"Біздің жолдардың жауы – Қытайдың жүк көліктері"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
6794

Қазақстан жолдары біліктері 10 тоннаға дейінгі жүкті ғана көтере алатын көліктерге арналған.

"Біздің жолдардың жауы – Қытайдың жүк көліктері" Фото: ekaraganda.kz

Жұмсалған қаржы мен уақытты есептесек, ел аумағындағы автокөлік жолдарының толықтай жаңаланатындай уақыты болды. Бірақ, біздегі жолдар мерзімінен бұрын бұзылып қалады. Көлік комитетінің төрағасы Самат Ғилымовтың айтуынша, біздің жолдардың жауы – Қытайда құрастырылған жүк көліктері. Қытайдың карьерлерге арналған "самосвалдары" отандық жолдарды тоздырып келеді.

"Қытайдың жүк көліктері жол құрылысында да пайдаланылады. Олардың жол салуға үлес қосқанын қайтейік, жаңа жолды құртатын да өздері. Бүгінде ел аумағында 400 мыңнан астам жүк көлігі бар. Оның 55 мыңы "самосвалдар". Жолдарды тоздыратындар да осылар", – дейді Самат Ғилымов.

"Самосвалдардың" дені карьерлерге арналған. Қазақстан аумағында 2 мыңнан астам карьер бар. Заңмен бекітілген талапқа сәйкес, карьерлерде бақылау-өткізу пункті, карьерден шығатын және келетін жүктің салмағын есепке алатын өлшеу құрылғысы, басқа да жабдықтар міндетті түрде болуы керек. Олар тауарлық-көліктік жүк құжатын беруге де міндетті. Алайда қазіргі таңда карьерлердің тек 5 пайызында ғана өлшеу құрылғысы бар екен.

2018 жылдың қорытындысы бойынша тауарлық-көліктік жүк құжатынсыз жүрген 5 700 жүк тасымалдаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы 188 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.

"Біздің жолдарды ірі габаритті жүк көліктері бұзады. Мұндай көліктер көбінесе Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Алматы, Ақмола, Павлодар және Қарағанды облыстарының аумағында көп жүреді. Көп жағдайда мұндай техникалармен қиыршық тас, құм, көмір және құрылыс материалдарын тасымалдайды. Өкінішке қарай, ірі жүк көліктері заңды белшесінен басып отыр. Соның салдарынан республикалық маңыздағы автокөлік жолдары уақытынан бұрын бұзылып, істен шығады", – дейді "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының басқарма төрағасының орынбасары Арман Жүсіпов.

"Қазжол" ғылыми-зерттеу институтының президенті Бағдат Телтаевтың сөзінше, Қазақстан жолдарының үштен екісі, яғни 67 пайызы біліктері (ось) 10 тоннаға дейінгі жүкті көтере алатын көліктерге арналған. Егер бұдан артық жүк түсетін болса, жол уақытынан бұрын бұзылады.

"Мәселен, көліктің бір ғана білігі 15 тонна жүкпен жүріп өтсе, бұл алты бірдей автокөліктің өткенімен бірдей. Көп жағдайда бұл норма сақталмайды. Еліміз Тәуелсіздік алған уақытта бізге кеңес одағының ескі жолдары мұраға қалды. 27 жыл бойы қыруар қаржы жол құрылысына бөлініп келеді. Егер біз жолдың жүктемесін нормаға сәйкестендіріп, қадағаламасақ, жақын уақытта жолсыз қалуымыз әбден мүмкін", – дейді Бағдат Телтаев.

Оның дерегінше, Еуропа елдерінің барлығы дерлік 10 тонналық норманы қабылдаған. Яғни, жолдары біліктері 10 тоннаға дейінгі жүкті ғана көтеретін көліктерге арналған.

"Ал АҚШ-тағы бұл норма 8,2 тоннаны құрайды. Демек, АҚШ жолдың қымбат тұратынын, оны жөндеуге көп уақыт керек екенін білгендіктен, осындай қадамға барып отыр. Бұл жағдай бізді де ойландыруға тиіс", – дейді "Қазжол" ғылыми-зерттеу институтының президенті.

Еске сала кетейік, бүгінде еліміздің бес облысындағы республикалық жолдарда жүктің көлемін есепке алатын 12 арнайы өлшеу құрылғысы орнатылған. Бұл құрылғылар автоматты режимде жұмыс істейді. Сол себепті жүктің көлемі туралы ақпарат бірден ситуциялық орталыққа жіберіліп отырады. Сонымен қатар, 3 стационарлық бақылау бекеті мен 48 жылжымалы бекет бар. Көлікті бақылау органдары 2018 жылы 12 515 "самосвалды" тексеріп, оның 4 384-і заң бұзғанын анықтады. Оларға 321 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.

"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының басқарма төрағасының орынбасары Арман Жүсіповтің сөзінше, биыл 533 шақырым жол пайдалануға берілмек. Атап айтқанда, Астана-Павлодар жолының 161 шақырымы, Павлодар-Қалбатау жолының 97 шақырымы, Бейнеу-Ақжігіт жолының 85 шақырымы, Щучья-Зеренді жолының 80 шақырымы, Теміртау-Қарағанды жолының 61 шақырымы, Петропавл-Қорған жолының 29 шақырымы іске қосылады.

Биыл жолдарды жөндеуге 54,4 млрд теңге, сондай-ақ жолдарды күтіп ұстауға 26,1 млрд теңге бөлінген.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу