақпарат таратылады.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Кенже Жомарт