Бірінші жартыжылдықта ағымдағы шоттың тапшылығы үштен бірге қысқарды

3323

Шетелдік инвесторлардың кірісі экспорттан да жылдам өсіп барады. Олардың кіріс бағасы көтерілген мұнай мен металдардан елімізге құйылған қосымша валюта тасқындарының жартысына дейін "сіміріп" қойып жатыр.

Бірінші жартыжылдықта ағымдағы шоттың тапшылығы үштен бірге қысқарды

2017 жылдың бірінші жартыжылдығында ағымдағы операциялар шотының тапшылығы былтырғы жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 30,5%-ға төмендеп, 2,6 млрд долларды құрағанын мәлім етті Қазақстан Ұлттық банкі (ҚР Ұлттық банкі) елдің төлем балансын алдын ала бағалау құжатында.

Нақтырақ айтсақ, биылғы жылдың ІІ тоқсанында ағымдағы шот тапшылығы бұған дейінгі тоқсанмен салыстырғанда 16,2%-ға қысқарса, былтырғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге төмендегенін көрсетті реттеуші.

Негізгі үлесті сыртқы сауда қосты. Ақшамен есептегенде тауар экспорты былтырғы жылмен салыстырғанда 36%-ға (6,22 млрд-қа) өсіп, 23,4 млрд долларды құраған. Ал импорт бар болғаны 17%-ға (2,12 млрд-қа) артып, 14,75 млрд долларды құрады. Нәтижесінде жарты жылдың қорытындысы бойынша сауда балансының пайдасы 8,65 млрд доллар деңгейіне жетіп, былтырғы жылдың көрсеткішінен (4,1 млрд доллар) екі есеге асып түсті.

"Мұнай және газ конденсатының экспорттық құны 44,7%-ға артты, ал қара және түсті метал экспорты 69,6%-ға және 25,1%-ға өсті. Негізгі тауарлық тізімнің барлық тобы бойынша импорттың артқаны байқалды. Азық-түлікке жатпайтын тұтынушылық тауарларды  жеткізуде едәуір өсім байқалады", – деді Ұлттық банктегілер.

Қызмет көрсету саласында сауда балансының тапшылығы 2,03 млрд доллар деңгейіне жетті, бұл 2016 жылдың бірінші жартыжылдығындағы көрсеткіштен 7%-ға немесе 141 млн долларға артық. Реттеушінің баспасөз баянында шетелдің тікелей инвесторларына төленген төлемдер 1,5 есеге өсіп, 8,1 млрд долларды құрағаны айтылған. Жалпы инвестициялық табыстардың таза балансында 8,4 млрд доллар тапшылық байқалды.

"Шетелдік тікелей инвесторлар тапқан табысының 50%-дан артығы Қазақстандағы еншілес кәсіпорындарға қайта инвестицияланды. Алдын ала мәлімет бойынша, қаржылық шот бойынша таза капитал ағыны 2,6 млрд долларды құрады (Ұлттық банктің резервтік активтер бойынша жасаған операцияларынан бөлек)", – деп қосты мекемеде.

Тікелей шетелдік инвестициялар бойынша таза капитал ағыны 4,1 млрд долларды құрады, бұл тапқан табысты қайта инвестициялау және фирмааралық берешектің өсуіне байланысты болды. Ал қоржын салымдары бойынша капитал ағыны 2,2 млрд долларға жетті, оған халықаралық капитал нарығында еуробондтардың шығарылуы әсер етті.

Алдын ала мәлімет бойынша, елдің төлем балансы 874,8 млн долларға кеміді, бұл былтырғы жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен тоғыз есеге төмен. Осының салдарынан ол толығымен Ұлттық банктің халықаралық резервтерінің есебінен қаржыландырылды.

Бұдан бұрын Ұлттық банк мұнай бағасы барреліне 70 долларға жетсе де ортамерзімді болашақта ағымдағы шоттың қалдығы жағымды көрсеткішке жетпейтінін ескерткен болатын.  http://www.abctv.kz/kz/news/ulttyk-bank-kazakstannyn-tolem-balansynan-tausylmajtyn-shyg. Реттеушінің есебіне сүйенсек, мұнай бағасы 1%-ға және оны өндіру көлемі 1%-ға артса, шетелдік инвесторларға төленетін төлемдердің сәйкесінше 0,89%-ға және 1,36%-ға артуына әкеледі.

2017 жылдың бірінші жартыжылдығында Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 52,2 долларды құрады, бұл бір жыл бұрынғы деңгейден 13%-ға жоғары. Шикі мұнайды экспортқа шығарудың мағлұмдалған көлемі (Еуразиялық экономикалық одақ елдерін есепке алмағанда) есептік кезеңде шамамен 4%-ға артып, 33,15 млн тоннаға жетті.

"Әлемде мұнай бағасының қымбаттауы және Қашаған кен орнында өндірістің іске қосылуы, бір жағынан, экспорттық табысты арттырса, екінші жағынан, шетелдік тікелей инвесторлардың табысын молайтуға септігін тигізді", – деп Ұлттық банк шот тапшылығының қалыптасқан факторына меңзеді.

Қазақстанның жақын арадағы үш жылдық (2019 жылға дейін) бюджеті қара алтын бағасы барреліне 50 доллар деңгейіне орай  есептелді, бұл шикізаттық серпіліс пен елден капиталдың шығуын алдын алуда болмашы үміттің бар екенін аңғартады.

Басқаша айтсақ, төлем балансында таусылмайтын шығын орын алды, оны жабу үшін құрылымдық реформалар жасап, экономиканы әртараптандыру қажет, осыған сәйкес, мұнайлық емес экспортты арттыру керек.

Мұнай экспортынан бас тарту әзірге ұзақ әрі күрделі үрдіс болып көрінеді. Мемлекеттік кірістер комитетінің кедендік статистикасына көз жүгіртсек, бірінші жартыжылдықта елдің экспорттан тапқан 20,7 млрд доллар табысының 77,5%-ы мұнай (12,8 млрд доллар), газ (1,01 млрд доллар), ферроқорытпа (1,11 млрд доллар) және мыс (1,1 млрд доллар) сатудан түскен.

Сонымен қатар реттеуші алтын валюталық қорының мөлшері биылғы шілде айының соңында 30 млрд долларды құрағанын айтты, бұл Қазақстанның тауар, жұмыс және қызметтерді импорттауының тоғыз айлық мөлшерін жабуға жеткілікті.

Әйгерім Сүлейменова, Сұлтан Биманов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу