Министр Аймағамбетов БЖБ мен ТЖБ дауына нүкте қойды

67355

 Білім министрі отандық білім беру жүйесі екі үлкен проблемаға жолыққанын айтты.  

Министр Аймағамбетов БЖБ мен ТЖБ дауына нүкте қойды  Фото: Владислав Воднев

Бөлім үшін жиынтықты бағалауға (СОР) және тоқсан үшін жиынтықты бағалауға (СОЧ) қарсы change.org порталындағы петицияға қол қойған ата-аналардың саны бүгінде 25 мыңға жуықтады. Демек, дамыған елдер тәжірибесіне сәйкес, билік халықтың осы өтінішіне ден қоюға тиіс.

Алайда білім және ғылым министрі осыны талап етуші ата-аналардың тағы да бетін қайтарды.

БҒМ басшысы Асхат Аймағамбетов отандық білім беру жүйесі екі үлкен проблемаға жолыққанын айтады. Оның біріншісі – "тұрақсыз, белгісіз және болжамсыз бола түскен қазіргі әлемде табысты болуы, заманға сай жұмыс істеуге, бәсекеге қабілетті болуы үшін оқушылар қалай оқуы қажет, олар неге дайын болғаны жөн?" деген сауалдан туады.  

Екінші мәселе жас ұрпақты ұлтжандылық пен отаншылдыққа тәрбиелей отырып, олардың жаһандық процестерден қол үзіп қалмауына қатысты.

Министр PISA және TІMSS екі халықаралық зерттеуінде Қазақстанның нашар көрсеткішке қол жеткізгеніне қамыққанын айтады. Бірақ бұған министрлікті айыптамайды, қазіргі оқушылардың деңгейі осы дейді. 

Ал шынында, бұл шенеуніктердің қате таңдаған саясатының нәтижесі болса керек. Мысалы, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы 2014 жылы Қазақстанның орта білім саласындағы ұлттық саясатына зерттеу жүргізген. Нәтижесінде, халықаралық сарапшылар оның сын көтермейтінін анықтады.  

"Орта мектеп бағдарламасы шектен тыс кең. Өмірде қажетті тәжірибемен қабыспайды: басым көпшілігінде академиялық және теориялық сипатқа ие. Қазақстандағы орта білім беру жоғары деңгейдегі ақыл-ой дағдыларын дамытуға септеспейді", –  делінген зерттеу қорытындысында. 

Осы байламды шенеуніктер бұрынғы бес балдық бағалау жүйесінен бас тартудағы басты бір дәйектеме ретінде пайдаланды.

"ЭЫДҰ сарапшылары Қазақстан Үкіметіне орта білім берудің ағымдағы оқу бағдарламасын толығымен қайта қарауға ұсыным берді. Біз теорияға басыартық екпін түсіруден арылуға және оқушыны алған білімін практикада қолдануға үйретуге тиіспіз. Зерттеу көрсеткендей, біздің оқушылар негізінен күрделі мәтіндерді түсінбейді, одан басты ақпаратты бөліп алуды білмейді, өз көзқарасын негіздеуде және талдауда қиналады", – дейді Асхат Аймағамбетов.

Халықаралық сарапшылар сондай-ақ қазақстандық шәкірттердің сынақ-эксперименттер жүргізе алмайтынын анықтады. Олар ғылыми танымдарын жеткізуге жоқ. Теорияны өмірдегі жағдайлармен қабыстыра білмейді.

"Осы себепті білім беру мазмұнын жаңартудамыз. Яғни, оқыту әдістерін, бағдарламалар мазмұнын және құрылымын қайта қарап жатырмыз. Дәл осы жаңарған білім беруге көшуімізге байланысты БЖБ мен ТЖБ білім жүйесіне енгізілді. 5 балдық бағалау жүйесі әбден ескірді және білім беру жүйесінің қазіргі сұраныстарына сәйкес келмейді. Ал жаңа бағалау жүйесі Қазақстан аумағында жұмыс істиейтін халықаралық мектептердің тәжірибесіне негізделді", – дейді БҒМ басшысы.    

Ол БЖБ және ТЖБ-ның артықшылығын атады: біріншіден, мұғалімнің көңіл-күйіне немесе қалауына тәуелді емес. Мұғалім бұрынғыдай жап-жақсы жауап берген оқушыны жақтырмай: "Отыр. Үш!" дей салмайды. Екіншіден, оқушылардың әр бөлімді қалай игергенін паш етеді, оның жетістігінің нақты деңгейін көрсетеді. Үшіншіден, бағалау оқушы үшін де, мұғалім үшін де, ата-ана үшін де барынша ұғынықты әрі мөлдір. Төртіншіден, балалар 100 пайыз нәтиже көрсетуге жас кезден ынталанады деген де ой айтты. 

"Сондықтан БЖБ мен ТЖБ-ны жоюды орынсыз деп санаймын. Себебі, осындай бағалау жаңарған мазмұнның негізгі ұстыны болып табылады", – деп нықтады Асхат Аймағамбетов.

Алайда біраз ата-ананың пікірі басқа.

"БЖБ, ТЖБ-дан бас тартуды қаншама ата-ана талап етіп отыр. Әйтпесе, күнде сабаққа қатысып, мұғалімнің сұрақтарына жауап беріп жүрген озат оқушы жиынтықты бағалау тестілеуі кезінде толқығаннан қате жіберуі, дұрыс жауап бермеуі мүмкін. Ал оқуға ұдайы қатыспайтын бала керісінше, БЖБ-ға ғана дайындалып, соны тапсырса болды, үлгерімі үздік болып шыға келеді. Бүкіл әлем жақында қазақстандық оқушылардың деңгейі төмен деп таныды ғой. Ендеше бұрын нәтиже берген, жылдар бойы жетілдірілген жүйені неге оралтпасқа", – дейді қоғам белсендісі, оқушының ата-анасы Руслан Лепский.

Кейбір мектептер директорлары да жиынтықты бағалау енгізілгелі бері сабаққа жиі қатыспайтын оқушылар көбейгенін, олар БЖБ-да жақсы нәтиже көрсету үшін ата-аналар репетитор жалдаумен шектелетінін жасырмайды. Директорлар ондай ата-анадан неге қатыспағаны жөнінде түсініктеме жазғызумен шектеледі. Әрқайсысымен соттасып жүруге мүмкіндігі жоқ.   

Білім және ғылым министрі кей балалардың білім  ордаларындағы сабақтарға баруын азайтқанын біледі екен. Осы орайда ол балалары мектепке бармайтын ата-аналарға заңнамада жаза қарастырылғанын ескертті:

"Қолданыстағы "Білім туралы" заңына сәйкес, ата-аналар мен заңды өкілдері білім беру ұйымының жарғысында айқындалған қағидаларды орындауға, сонымен қатар балалардың оқу орнындағы сабаққа баруын қамтамасыз етуге міндетті. Сондықтан ата-аналар дәлелді себепсіз сабақты өткізе бергені үшін тікелей жауапкершілік арқалайтынын еске саламын", – деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу