Біржан Нұрымбетов табысынан айырылған азаматтарға жәрдемақы тағайындау тәртібі туралы ақпарат берді

14364

Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған азаматтарға 42 500 теңге төлеу үшін мемлекеттік сақтандыру қорынан 75 млрд 600 млн теңге жұмсалған.

 Біржан Нұрымбетов табысынан айырылған азаматтарға жәрдемақы тағайындау тәртібі туралы ақпарат берді

Тікелей эфир арқылы онлайн-брифинг өткізген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов осындай мәлімет берді.

"Елімізде 3 млн 703 мың адам өтініштерін берді. Өтініштердің саны – 4  млн 900 мың. Оның  ішінде бүгін 1 млн 779 мың адамға әлеуметтік төлемдер тағайындалып, есепшоттарына 75 млрд 600 млн теңге аударылды", – деді министр.  

Бірыңғай жиынтық төлем тұзақ па?

Осы ақшаны төлеу үшін бірыңғай жиынтық төлемнің бір айлық мөлшерін төлеу ешқандай тұзақ емес. Министр осы төңіректегі алыпқашпа әңгімелерге нүкте қойды.

"Бірыңғай жинақтық әлеуметтік төлемнің өзіне қатысты мынаны айтамыз. Кейбір азаматтар You Tube-те, басқа да жерлерде халыққа түсіндірме жасап жатыр. "Мемлекет сіздерді алдап жатыр" дейді. "Бейресми жұмыс істеп жүргендерге оны бір рет төлесеңіз болды деген өтірік" дейді. "Оны сіздер заң бойынша ай сайын төлеу керексіздер. Кейін сол сайынғы төленбеген соманы қарыз қылып мойныңызға іліп қояды" деп жатыр. Оның бәрі жалған ақпарат. Ондайға сенбеңіздер. Бұл ерекше тәртіп, ерекше заң, төтенше жағдайға қатысты заң. Сондықтан егер сіз бейресми жұмыс істеп жүрген болсаңыз, тіршілік жасап жүріп, содан қазір айырылып қалдым деп ойласаңыз, өтініш беру үшін бірыңғай жиынтық төлесеңіз болды", – деді Біржан Нұрымбетов. 

Аталшым төлемді алу  үшін өтініш берушілердің арасында өзге адамның есепшотын ұсынғандар да болыпты. Біржан Нұрымбетов мұндай адамдарға ақша аударылмайтынын жеткізді.

"Бүгінге дейін 3,7 млн адам өтініш берді. Негізі өтініштер саны 5 миллионға жақындап қалды. Соны тексерген кезде көп кісілер өзінің жеке сәйкестендіру нөмірін дұрыс көрсетпей жатыр. "ИИН" дейміз ғой, сол дұрыс көрсетілмесе, ондай адам жоқ деген сөз. 63 мың адам өтініш бергенімен, осылай ЖСН-ін дұрыс көрсетпеген. Екіншіден, есепшоттарды дұрыс көрсетпей жатырсыздар. Басқа адамдікін немесе мүлдем жабылып кеткен шоттарды көрсетесіздер. Мысалы "Наурыз банк" деген банктің есепшотын көрсетіп жатырсыздар. Ол өзіңіздің жұмыс істеп тұрған есепшотыңыз болу керек. 83 мыңнан адам астам осындай өтініш берген. Тағы бір айта кететін жайт, кейбір адамдар неге өз жақынымының, досымның, ата-анамның, баламның есепшотына ақша аудара салмайсыздар деп сұрайды. Біз ондай рұқсат бере алмаймыз. Иә, сіз таза адамсыз. Қазір 42 500 теңгені алу үшін балаңыздың немесе бір досыңыздың есепшотын көрсеткіңіз келіп отыр. Бірақ басқа жағынан қарасаңыз, алаяқтар осыны мүмкіндік ретінде пайдаланып кетуі мүмкін. Хакерлер сіздің аты-жөніңіз арқылы ЖСН-іңізді оп-оңай тауып алады. Олар сіздің осы деректеріңізбен бірге өз есепшотын көрсетіп, өтініш беріп жіберсе ше? Сол кезде сізге тиісті ақшаны алаяқтар алып кетуі мүмкін. Сондықтан бұл жерде әркімнің жеке өз есепшоты болуға тиіс. Өйткені алаяқтар сіздің атыңыздан өтініш жіберуі мүмкін", – деді ол. 

Сондай-ақ, министр 42 500 теңгеден үмітті жандарға бірыңғай жиынтық төлемді өтініштен бұрын төлеуге кеңес берді.

"Бірыңғай жиынтық төлемді өтініш берердің алдында төлегендеріңіз дұрыс болар еді. Осы күнге дейін біраз азамат өтініш бергеннен кейін барып БЖТ төлеген. Біз оны түсінеміз. Сондай төлемдер түсіп қалатын шығар деп  БЖТ-ны бұрыннан төлеп келген жүз мыңдаған адамның өтінішін ұстап отырмыз. Мүмкін сіз сияқты жаңылысқан адамдардың БЖТ-сы 1-2 күнде келіп қалатын шығар деп қалғандарын ұстап тұрмыз. Себебі, бәрін бір тексеруіміз керек. Сондықтан, бірінші БЖТ-ны төлеп, бір тәуліктен кейін өтініш бергендеріңіз дұрыс болар еді", – деді ол. 

Біржан Нұрымбетов табысынан айырылған адамдарға сәуір айының қалған күндері үшін неше теңге төленетінін де айтты.

"42 500 теңгенің өзіне тоқталайық. Кейбіреулер сұрап жатыр. "Төтенше жағдай созылуына байланысты екінші айға БЖТ төлейміз бе, тағы да өтініш жазу керек пе" деп жатыр. Жоқ. Сізге бір рет тағайындалса, екінші рет өтініш берудің қажет жоқ. Сіз тіркелдіңіз, біз сізге төлем аудардық, сізді білеміз деген сөз. Төтенше жағдай созылса, келесі айда сізге айтпай-ақ өзіміз аударамыз. Төтенше жағдай мамырға дейін созылуына байланысты сұрақтар болып жатыр. Бірінші ай 16 наурыздан 15 сәуірге жарияланды. Ол айға 42 500 теңге төленді. Енді жарты айға соның жартысын төлейсіздер ме деп сұрайды. Жоқ. Бұл төлем – ерекше төлем. Төлемді бір күнге немесе жарты айға бөлмейміз. Толығымен  42 500 теңге төленеді. Ол күніне саналмайды. Мысалы, төтенше жағдай кезеңін 5 күнге созғанның өзінде 42 500 теңге толық төлейтін едік", – деді министр онлайн-брифинг барысында. 

Бір үйден неше адам өтініш бере алады?

42 500 теңгені бір үйден неше адам алады? Министр бұл сұраққа да жауап берді.

"42 500 теңге бір үйден 3-4 адам өтініш берсе, оны тексересіздер ме деп сұраушылар бар. Бұл жерде адам санына қарамаймыз. Егер сол семьядағы 3-4 адам ресми немесе бейресми жұмыс істеп, ақша тауып жүрген болса, төтенше жағдай кезінде сол табыстарынан айырылып қалса, адам санына қарамаймыз. Бәрі сәйкес келіп тұрса, бір семьядан 3-4 адам алам десе, алады. Ең бастысы біздің талаптарға сай келсе болды", – деді ведомстов басшысы. 

Министрдің айтуынша, кейбір зейнеткерлер мен жәрдемақы алушыларға да 42 500 теңге төленуі мүмкін.

"Егер де зейнеткер немесе мемлекеттік жәрдемақы алып жүргендер, көпбалалы немесе мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар төтенше жағдайға дейін ресми түрде жұмыс істеген болса немесе төтенше жағдайға дейін бірыңғай жиынтық төлем аударса, қазір ол табысын жоғалтса, біз оны ескереміз. Иә, зейнетақы мен жәрдемақы жетпегендіктен, қосымша табыс тауып жүрген шығарсыз. Сіздерге 42  500 теңге төленеді. Ол үшін өтініш бересіздер. Ештеңе қосымша төлемеңіздер. Төтенше жағдайға дейін төлеп қойған болсаңыз, біз оны көреміз. Жасыңызға қарамай, жәрдемақы алып жатқаныңызға қарамай, төтенше жағдайға жұмыс істеп жүргеніңіз расталып тұрғандықтан, сіздерге төлем береміз. Ал енді ресми төтенше жағдайға дейін жұмыс істемеген болсаңыз. ресми жұмыс істегендей болайын деп, БЖТ аударып әуре болмай-ақ қойыңыздар", – деген министр АӘК алатын азаматтарға мұндай талап қойылмайтынын атап өтті.

Ал есепшот ашып үлгермегендер үшін жаңа сервис іске  қосылды.

"42 500 теңге тағайындау кезінде кейбір адамдардың жеке есепшоты болады. Дер кезінде осы мәселені шешкенбіз. Есепшотыңыз жоқ екен дейік. Бірақ  өтініш беріп үлгеру керек. Өтінішті толтырған кезде ол терезені аттап өтесіз. Біз өтініш негізінде 42 500 теңгені тағайындап қоямыз. Кейін есепшотыңызды  бір айға дейін күтеміз. Сол тәртіп әлі жұмыс істеп тұр. Ал енді бір ай ішінде есепшот ашылғанын қалай білеміз? Қазір арнайы сервис қосылды.  Есепшот ашпай өтініш берген болсаңыз, біз 3 күн сайын "Шотыңызды аштыңыз ба" деген сауалмен SMS жіберіп отырамыз.  Есепшотыңыз ашылғанда жаңағы SMS келген адресатқа ақпарат жолдайсыз. Сізден жауап келгенше 3 күн сайын осы тәсілмен сұрай береміз", – деді министр. 

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу